Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 53 газет

19 шілде 2025 ж.

№ 52 газет

15 шілде 2025 ж.

№ 51 газет

12 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Жаңғақ ағашын баптаған Пазылхан

Жаңғақ ағашын баптаған Пазылхан

Тереңөзек кентіне қарасты Бауыржан Момышұлы көшесінің тұрғыны Пазылхан Пірназаров үйінің ауласын жасыл желекке айналдырғанына 35 жылға жуықтаған. «Майжарма» каналының етегінде тұратын еңбекқор жан әр жылдары сан түрлі тал егіп, меншігіндегі 40 сотық жерді көркейтумен айналысады. Таңғы 05.00-ден бастап, қас қарайғанша бақшасынан шықпайтын азаматты басылым бетіне жазуды білім саласының ардагері Байырбек Әмірбеков ұсынған болатын. Осы күні 67 жасқа келген Пазылхан Уәлиханұлының үйіне барып, аз-кем дидарластық.

Пазылхан Уәлиханұлының аула­сын­дағы терек ағашының биіктігі 35-40 метрді құрайды. Алғаш қазіргі тұрақ жайына көшіп келген уақытта терек талын егуге қызығушылығы оянады. Бір жағынан күн көзінен қорғайтын көлеңке, екінші жағынан желдің өтінен қорғайтын қорғанға айналған талдың көркі ерекше. Үлкен еңбекті қажет ететін машақаты көп жұмысты өзінің сүйікті ісіне айналдырған Пазылхан нағыз бағбанға айналған.

– Жас кезімнен әкеміз сатып алған шаңырақты ұстап қалуға тырыстым. Ауа райының қолайсыздығы салдарынан талай уақыт желдің, күннің аптап ыстығының салдарын көріп келеміз. Барлығын ойластыра келе, терек аға­шын егуге дағдыландым. Біз тұрып жатқан үйдің ауласы кәдімгі шеге құм екені мәлім. Сондықтан жердің құнарын арттыру үшін сан түрлі амалға барамын. Жерді өңдеудің көптеген технологиясын меңгеріп, әдіс-тәсілін сәтті орындап келемін, – деді бағбан.

Қазіргі уақытта ардагердің ауласында бірнеше жеміс ағашы өсіп тұр. Мәселен, жаңғақ, шабдалы, алша, алмұрт, алма, сары өрік, шие, жүзім, құрма секілді бірнеше жеміс ағашының жайқалып тұрғанын байқайсыз. Алманың апортынан бас­тап, бірнеше сұрыпы көздің жауын алады. Алмұрттың 2-3 түрін, жүзімнің 5 түрін, өзге де жемістердің бірнеше сұ­рыпын кө­шеттеп отырғызған. Жеміс ағаштарының жазда және күз­де өнім бере­тініне аса мән берген.

– Бұрын жұ­мыс жасап жүрген кезімде жеміс ағаш­тарына көп көңіл бөл­мейтін едім. Бүгінде зейнет демалысындағы мен үшін жеміс ағашын отырғызу – кәсібилік деңгейге көтерілді. Алма ағашы 4-5 жылда жақсы өнім береді. Өзім мал бағумен айналысатын болғандықтан, көңді тыңайтқышқа айналдырамын. Жеміс ағашының бұталарын кесіп, адам бойы жететіндей қылып қиямыз. Күнделікті жеміс ағашына арналған дәрумендер дайындап, түбіне құйып отырамын. Жеміс ағашы да ауырады. Оны емдейтін дәрі-дәрмек болады. Уақытылы қаралып, суғарылып, дәруменге бай болған ағаш жемісті мол береді. Күн салқындаған уақытта өнім беретін жеміс ағаштарын үнемі бақылауда ұстаймын. Күні бойы бақ ішінде жүрген кезімде уақыттың қалай өткенін білмей қаламын. Көктем, жаз, күзде жеміс ағашын баптаумен айналысу арқылы сүйікті ісімнен айрықша демалыс аламын. Алдағы уақытта шабдалы мен алша, жаңғақ, құрма секілді жеміс ағаштарының жайқалып өсуіне күш саламын. Барлығына белгілі, шеге құмға жеміс ағашын шығару – қиынның-қиыны. Сондықтан жердің құнарын жақсартатын құрттар бізге көмекке келеді. Құнарлы жердің сапасын ұстап тұратын көптеген дәрумен қоры жеткілікті, – дейді Пазылхан Уәлиханұлы.

                                

Өз кезегінде Пазылхан бағбан көкөніс еккен бау-бақшалық жерін көрсетті. Мұнда еңбекқор азамат қызанақ, асқабақ,
қияр, болгар бұрышы секілді бірнеше көкөністі еккен.

– Пазылханның еңбекке біртабан жақын екенін жақсы білемін. «Ағаш ексең – аялап ек, жемісін жейсің ертеңдеп» деген ұстанымды ұстанатын бағбанның қолы тиген жер көркейіп шығады. Оның терегі мен жеміс ағашы қаншама жылдық еңбектің нәтижесі деп білемін. Мұндай азаматтардың есімін көпшілікке таныстыру, еткен ісін дәріптеу – негізгі парызымыз, – дейді Байырбек Әмірбеков.

Пазылхан Уәлиханұлы жеміс ағашын отырғызудан бөлек, жыл­қы баптап, ірі қараның күтіміне жауап­кершілікпен қарайды. Тауық пен үйрек асырап, құс шаруашылығына аса мән береді.

Б.ОРДАБЕКОВ

19 шілде 2025 ж. 174 0