Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлденген аула – кент ажары

Гүлденген аула – кент ажары

Тазалық – мәде­­ниеттіліктің бел­гісі. Расында, тазалық жоқ жерде елдің болашағы бұлыңғыр, келешегі күмәнді болары сөзсіз. Бүгінгі таңда дамып, көркейіп келе жатқан ауданымыздың тазалығына жауапкершілікпен қарау барлығымыздың басты міндетіміз.

Көп жағдайда кент тазалығы түгілі өз ауламыздың тазалығына мән бермей жатамыз. Осындайда «Тазалық табалдырықтан басталады» деген тәмсіл орынды айтылса керекті-ті. Мен өз балаларыма, немерелеріме ең бірінші ауланың тазалығына мән беріп, есік алдына гүл мен тал егу керектігін айтып отырамын. Біз отбасымызбен ауланы көгалдандыру жұмыстарына ерте көктемнен бастап кірісеміз. Тұрақты түрде аулаға гүл егіп, жеміс ағаштарын әктеп, көктемгі тазалық жұмыстарын жасауға балаларым дағдыланған. Жайқалып өскен гүлдерге немерелерім су құйып, олар да қолдарынан келгенше күтім жасауға көмектеседі. Болашақта үлкендерінен көрген тәрбиені жалғастыратынына сенемін. Есік алдының жасыл желекке оранып тұрғаны адамға қуаныш сыйлайды, денсаулыққа да тигізер пайдасы мол. Әр тұрғын өз ауласын, есігінің алдын, көшесін тазалап отырса, ауданымыз да көркейе түсетіні анық. Сонымен қатар, жас та, жасамыс та ыждағаттылық танытып, айналасын таза ұстауға қалыптасса екен.

Қазіргі таңда ауданымыз күннен күнге көркейіп келе жатыр. Тек сенбілік кезде ғана емес күнделікті тазалыққа үлес қоса білуіміз керек. Көптеген жастарымыз орталық алаңдарда тазалықты сақтамай, қоғамдық мүліктерді сындырып, айналасын шашып жатады. Бұл дегенміз күнделікті көше тазалайтын тазалықшылардың еңбегін бағаламай, қоршаған ортаға залал келтіру. Адам еңбегін бағалау, туған жердің табиғатын аялау ең бірінші өзіңе деген құрмет. «Сана тазармай – дала тазармайтынын» өскелең ұрпағымыз естен шығармай, көшенің тазалығы мен көгалдануына атсалысса кент ажары көріктене түспек.

Туған жерімізді көркейту мен көгалдандыру, тазалық сақтау, дамыту өз қолымызда екені хақ. Мұндай игі іс баршамызға жауапкершілік жүктейді. Ауданымызда жасалып жатқан тазалық іс-шараларына біркісідей үлес қосуға, қатысуға шақырамын!

Алтыншаш АЛТАЙ,
кент тұрғыны
22 маусым 2024 ж. 178 0