Мария

– Түсінікті. Тамақ ішесің бе? Әлде ата-анаңның үйінен тамақтандың ба? – деп мен дереу орнымнан тұрып, ас әзірлеуге кіріспек болдым.
– Уайымдама, тамақтандым, Маша. Одан да екеуміз фильм көрейік те, ұйықтайық. Қатты шаршадым.
Біз Женямен екі жыл бұрын үйлендік. Той алдында болашақ жұбайым өз ата-анасымен таныстырды. Атам керемет жан екен, өзінің соншалық байлығына қарамастан өте қарапайым еді. Автобөлшектер сататын фирмасы болса да, байлығымен мақтануды құп көрмейтін. Қарапайымдылығынан айнымаған атам мені бір көргеннен ұнатты, ол мені баласы таңдаған адам ретінде қабылдап, құрметтеді. Ал енеммен қарым-қатынасымыз дұрыс болмады. Марина Геннадьевна мені екінші сортты адам деп санады.
Енем бір кездері өзі де алыстағы кішкентай қаладан келіп, жетістікке жетіп үлгерген жігітті кездестіріп, тұрмысқа шыққанына қарамастан, маған жылы қабақ таныта қоймады. Женяның әкесі Сергей Ивановичтің бизнеске деген қабілеті мықты еді, ақша магнит тәрізді оның қолына өзі келетін. Есепшотына күн сайын миллиондаған қаржы түсетін, бұл қаржы оның отбасына толық жеткілікті еді. Ал енем өзінің сүйікті ісі арқылы ақша тапты. Экзотикалық гүл егумен айналысып, жұбайы салып берген шағын дүкенінде өз бизнесін жүргізді. Бірақ енемнің тапқан қаржысы Сергей Ивановичтің бизнесі әкелетін табыспен салыстыруға келмейтіндіктен мүлдем жұмыс істемесе де болатын.
Ал мен болсам қарапайым отбасынан шыққанмын, ауылданмын. Анам – ауылдағы мектепте мұғалім, әкем болса агроном. Біз өте қарапайым тұрдық. Бірақ ата-анам мен үшін барлығын жасады, үлкен қалаға оқуға жіберіп, оқуыма бар жағдайымды жасады. Мен өз біліміммен оқыдым, маған ешкім ақы төлеген жоқ. Жатақханада тұрдым, ал соңғы курста Женямен таныстым. Женя адамның байлығы мен табысына қарамайтын, тек жанын түсінетін, жақсыны көре білетін адам. Оған менің қарапайымдылығым ұнайтын, ол үнемі маған «сен жақсы адамсың» деп айтудан жалықпайтын.
Жұбайым атамның қоластында жұмыс істеді, оған серіктес болды. Жиырма алты жасында қымбат шетелдің автокөлігін мінді. Өз еңбегімен тапқан кең үш бөлмелі пәтері бар. Десе де ол әкесінің ақшасына сенген жалқау емес, нағыз еңбектің адамы еді. Әкесі талапшыл және өте қатал басшы, бірақ баласы бос жүруге дағдыланбағандықтан адал еңбек етті.
Біз көшеде балмұздаққа кезекте тұрғанда таныстық. Жаз мезгілінде көшеде сүйкімді фургондар тұратын, онда сыпайы сатушылар вафлиден жасалған ыдыстарға түрлі-түсті салқын, тәтті домалақтарды толтырып беретін. Келесі күні Женя мейрамханаға шақырды. Ақшамның аздығынан қатты қобалжыдым. Пиццериядағы қосымша жұмысым көп табыс әкелмейтін, тапқан ақшам киім-кешекке, азық-түлікке және азын-аулақ ата-анама жіберуге жететін. Ата-анам егде жастағы кісілер еді, мен жалғыз қыздары болғандықтан, оларға менен басқа қамқорлық көрсететін адам жоқ.
Әйел үшін ер адам төлейтін заман бұрын болған, ал қазір заман басқа, өзіміз жұмыс істеп, барлығына өзіміз төлеуіміз керек. Мейрамханадағы бағаларды көріп, тілімді жұтып қоя жаздадым. Онда салаттың өзі үш мыңнан кем емес екен. Жүзім қуарып кетті, қорыққаннан Женяға қарап қалдым:
– Мүмкін басқа жерге барармыз? Жолдың арғы бетінде кафе бар.
