Американың алмасы Тереңөзекте өседі

Биыл Жүсіпбек Тұрғанбаев Талғар қаласынан 25 түп алма ағашын әкеліп отырғызған. Бұған дейін ауласына егілген талғарлық алма ағашы 19 жыл бойы жеміс беріп тұр. Бір қызығы Жүсіпбек бағбан америкалық алманың сортын егіп, мол өнім алуға ниетті. Біреуі 10-15 келі келетін қауынның шығымы жақсы екені байқалады. Ал Жүсіпбек еккен қиярды көпшілік кезекке тұрып алады. Сәбіз бен пияздың шығымы жақсы болғандықтан, өнімі келер жылдың наурыз айына дейін жеткілікті болады екен.
– Жерден мол өнім алу үшін тынымсыз еңбек керек. Білген адамға бақша өнімдерін егуге күш-қайрат керек. Өзім 60 жасқа келгенше, бақша егуді айрықша қалап тұрамын. Аядай ғана жерді баптап, ұдайы арам шөптен арылтып, көкөністің шығымын арттырамын. Көктемде 40 ұя қауын, қызанақ, қияр, болгар бұрышы секілді көкөністі ектім. Қазіргі уақытта көпшілік бақша егуге ерінеді. Қиындығынан қашып, сатып алуды жөн көреді. Расында, есіктің алдынан үзіп жегенге жетпейді. Қыстың қамын жазда ойлайтын көршілерім қиярымды сұраныспен алады, – дейді Жүсіпбек Тұрғанбаев.
Бақшалық жер – ауыл адамдары үшін табыс пен тіршіліктің тұрағы. Егін егу – үлкен еңбек. Жерді жыртып, тұқым сеуіп, суарып, арам шөбін отап, баптау – маңдай тер мен төзімділікті талап етеді. Бірақ бұл еңбек босқа кетпейді. «Еңбегің кетпесін десең, жерге ек» деген мақал бекер айтылмаған. Біздің кейіпкерімізде осы қағиданы ұстанады. Еңбекпен есейген адам қай кезде де адал кәсібінен қол үзбейді. Үнемі іс-қимылымен, табанды әрекетімен бақшалық өнімді мол мөлшерде алатын еңбексүйгіш азамат гектарлап картоп егуге де үйреніскен.
– Бақшалық жер мен егіншілік – әкелерімізден келе жатқан берекелі кәсіп. Ол – бір жағынан адал еңбек, екінші жағынан табиғатпен үндес тіршілік салты. Жерге махаббатпен қарап, оған қамқор болған адам ешқашан тарықпайды. «Жер жомарт, еңбек – береке» екенін ұмытпайық. Бойымызда күш-қуатымыз тұрғанда ата кәсіптен арылғым келмейді, – дейді бағбан.
Б.ОРДАБЕКОВ