Бүгінгі жоспар – ертеңгі болашағым

Бала күнінен спортқа жақын болған ол ағасымен бірге түрлі спорт секциясына қатысып, өзін шыңдаған. «Спортта төзім мен тұрақтылық керек» деген кейіпкеріміз бүгінде көпшілікке арман болған сұлу мүсінге қол жеткізу бойынша көпшілікке кеңес береді. Яғни ол – фитнес бапкері.
Жалпы айтқанда саламатты өмір салтын ұстану тек сұлулық үшін ғана емес, денсаулықтың кепілі екені анық. Адам тұрақты түрде спортпен шұғылданса, денесіне күтім жасаса, өзін жеңіл сезінетіні сөзсіз. Сондай-ақ спорт өмір жасын ұзартуға, ерте қартаюдың алдын алуға бағыттайды. Осы ретте Шадияр облыс орталығындағы белгілі спорт орталығының бапкері.
– Жақсы физикалық форма – бұл әдемі мүсін ғана емес, бұл – сау ағза, денсаулық. Спорттың адам денсаулығына пайдасын айтпасақ та белгілі. Бұл сыртқы келбетті жақсарту үшін ғана емес, сергек жүруге де үлкен көмек. Бірақ нәтижеге қол жеткізу барлығына бірдей мүмкін болмайды. Себебі қызығушылық болғанымен, көп адамда тұрақтылық, ерік-жігер аз. Осы ретте әр күнді жоспарлап әрі оны жүзеге асырудың маңызы зор. Спортпен шұғылданған адамның өз-өзіне деген сенімділігі арта түседі. Бұл жерде спортпен бірге дұрыс тамақтанудың да маңызы зор. «Ауру – астан» дейді ғой қазақ. Сол айтпақшы барлығы жүйелі түрде жүзеге асқанда нәтижеге қол жеткізу оңай. Айтпақшы, ер адам мен әйел адамды жаттықтырудың бөлек әдісі, бағдарламасы бар, – дейді білікті бапкер.
Кейіпкеріміздің жасы – 25-те. Аудандағы №210 Оспан Әбілпаттаев атындағы мектепте тәлім алған. Бала кезінен спортты жанына серік етіп, күрес, боксқа қатысқан. Содан өзін жетілдіріп, өмірлік кәсібін осы өзіне ұнамды саламен байланыстырған. «Отанды қорғау – әр азаматтың парызы» деп білетін ол Қарағанды қаласында әскер қатарында да болған. Әскерге бару ер-азамат үшін міндет әрі шыңдалу ортасы екенін тілге тиек еткен Шадияр замандастарын әскери өмірден жалтармауға шақырады.
– Нәтижеге жету үшін өзіңе сенімді бол. Мен ешкімге еліктемеймін. Қарапайымдылықты өмірімнің мәні еткем. Өзімді дамытамын, жоспармен жүремін. Бүгін қағазға түскен жоспар ертеңгі күні менің өміріме айналуы тиіс. Мен өзімді әркез шыңдап отырамын. Бір күн де босаңсуға болмайды. Көп кітап оқимын. Алдағы уақытта өзімнің жеке жаттығу залдарымды ашсам деген арманым бар. Облыс орталығынан да, ауданнан, тіпті ауылдардан да ашу арманым. Бір жағынан кәсіп және көпшіліктің саламатты өмір салтын қалыптастыруға себепкер боламын. Спорттық дүкендер ашуды да болашақтағы мақсаттарымның тізіміне қостым. Адамда шынайы көңіл қалауы болса, бәрі оңай. Осындай өмір салтының арқасында армандаған көлігіме қол жеткіздім, қалаған кәсібімнің алғашқы қадамдары да жасалып жатыр, – дейді кейіпкеріміз.
Жас та болса үлкен жетістіктерге жетіп жүрген Шадиярдың «кітапты көп оқимын» деуі көңілімізге қонымды болып, сол тұсты анықтай сұрадық. Жалынды жас спортқа, кәсіпке, мотивацияға байланысты кітаптармен дос екенін айтты. Әрине, білім алу, ұдайы даму – үлкен жетістіктердің алғашқы баспалдағы. Бүгінге дейін 200-ден астам адамға бағыт беріп, олардың арманына қол жеткізуіне, өмірін өзгертуге үлес қосқан жас «Басты миссиям – адамдарға өз күшіне сенуді үйрету. Сыртқы өзгеріс – ішкі сенім мен тәртіптің жемісі» дейді.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