– Не болды? Бағасынан қорқып кеттің бе? Мен емес пе сені шақырған, сондықтан барлығын өзім төлеймін. Не тапсырыс бергің келеді, бере бер, уайымдама! – деп болашақ жұбайым мәселенің шешімін кесіп айтты.
Мен күлімдеп, жаным жай тапқандай болдым. Жеңіл салатқа және кокос сүті мен авокадоға малынған балыққа тапсырыс бердім. Барлығы сондай дәмді еді, әлемдегі барлық нәрсені ұмытқандай болдым, тек қарсы отырған жігіттің жанып тұрған көзіне қарадым да отырдым.
Жарты жылдан кейін Женя тұрмысқа шығуға ұсыныс жасады. «Оның анасымен түсінісу қалай болады» деген оймен біраз уақыт ойландым.
– Неге қорқасың? Неге сенімсіздік білдіресің? – деп ол менің ішкі уайымымды байқап, қолдау білдірді.
– Түсінесің бе, сендер өте бай адамсыңдар. Ал мен ауылдың қызымын. Мен сенің анаңа онша ұнамаймын, сондықтан мен үшін араларыңда түсініспеушілік туындамасын деген ой менде.
Күйеу жігіт күліп жіберді:
– Сен оған шықпайсың ғой, маған шығасың тұрмысқа. Менің ақшамның қатысы жоқ, мен сені жақсы көремін. Егер сен де мені жақсы көрсең, ештеңені ойыңа алма, келісім бер.
Мен келісімімді бердім. Мен оның байлығына тұрмысқа шықпадым ғой. Мұны Женя мен әкесі жақсы біледі. Ал енем... Ештеңе етпес, көп болса жиі кездесетін болармыз. Біз олардан бөлек тұрамыз, әркім өз өмірін сүреді деп өз-өзімді жұбатқандай болдым.
Той қарапайым өтті. Қарапайым болғанын мен қаладым. Егер мен керемет той қаласам Женя Үндістаннан гүлдермен әшекейленген пілдерді де әкелдірер еді. АХАЖ-ға барып қол қойдық, онда тек жұбайымның ата-анасы ғана болды. Кейін білгенімдей той алдында анасы Женяны шақырып алып, менен бас тарт деп өтініп, жылапты. Женя бірақ олай етпеді. Сол күні кешкісін мен оның пәтеріне заңды әйелі және сол үйдің иесі ретінде кірдім.
Женя бұл пәтерді бес жыл бұрын сатып алса да, онда жиһаз болмады. Тек ас бөлмесі заманауи, барлық қажетті заттармен жабдықталған екен. Ал жатын бөлмеде бір ғана диван тұрды. Басқа бөтен зат болмады. Жұбайымның үйіне көшіп келіп, отбасымыздың жайлылығы үшін пәтерімізді әдемілей бастадым. Жұмсақ кілем алып, диванға жастықтар қойдым, жатын бөлмеге түгелімен жаңа жиһаз қойдым. Алдын ала балалар бөлмесінің қалай болатынын ойлап, жоспарлап та қойдым.
Бойдақ жігіттің пәтері бірте-бірте жағдайы жасалған әп-әдемі үйге айнала бастады. Барлық жерден әйелдің қамқор қолы сезіліп тұрды. Мен күйеуімді және осы ұядай пәтерімізді жақсы көрдім. Себебі оның әрбір бұрышы менің талғамым бойынша жасалды. Женя менің қабілетімді мақтаудан шаршамады.
– Маша, сен сиқыршысың! Мен сезгенмін, бірақ сезу бөлек те, көзіңді жеткізу бөлек нәрсе екен! Менің ойыма мына кең бөлмелерден осындай әсемдікті жасауға болатыны келмепті. Мен жұмыстан келіп, осында демаламын. Рақмет, сүйіктім!
Мен ұялғанымнан көзімді төмен түсірдім. Оның менімен бақытты екеніне, ал мен онымен бақытты болғаныма қатты қуандым.
Енем біздікіне онша бас сұға бермейді, арасында ғана мені өзінің сөзімен түйреп кетуге ғана келетіндей.
