Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 53 газет

19 шілде 2025 ж.

№ 52 газет

15 шілде 2025 ж.

№ 51 газет

12 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Су – табиғат тынысы

Су – табиғат тынысы

Тіршілік нәрі, молшылық көзі саналатын су – өмірдің күретамыры. Сусыз өмір сүру мүмкін емес. Судың да сұрауы бар.

«Дамыған елдердің тұр­ғын­дары әр нәр­сенің қадірін біледі. Үнем­шілдік олардың өмір салтына айналған. Тіпті, су мен жылуды ысырап етпеуді балаларға жастайынан үйретеді. Біздің азаматтарымыз да осындай үнемшіл болуы керек. Әсіресе, суды үнемдеп тұтынуымыз керек. Мен су тапшылығының артып жатқанын ұдайы айтып жүрмін. Сарапшылардың пайымдауынша, 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады. Қазақстан 2050 жылға қарай «суға өте мұқтаж» елдердің санатына кіруі мүмкін» деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл – дабыл қағатын мәселе.

Осы орайда суды тиімді пайдалану жұмыстары басты назарда екенін атап өту орынды. Апта ағымында ҚР Премьер-министрі О.Бектеновтің төрағалығымен Су мәселелері бойынша кеңес отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов және облыстық басқарма, су шаруа­шылығы мекемелерінің басшылары селекторлық режим арқылы қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – вегетациялық кезеңнің өтуі талқыланды.

Айта кетейік, биыл облыста 189,4 мың гектар жерге ауыл шар­уа­шылығы дақылдары егілген. Ағым­дағы жылы ве­гетациялық кезең күрделі жағдайда өтуде. Егісті сумен қамтамасыз етуге 3 млрд 900 млн текше метр су лимиті бекітілген. Бүгінгі күні вегетациялық кезең басталғалы бері Сырдария өзенінен 2,5 млрд текше метр су алынып, оның 2 млрд текше метрі егістікке берілді. Қазіргі таңда Сырдарияға жоғарыдан секундына 401 текше метр су түсуде. Каналдар арқылы шаруашылықтарға 453,9 тек­ше метр су жеткізілуі тиіс болса, нақты 340,5 текше метр алынуда.

Суды тиімді пайдалану мақсатында тиісті министрліктермен бірлесіп, бір­қатар шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайдалану бағытында облыс­та 238 дана насос қондырғылары жұмыс жасауда. Оның ішінде, 25 дана насос қондырғылары Төтенше жағдайлар министрлігімен қолдау ретінде жеткізілді. Қалыптасқан жағ­дайды ескере отырып, облыс бойынша арнайы жұмысшы топтар құрылып, шаруашылық құрылымдар арасында кеңінен түсіндірме жұмыс­тары жүргізілуде. Магистралді және шаруашылықаралық каналдармен суды кезектестіріп беру кестесі бекітіліп, су кестеге сәйкес жіберілуде. Жалпы су үнемдеу бағытында 60 мың гектар күріш алқабы лазерлік тегістеліп, су үнемдеу технологияларын қолдану көрсеткіші 8,1 мың гектарға дейін артып, екі есеге ұлғайған.

Ал аудандағы ахуалға тоқталар болсақ, биыл 35 899 гектарға егін егілген. Оның ішінде, күріш 22704, жаздық бидай 2000, арпа 40, мақсары 600, жаңа жоңышқа 2200, картоп 145, көкөніс 240, бақша 420, ескі жоңышқа 7400 гектарды құрап отыр. «Қазсушар» РМК облыстық филиалымен шаруа қожалықтары суға келісім шартқа отырған. Ауданда барлығы 81 дана насос қондырғысы бар. Оның ішінде, шаруашылықтар егінге 34 дана насосты пайдалануда. «Қазсушар» РМК-да 13 дана, оның 11-і қашыртқылар бойына орна­тылған. Ауылдық округтерде 33 дана насос аяқсумен қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп тұр.

«Сырдариясушар» өндірістік учас­кесі жоспары бойынша мау­сымдық кезеңде көрсетілген егіс көлеміне су алу көзінен барлығы 820 млн текше метр су бөлінген. Сондай-ақ экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында 300 млн текше метр су көлемі жоспарланған. Белгіленген су көлемі маусымдық жұмыстарға сай шабындық, жайылымдық жерлерге жеткізілуде.

Су – тіршілік көзі болса, дария бойын жағалай қоныстанған біздің халық үшін судың да, су шаруашылығының да маңызы зор. Негізінен, сушылар жұмысының қы­за­тын кезі жаз мезгілі десек, бұл уақыттағы шаруаның егінмен тікелей байланысты екені түсінікті. Десек те, егін уақыты аяқталған соң жұмыс бітеді деген сөз емес. Күз айларында келесі жылы егінге суды кедергісіз жеткізу үшін су жолдарын жөндеу мақсатында күрделі, ағымдағы жөн­деу жұмыстары жүргізіледі. Ал қыста дарияға мұз қатады. Жұмыстың ауы­ры сол кезде басталады. Қыс бойы мұздың жарылуы немесе басқа апаттық жағдайларды болдырмау үшін сала мамандары күндіз-түні бақылау-қадағалау жұмыстарын жүргі­зеді.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Ашық дереккөзден

19 шілде 2025 ж. 138 0