Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 51 газет

12 шілде 2025 ж.

№ 50 газет

09 шілде 2025 ж.

№ 49 газет

05 шілде 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Үздіктердің үздігі

Үздіктердің үздігі

Әлемде бір күнде бірнеше кітап оқитын жандар қатары аз емес. Мысалы, АҚШ-тың жиырма алтыншы президенті Теодор Рузвельт бір күнде 3 кітап оқып тауысатын болған. Ал Итальян жазушысы, философ Умберто Эконың кітапханасында 50 мың кітап қоры жинақталған. «Кітап оқы да, кемелден!» жобасына қатысқан оқушылар арасында 2 жыл қатарынан жеңімпаз атанған оқушылар бар. Олар өткен жылы өткізілген жобада дараланып, биыл да үздіктер қатарынан табылған.

Біздің кейіп­кері­міздің бірі – Айзере Аманжолқызы Ақжарма ауылындағы №130 Абай атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы. Білімді де зерек оқушы өткен жылы байқаудың бас жүлдесін жеңіп алса, биыл І орынды иеленді. Ол Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабын оқыған.

– 2016 жылы Yale универ­ситетінің зерттеуіне сай, кітап оқитын адамдар кітап оқы­май­тындарға қарағанда орта есеппен 2 жылға ұзақ өмір сүретіні дәлелдеген. Кітап оқу арқылы адам кемелдене түседі. Қазіргі уақытта өзім секілді замандастарым кітап оқуға уақытын жұмсағысы келмейді. Кітап оқу – оқушының сауаттылығын арттырады. Ақын Нұрмат Мансұров пен Ақтөре Ибрагимұлының ұйымдастырған жобаның арқасында 2 мәрте үздіктер қатарынан көріндім. Мұн­дай жобалар оқушының шығар­машылық әлеуетін арттырады, – дейді Айзере Аманжолқызы.

Ал «Жабайы алма» мен «Ұл­пан» романын оқып, 2 жыл қата­рынан жеңіс тұғырынан көрін­ген Шұғыла Әбдіразақ аудан орта­лығынан шалғайда орналасқан Іңкәрдария ауылының тұрғыны. Білімді оқушы отбасында 7 ағайындының кішкентайы екен. №191 орта мектептің оқушысы өз білімнің арқасында өзі секілді қатысушылардан оқ бойы озық шыққан. Шығармаларға талдау жасап, байқаудың барлық ережесі сай болған Шұғыла Әбдіразақ болашағының жарқын болуын кітап оқумен байланыстырады.

– Кітап оқығаным үшін бағалы сыйлық ұтып алғаныма дән ризамын. Жоба ұйымдастырушылары біз үшін берері мол кітаптарды таңдап алған. Оқушылар арасында шын мәнінде ерекше бәсекелестік болды. Кітапқа деген қызығушылық оянып, жеңімпаз болуға ұмтылдық. Қашанда кітап оқудың пайдасын көпшілікке айтып жүретін боламын. Оқыған адам дүниенің заңдылығын, мүмкіндігін түсінеді, – дейді Шұғыла Әбдіразақ.

Шаған ауылындағы №37 мек­теп-лицейдің 9 сынып оқушысы Альбина Каменова да көптің қолы жеті бермеген жеңімпаздық тұғырдан көрінген. 2 мәрте жеңіс тұғырынан көрініп, бағалы сыйлығын қолына алған сәтте жетістіктің оңайлықпен келмейтінін сезінген.

– Мен алдағы уақытта жазушы болғым келеді. Мүмкін өзім оқыған шығармалар қатты әсер еткен шығар. Кітап оқу арқылы жазу өнеріне машықтанғым келеді. «Жабайы алма», «Менің атым – Қожа», «Мен – апамның баласымын» шығар­масын оқу барысында әрбір кейіпкердің өміріне қанықтым. Оқиға желісіне қызықтым. Осындай жастарға берері мол жобалар көптеп жүзеге асса деген тілегім бар, – дейді Альбина Каменова.

Б.ОРДАБЕКОВ
12 шілде 2025 ж. 52 0