«Жалын» сауықтыру орталығы жұмысымен танысты
Кенттегі «Жалын» сауықтыру орталығы 1988 жылдан бері аудан балаларының жазғы демалыс уақытын тиімді өткізуге ықпал етіп келеді. Өз кезегінде аталған орталық заман талабына сай күрделі жөндеуді талап етеді. Осы орайда тынығу орталығының базасына облыстық мәслихат депутаттары арнайы келіп, зерделеу, танысу жұмыстарын жүргізді. Облыстық мәслихат депутаттары Жанкелді Ысқақ, Әмірбек Шаймағанбетов, Мақсұт Нәлібаев, Гүлшат Мұсаева, Аида Абибуллаева, Бауыржан Сандыбаев, Садық Мұстафа, Ержан Ескендір, Жұмабек Ембергенов және облыстық білім басқармасы басшысы орынбасары Бекжан Есенбаев «Жалын» сауықтыру орталығының бүгінгі жай-күйімен танысты.Облыстық мәслихат депутаттарымен бірге аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып балалардың тынығу сапасына ден қойды.
«Жалын» сауықтыру орталығының директоры Әділбек Бәйменов күрделі жөндеу жұмыстарының жобасымен таныстырып өтті.
– Сауықтыру орталығымыз бір жазғы демалыста 691 оқушының демалып, тынығып, жазғы демалыс уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік жасайды. Яғни маусым айынан бастап 6 ауысым өтеді. Әр ауысымда 110-120 бала тынығады. Тоғыз топқа бөлінетін балаларға 1 аға тәлімгер мен 9 тәрбиеші бекітіледі. Балалардың уақытын тиімді өткізу, олардың денсаулығы, санитарлық тазалық – барлығы назардан тыс қалған емес. Жаңа маусым басталмас бұрын орталықта көркейту-көгалдандыру, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тынығушыларға тиімді ету мақсатында сауықтыру орталығына заман талабына сай күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет, – деді Ә.Рақымжанұлы.
Облыстық мәслихат депутаттары өз кезегінде лагерь аумағын аралап, балалардың демалуына арналған нысандардың жай-күйін, қауіпсіздік талаптарының сақталуын және санитарлық жағдайын көрді. Жылжымалы кітапхана, медициналық пункт, балалар демалатын үйлер мен асхана жұмысымен танысты. Сонымен қатар жауапты мамандармен пікірлесіп, талқылады.
Айта кетейік, облыстық мәслихат депутаттары алдағы уақытта «Жалын» сауықтыру орталығының базасын нығайтып, аяқсу мәселесін шешуді, балаларға арналған бассейн орнатып, су құбырларын жөндеу қажеттігін айтты.
– Жалпы алғанда «Жалын» сауықтыру орталығының жұмысы жүйелі. Балалар тынығатын үйлер, медициналық пункт барлығы өте жақсы жұмыс жасап тұр. Таза, әдемі, сапалы. Тек алдағы уақытта аяқсу мәселесін қалыпқа келтіру керек. Сонда ағаштар жайқалып, тынығушыларға да сая, көлеңке болады. Және мынадай ыстық күнде балалар үшін шомылу – нағыз демалыс болмақ. Сондықтан сауықтыру орталығына бассейн салу жұмысын қолға алу қажет. Жоспарлы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуі орынды, – деді халық қалаулылары.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ











