Мәдениет майталманына құрмет

Ұзақ жылғы еңбектің зейнеті көрініс берген концерттік бағдарламада Нұржамал апай өз шәкірттерімен бірге сахна төрінен табылды. «Жолыққан қандай жақсы...» деп әуелете ән шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Атаулы іс-шараға аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Жеңісбек Үсенұлы, ауыл әкімі Талғат Құламқадіров, ауданның мәдениет саласының өкілдері, апайдың сыйлас жақындары мен еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген шәкірттері арнайы қатысты.
– «Өнер – өміршең, мәдениет – мәңгілік» дейміз. Алайда осы өнердің өміршеңдігін сақтап қалу жолында саналы ғұмырын арнап, руханиятымыздың жандануы үшін жан аямай еңбек етіп жүрген жандар бар арамызда. Шіркейлілік Нұржамал Жүзбаеваның есімі аудан жұртшылығына жақсы таныс. Отыз жылдан астам уақытын мәдениет саласына арнап, елеулі еңбегімен еліміздің Мәдениет саласының үздігі атанған жанның тәрбиелеген шәкірттері республиканың түкпір-түкпірінде елеулі еңбек етіп, еліміздің жарық жұлдыздарына айналып отыр. Біз де апайдың шәкіртіміз деп ауыз толтырып айта аламыз. Себебі ең алғаш еңбек жолын бастағанда Нұржамал апайымыздан үйренгеніміз мол болды. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған ардақты жанның еңбегі лайықты бағаланып келеді. Құрмет грамотасы, Алғыс хат, түрлі деңгейдегі дипломдармен қатар «ҚР Мәдениет саласының үздігі», «Ел ардақтысы», «Үздік ұстаз» төсбелгілерінің орны бөлек. 2500 ғана халқы бар ауыл мәдениетін жан-жақты жандандырып, сол кезде «Ақ дариға» әжелер ансамблі, «Көңілашар» әзіл-сықақ отауы, «Шаттық» би тобы – үш ұжымның бірдей «халықтық» атағын алуы – ауыз толтырып айтарлықтай жетістік, – деп атап өткен Жеңісбек Төрәлиев мерейтой иесіне облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының және аудан әкімінің арнайы Алғыс хатын табыстады.
Одан кейін ауыл әкімі Талғат Құламқадіров апайды 65 жас мерейтойымен ауыл халқының атынан құттықтады.
– Ұстаздық қызметті дәріптеу, ұстаз бен шәкірт арасындағы өнер жолында өрілген әдемі байланысты насихаттау мақсатында «Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, мәдениет саласының ардагері Жүзбаева Нұржамал Әбілдақызының 65 жылдық мерейтойына арналған «Өнерім – менің өмірім» атты өнер жолындағы ұстаз бен шәкірттердің кездесу ән-кешіне қош келдіңіздер. Бүгін Нұржамал апайымыз ел-халықтың, талай жыл тәрбиелеген шәкірттерінің арасында мерейі тасып отыр. Саналы ғұмырын руханият саласын жандандыруға арнаған ұстазымыздан аларымыз көп. Мерейтойыңыз құтты болсын! – деп, арнайы сый-құрмет көрсетті.
Жүрген жерін нұрға бөлеп, думандатып жіберетін Нұржамал апай – аудан орталығынан шалғай жатқан Шіркейлі ауылының тумасы. Небәрі 18 жасында алғашқы еңбек жолын ПМК-18 құрылыс мекемесінде сылақшы-бояушы болып бастаған. Қай жерде жүрсе де бұлбұл даусымен әуелете ән салып, айналасын мерекеге бөлеп жүретін бойжеткен арманына адал болды. Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы училищені «Ән сабағының мұғалімі, музыкалық жетекші» мамандығымен тәмамдаған. Алғашқыда ауыл мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып тәжірибе жинап, кейін мәдениет саласына ойысқан. Отыз жылдан аса уақыт табан аудармастан Шіркейлі ауылдық мәдениет үйінің директоры қызметін абыроймен атқарды. Нұржамал апайдың мәдениет саласындағы атқарған шаруасы есепсіз. Түрлі іс-шараны лайықты ұйымдастырып, руханият пен мәдениетке өлшеусіз үлес қоса жүріп, шәкірт те тәрбиелеген ұстаз. Шәкірттері де осал емес, халықаралық байқауларда топ жарып, республикалық театрларда өнер көрсетіп жүрген шәкірттердің бұл күні өз алдына шәкірт тәрбиелеп жүргендері де бар.
Мерейтойға арналған іс-шарада Нұржамал Жүзбаеваның шәкірттері сөз сөйлеп, концерттік бағдарламаларын ұсынды. Тартымды әзіл, әсем әуен, күмбір күй мен икемді би ыстық сағынышқа толы кездесудің көркін кіргізіп тұрды. Мерейтой төрінде мерейі тасып, ұзақ жылғы еңбегінің жемісін сезінген ардақты да аяулы ұстаз марқайып, дүйім жұртқа шексіз алғысын жеткізді.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