Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тынымсыз еңбектің ордасы

Тынымсыз еңбектің ордасы

Аудан орталығынан шалғайда орналасқан кез келген ауылда дәрігер мен медицина мамандары болатыны жасырын емес. Күн-түн деместен, әрбір тұрғынның жанынан табылатын ақ халатты абзал жандар дімкәс жанға алғашқы көмек көрсетуге тырысады. Бесарық ауылындағы дәрігерлік амбулатория ұжымының әрбір мүшесі қызметіне адалдық танытып, жергілікті жердегі медицинаны дамытуға күш салады.

Бесарық ауылына сапар барысын­да жыл бойы атқарылған жұмыстар, еңбек адамы, кәсіпкерлік саласымен қатар, медицина қызметкерлерінің жұмысын зерделеуге көңіл бөлдік. Тілшілік қызметтегі сапарымыз жетінші ауылға түскенде жайдарлы мінезді, салмақты ойымен даралана алатын дәрігерге кезіккен едім. Ол – Гүлайым Жәнібекқызы. Бірнеше жыл бойы бесарықтық ағайынның отының басынан табылып, жанға шипа дарытқан дәрігер қай кезде де өзінің біліміне сенеді. Тәжірбесіне үнемі сүйенетін Гү­л­­айым Ибрагимова же­­текшілік ететін дә­рігерлік ам­бу­­ла­торияның ғимараты 2014 жылы жаңадан пай­далануға берілген. Ауылдағы іргелі мекемеде 12 маман мен қызметкер жұмыс жасайды. Анығын айтқанда, онда 1 дәрігер, 1 акушерка, 1 зертханашы, 1 химизатор, 4 учаскелік медбике, 2 кіші буын қызметкері, 1 қарауыл, 1 жүргізуші өз қызметтерін атқаруда.

– Медицина – адамның денсау­лығын сақтау, көптеген аурудың алдын алу, оларды ерте анықтап, тиімді емдеу мен оңалту іс-шарасын қамтитын кең ауқымды сала. Ауқымды салада абыроймен қызмет еткенімізге дән ризамыз. Кез келген медицина маманы науқастың жасы, жынысы немесе диагнозына қарамастан алғашқы медициналық көмек көрсетіп, кез келген жағдайда адам өмірін арашалап қалады. Бұл ретте дәрігерлік амбулаторияда сала мамандары дертке шипа дарытып, өздеріне жүктелген мін­детке жауапкершілікпен қарайды. Ауыр да қиын салада еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан жандар қатарында Ханым Нұрсейітова, Айжан Жа­қыпова, Қар­лығаш Қара­таева Кеңескүл Кен­шімбаева, Жан­гелбай Бакиров, Күнсұлу Қай­ран­баева бар. Олар­дың ауыл ме­ди­цинасының ілгері басуына қосқан үлесі айтарлықтай, – дейді Гүлайым Жәнібекқызы.

Өткен жылы Бес­арық ауылында 42 бала дүниеге келген. Елжас Өтеген мен Сымбат Қараманованың шаңырағында егіз қыздың іңгәлаған дауысы естілді. Жалпы мерзімді уақытта 1500 адам дәрігер бақылауында болса, 220 адам тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған. Айта кетейік, былтыр дәрігерлік амбулатория ұжымына жаңа сани­тарлық автокөлік кілті табыстады. Туу жасындағы 365 қыз-келіншек әрқашан дәрігер бақылауында болады.

– Денсаулық сақтау саласын цифр­­ландыру, алғашқы медициналық көмекті жетілдіру және отбасылық дәрігер институтын дамыту – басты міндеттің қатарында. Бұл өзгерістер ауылдық жерлерде де сапалы меди­циналық көмекке қолжетімділікті арттыруды көздейді. Бірнеше жылдан бері тұрғындармен байланыс орната білген біз саламатты өмір салтын қалыптастыруда жүйелі жұмыс жасауға тырыстық. Күнделікті дәрігер қабылдауына келген науқастарды емдеуге, сырқаты бойынша кеңес беруге, асқынған жағдайда орталық ауруханаға жолдауға мүдделіміз. «Ауру кірді – әлек кірді» деген халық арасында тәмсіл бар. Басымызға әлек кірмеу үшін дәрігер айтқан ескертпемен жұмыс жасаған жөн. Ұжымның қашанда халық үшін еткен еңбегі зая кетпейтінін сеземіз, – дейді білікті дәрігер.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

29 шілде 2025 ж. 247 0