– Перделеріңде жүгері гүлдері салынған ба? Маша, расымен бе? Бұл сендердің ауылдарыңда ғана сән шығар?
– Бұл арнайы сән журналынан, Марина Геннадьевна. Ал гүлдерді өз қолыммен кестелеп тіктім.
Енем тарапынан мұндай қыршаңқы сөздердің саны шексіз еді. Барлығы айналып келгенде менің ешқандай талғамым жоқ екендігін меңзейтін және оның баласына мен тең емес екенімді білдіретін. Бұл жағдайды тіпті оқу бітіргенімнен кейін жұмыссыз отырғандығым да күрделендіріп жіберді. Менің жұмысқа тұра алмағаным өзіме қатты батты. Күні бойы үйде қамалып отыру менің қолым емес еді. Үй шаруасына үлгеріп жүрдім – ас әзірлеу, үй жинау түк емес еді, тіпті демалуға да үлгеретінмін.
Тұрақты жұмыс табу қиынға соқты. Тарихтан сабақ беру мен үшін тым қарапайым көрінді. Мені қызықтыратын, жұртқа қуаныш әкелетін нәрсемен айналысқым келді. Жеке мектептер тәжірибемнің жоқтығынан жұмысқа алмады. Ал қарапайым мектептерде ұжым немесе сабақ кестесі ұнамады. Кей жағдайда директорлар мені жас болғанымнан, жаңа тұрмыс құрғандықтан жұмысқа алмады. Сылтау көп, үш айым жұмыс іздеумен өтті. Енем менің жұмыссыздығымды бетіме басқанды ұнататын, ешқандай пайдасы жоқ келін секілді болдым. Сол үшін көңілім де бұзылды. Тек мені жұбайым мен анам қолдады.
– Тыңдашы, мүмкін өзіңді мүлдем басқа салада байқап көрерсің? Сенің қолың алтын емес пе?! Сен керемет кесте тігесің, киім тігесің. Осы саланы қолға аларсың? – деп Женя кешқұрым ас ішкенде өз ойын айтты.
– Білесің бе, мен де солай ойладым. Бірнеше көйлек тіккім келеді, әдемі кестесімен, оны әлеуметтік желіге салып сатып көрермін. Менің бір танысым керамикадан түрлі бұйымдар жасап, солай сатады. Оған тапсырыс берушілер өте көп. Мүмкін менің де қолымнан келіп қалар? – деп жауап қаттым.
– Мен күмәнданбаймын да, сенің қолыңнан келеді. Маған тігіп берген костюмың керемет емес пе? Әкем де сондай костюм қалайды. Тек оның бойы сәл ұзындау. Оған да тігіп берерсің?
– Сергей Ивановичке аспаннан жұлдызды да әперемін! – деп күлдім. – Мен оның туған күніне пальто тігіп бергім келген. Костюмді де үлгеремін. Көрген кезімде өлшемін алайын.
Атам туған күнін тойламады, Жапонияда іссапарда болды. Бірақ іссапардан келісімен оған өзім тіккен керемет костюмым мен драп пальтоны сыйладым. Пальтоның матасын интернеттен мата сататын қымбат дүкеннен тапсырыс беріп сатып алдым, қымбат екен, бірақ тіккен пальтома лайық болды. Жаңа пальтоны үстіне киген атам он бес жасқа дейін жасарып кеткендей болды. Артық салмағын жасырып тұратындай, дене бітіміне сай етіп тігіппін, тура спорт залына барып жаттығу жасап жүрген спортшыдай өзіне сондай жарасып кетті. Мұндай сыйлыққа қобалжып, әрі қуанып қалған атам жаңа киімдерді рақаттана киіп алды. Жауапты жұмысымды аяқтаған соң өзімнің болашақ дүкеніме арнап көйлек тігуге отырдым.
Жаз мезгілінде муслин, тығыз мақта сәнге айналды. Сондықтан бұл маталардың ақшыл түсінен көптеп сатып алдым. Бұрын анам ақша болмаған кезде бізге киім тігу үшін ақ матаны сатып алатын. Түстерін ажырату үшін өзі түрлі бояумен бояйтын. Сол көргенімді бұл жолы өзім де жасадым. Қазір бояудың түрі көп, сондықтан арнайы курс сатып алып, оқып, табиғи және жасанды бояумен бояуды үйреніп алдым.
