Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Суды үнемдеу – өз қолымызда

Суды үнемдеу – өз қолымызда

Су – тіршілік көзі. Бұл дегеніміз ауа адамға, жануарлар мен өсімдіктерге қалай қажет болса, су да сондай аса қажет. Сусыз өмір тоқтайды. Елестетіп көріңізші бір күн бойы су ішпей жүруге шыдар ма едіңіз? Әрине, жоқ. Менің өзім күнделікті ішетін суымның көлемі кейде 1,5 литрге дейін жетеді.

Жаздың күні одан да көп іше­мін. Бұл дегеніміз адам ағзасы суды қажет етеді деген сөз. Ал мұнан басқа адам күнделікті тіршілігінде тамақ пісіргенде, кір жуғанда, суға түскенде қанша таза суды пайдаланатынын ойласаңыз, жүздеген литр суды адам күнделікті пайдаланатыны анық.

Біздің ауданда таза су күні-түні тоқтаусыз беріледі. Ал бұрын таза суды ата-анамыз көшедегі краннан тасып ішкен. Су күніне небәрі 2-3 сағатқа ғана берілетін болған. Бізге бұл ертегі секілді. Себебі қазір адамдарға жасалған жағдай судың тапшылығын сезіндірмеуде. Бірақ кейде үйдегі краннан ағатын су тоқтап қалады. Сонда жағдайдың қаншалықты қиын екенін біліп, судың берілуін асыға күтеміз. Сусыз ештеңе істей алмаймыз.

Қарапайым жағдай, біз үйде тұтынатын ауыз суды кейде өте көп мөлшерде пайдаланамыз. Краннан ағып жатқан судың қайдан келіп жатқанына мән бермей босқа ағызып қоятын кезіміз де болады. Осындайда үйде ата-анамыз судың да сұрауы болатынын айтып, дереу судың шүмегін бұрап жауып қояды. Таза суды үнемдеуді барлық адам үйренсе, жер астынан келетін табиғи қордың ұзақ уақытқа жетуіне мүмкіндігі болады.

Бірде кішкентай қарындасым тісін тазалау үшін жуынатын бөлмеде ұзақ тұрды. Шыдамсызданып, жанына барғанымда краннан аққан суды қызық көріп, ойнап тұр екен. Мен дереу суды жауып, олай етуге болмайтынын айттым. Тісті тазалап тұрғанда ағып жатқан суды тоқтатып қойса, қанша таза су үнемделетінін түсіндірдім. Біздің үйде таза суды үнемдеуге бәрі де машықтанған. Таза су келетін құбырдың тұсындағы есептегіш құрал қанша суды пайдаланғанымызды есептеп тұрады.


Меніңше су үнемдеуді барлық адам үйренуі керек. Сонда ғана судың қорын жасап жатқан ағалар да қуанып, таза судың әлі ұзаққа жететініне сенімді болады.

Асылжан АМАНҚОС,
№35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейінің 4 «а» сынып оқушысы
Фото: ашық дереккөзден
01 маусым 2024 ж. 184 0