Отыз жыл бір саланың жүгін көтерген

Аудандық басылымның бұрынғы бас редакторы, қаламгер Абызбай әке мен Гүлжан ананың перзенті Ләззат Иманғалиева тазалықты, тиянақтылықты жаны сүйеді. Ардақты ананың алғашқыда мемлекеттік қызметке келемін деген ойы болмаған. Көпбалалы отбасынан шыққан Ләззат Абызбайқызының негізгі мамандығы – орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі еді. №36 А.Жданов атындағы орта мектепте оқып жүріп, Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы пединституттың студенті атануды мақсат тұтты. Педагогикалық білімімен бір жылдары қос білім ошағында халық баласына тағылымды тәрбие берді. Кейіннен, Шаған ауылдық Кеңесі атқару комитетінің хатшысы қызметіне қабылданып, жергілікті халықтың игілігі жолында аянбай жұмыс жасауға байлам жасады.
– Мұғалім болу бір басқа, мемлекеттік қызмет саласында жұмыс жасау – мүлдем бөлек әңгіме. Мектепте балаларға сабағыңды беріп, тәрбиесіне көңіл бөліп, ісқағазды реттеу жүктеледі. Ал ауыл әкімшілігінде сан салаға қатысты құжат айналымын ыждағаттылықпен орындап, алдыңа келген әрбір адамның мәселесін шешуге тырысамыз. Мемлекеттік қызметші барлық әрекетін қолданыстағы заңдар мен нормативтік актілерге сәйкес орындауы керек. Қызмет барысында да, қызметтен тыс уақытта да адамдарға жоғары мәдениет пен сыпайылық таныту – басты міндетіміз. Жылдар бойы жинақтаған тәжірибенің арқасында кез келген жұмыста ең алдымен маман тарапынан жауапкершілік алдыңғы орында тұру керектігін жақсы білемін. 30 жыл бойы мемлекеттік қызметте жүргенімде көптеген қиындықты еңсере білдік, – дейді өз ісінің білгірі.
Шаған ауылы – Тереңөзек кентінен кейінгі халық саны көп елді мекен. Міне, берекесі тасыған, қамбасы астыққа толған ауылда Ләззат Абызбайқызының қолтаңбасы айқын қалды. Бас маман бола жүріп, сан түрлі қызметті үйлестіре білгеніне тәнтіміз. Функционалдық міндетіне сәйкес, кейіпкеріміз ауыл шаруашылығы кітаптарын сауатты орындап, есеп-қисапты тізбектеген. Ауылдағы барлық сала бойынша көрсеткішті жинақтап, таразылап, зерделеп, кемшілікті жойып, аудандық статистика бөліміне есеп тапсырып отырған. АХАТ бөлімімен байланыс орнатып, жаңа туған сәбиге, өмірден өткен кісіге, отау құрған ерлі-зайыптыға өтініші бойынша куәлік дайындайтын. АХАТ қызметіндегі АКТ толтырып, жұмысты ұтымды үйлестіреді. Ауылға көшіп келген және көшіп кеткен жандарды есепке кіргізіп, мәліметін дайындайды. Көптеген мемлекеттік бағдарлама шеңберінде атқарылған жұмыс барысы жөнінде аудан әкімдігіне арнайы есептік баяндама дайындайды. Жұмыссыздық пен әлеуметтік саланың жай-күйін зерттеп, бұл қызметтің де қыр-сырына қаныға түседі. Ләззат апа ауыл әкімшілігінде жұмыс атқарған жылдарында нотариаттық іс-әрекеттер бағытындағы құжатты аса мұқият орындайды. Сенімхат, қолхат секілді көптеген құжаттың сауатты жазылуына айрықша көңіл бөледі.
– Барлық ауылдың бас маманына функционалдық міндет бірдей бөлінеді. Дегенмен, жұмыстың ауқымдылығы халық санының көптігіне байланысты жергілікті халықтың жағдайын саралай отырып, сапалы қызмет етуге мән береміз. Ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік саланың өзі күрделі болуымен ерекшеленеді. Отыз жасымда әкімшілік жұмысына араласып, зейнет демалысына шыққанға дейін 13 әкімнің қарамағында болдым. Өзім үлгі тұтатын ел азаматтары Өмірзақ Сәдуов, Абдолла Атақаев, Ұмытпас Байдәулетов әкімдік қызметте біліктілігімен, іскерлігімен, жан-жақты ұйымдастырушылығымен таныла білді. Жұмысқа қабылданған кезімде ауданды Алмагүл Божанова апайымыз басқаратын еді. Біздің кезімізде марапат түрлері аз болатын. Дегенмен, маманға ескерту беру, сөгіс жариялау жиі кездеседі. Осы мемлекеттік қызмет саласындағы жұмысымды тиянақты орындағанымнан болар, басшылықтан бірде-бір ескерту алмадым, – дейді Ләззат Абызбайқызы.
Біздің Ләззат апай жұмыста біліктілігі жоғары маман болғанымен, отбасында ер азаматына аяулы жар. Су шаруашылығы саласында қажырлы еңбегімен танылған Алмас Ердәулетовпен отау құрған ардақты жан ері мен баланың бабын таба білген. Олардың 4 перзенті жоғарғы оқу орнын бітіріп, ел игілігі жолында мамандықтары бойынша жұмыс жасауда. Биыл 65 жасты еңсерген Ләззат Абызбайқызы 46 жылдан бері арқасүйер азаматының қас-қабағына қарайлап, отбасындағы татулық діңгегін сақтап келеді. 13 немереге өнегелі тәрбие беріп, үлкен азамат болып өсуіне зор ықпал етуде. Үйдегі отағасы Алмас Ізетұлы – жоғары білімді инженер-гидротехник.
– Ләззат Абызбайқызымен бірге қызмет істеген жылдары өте сауатты, білімді екенін аңғаратынмын. Ауыл әкімі қызметіне келгенімде бас маманның атқаратын жұмысының көптігіне таңқалдым. Бірнеше жүктемесін басқа да мамандарға тапсырып, оған негізгі мәселелермен айналысуға тапсырма бердім. Осылайша, тең дәрежедегі қызметтік бөлініс жасалды. Күнделікті жергілікті халықтың арыз-шағымын тыңдайтын кезде Ләззат жанымнан табылады. Әрбір тұрғынның жағдайын бағдарлап, өзіме жеткізіп отырады. Мәселені бірлесіп шешкен уақытында өз ісіне берілген мықты маманның іскерлігі әп-сәтте байқалады. Бойында тектілігі басым әріптесімнің еңбегін жоғары бағалаймын, – дейді мемлекеттік қызмет саласының ардагері Ұмытпас Байдәулетов.
Ләззат Иманғалиева әр жылдары жоғары марапаттарға қол жеткізген. Ең бастысы, сала ардагері негізгі марапат халықтың алғысы екенін алға тартады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