Мақта матасын бояу өте оңай болды. Қай түске боясам да өте әдемі әрі үйлесімді шықты. Шөптен жасалған бояулар да матаға тегіс жағылатын. Ойымдағы түстерді шығару үшін барлық түстерді пайдаландым. Әрбір көйлекке кесте тігіп, сәндедім. Әдемі гүлдердің суретін кестеледім, аңдардың да суретін кестелеп тіктім. Әр көйлек өзінше әдемі болып шықты. Енді дайын көйлектерді суретке түсіріп, интернет дүкеніме салу ғана қалды.
Женя көйлектерімді киіп фотосессия жасауымды талап етті. Жаз айы болғандықтан, шемішке, бидай егістіктеріне арнайы фотографпен барып, суретке түстім. Бұлтты аспан астында түскен суреттеріміз керемет болып шықты. Табиғи бояумен боялған матадан тігілген көйлектер табиғат аясында керемет әдемі көрінді. Күйеуім менің дүкенмен қызыға айналысып жатқаныма қарап, мәз болды. Ол менің жобамды жарнамалау бойынша өзінің ұсынысы бар екенін айтты.
Есікке соғылған қоңырауға абдырап қалдық. Ешкімді күтіп отырмағандықтан бір-бірімізге таңдана қарап, есікті ашуға бардым. Есік алдында енем тұр екен. Сәлемдескеннен соң үйге кіргіздім.
– Балам, әйеліңе айтшы, біздікіне келсін, маған үй қызметшісі керек, – деді енем.
– Мама, сен Машаны қорлау үшін келдің бе?
– Жоқ, маған шынымен де үй қызметшісі керек. Мария ондай жұмысты істей алады. Әйелің бір нәрсемен шұғылданғаны жақсы емес пе әрі ақша табады, – деді Марина Геннадьевна мазасыздана.
– Мама, өтінемін, үйіңе қайтшы, бұдан былай мына менің үйімнің иесіне олай айтушы болма! – деді Женя.
– Иә, құдай үшін! Мен көмектескім келді, бірақ сендер әдеттегідей аналарыңның айтқанына құлақ асқыларың келмейді, – деп енем есіктен шығып, кетіп қалды.
Біз бір-бірімізге таңырқай қарадық, содан соң өз ісіммен айналысуды жалғастыруға асықтым.
Төрт айдан соң көмекшілер жалдадым. Дүкен ашу туралы ой сәтті болғаны сонша, тапсырыс берушілер күннен-күнге көбейе түсті. Жарты жылдан кейін өзіміздің ательемізді аштық, онда сегіз тігінші жұмыс істеді. Женя екеуміз дүниеге келетін ұлымызды күтіп жүрдік. Арасында кесте тігумен айналыстым. Аяғы ауыр әйелдерге арнайы киім үлгісін де жасап қойдым. Жүкті әйелдерге тіккен көйлектерім табиғи матадан жасалды, барлығына кесте тігілді. Әр көйлек нақты өз иесіне тігілді, көйлектер бір-біріне ұқсамады.
Осылайша мен өзімнің кім екенімді дәлелдедім. Марина Геннадьевна мені қолынан ештеңе келмейтін қарапайым әйел деп есептеді. Ал мен қарамағында адамдары бар нағыз кәсіпкерге айналдым. Күйеуім мені мақтан етті, атам жүрген жерінде мені жарнамалап жүрді. Мен атама көптеген киім тігіп бердім, ол оны алғысын жаудыра қуанып, киіп жүрді.
Біз бақытты өмір сүрдік. Матвей дүниеге келіп, қуанышымызда шек болмады. Сүйкімді баламыз шымыр болды, ерте жүрді, ерте сөйледі, өсе келе ательемдегі жіптермен ойнады, оны тігіншілерім де еркелетіп, жақсы көрді. Бақыт қарапайым нәрседе болады, тек оны бағалай және көре білу керек. Мен солай еттім. Күн сайын керемет күйеу мен ұлымды бергені үшін Құдайға алғысымды айтудан шаршамадым.
Аударған
Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: Ашық дереккөзден