Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдария ауданының Құрметті азаматы Сейтмұрат Ембергеновке арналған көрме ұйымдастырылды

Сырдария ауданының Құрметті азаматы Сейтмұрат Ембергеновке арналған көрме ұйымдастырылды

«Руханият» орталығындағы Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінде ақын, мәдениеттанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Сырдария ауданының Құрметті азаматы Сейтмұрат Ембергеновке арналған көрме ұйымдастырылды.

Көрмеде ақынның жеке заттары — жазу машинкасы, өзі жасаған ағаш бұйымдары (кескіндеме, қобдиша), суреттері мен шығармашылық мұрасы таныстырылды.

Сонымен қатар көрмеге ақынның ұлы, белгілі суретші Шахмұрат Сейтмұратовтың картиналары да қойылды.

Іс-шараға елге еңбегі сіңген тұлғалар – қоғам қайраткері Әріп Хожбанов, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер мен ақын ұрпақтары қатысты.

Сейтмұрат Сейтжанұлы Ембергенов 1931 жылы 7 сәуірде А. Тоқмағанбетов аулында дүниеге келген. 1949 жылы Қызылордадағы педагогикалық училищесін, 1959 жылы пединституттың химия-биология факультетін бітірген. Ол облыстағы озат оқытушылардың бірі ретінде 1960 жылы Қазақстан мұғалімдерінің ІІІ съезіне делегат болып қатысқан, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. 1964-1969 жылдары аудандық партия комитетінде саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, 1969-1981 жылдары аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, 1982-1990 жылдары осы саланың жетекші маманы ретінде еңбек етіп, 1990 жылы аудандық тарихи-өлкетану мұражайын ұйымдастыруға шақырылып, онда 1997 жылға дейін істеді. В. И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына байланысты шыққан «Еңбектегі ерлігі үшін», «Қазақстанның 10 жылдығы», «Жеңістің 60 жылдығы»[ медальдарымен, Президенттің облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған.
2008 жылдың желтоқсан айында дүние салды.

28 шілде 2025 ж. 143 0