АБАЙ СҮЙГЕН ТОҒЖАН БА?
Үстіміздегі жылдың 30 қаңтарындағы газетіміздің №9 санында «Құлболды ишан» мақаласын жариялаған едік. Сол мақалада «...Кейіннен Тұрсынбай датқа басына күмбез тұрғызған. Қазір сол күмбездің ішінде екі сағана бар. Бірі Құлболды ишандікі, екіншісі Оспан сағанасы. Ол кісінің де тегін адам еместігі анық. Оң жақ ішкі босағада ең кіші немересі Әбу Мақсұм, сыртқы есік алдында Абзал Мақсұм жатыр. Батыс жақ төрт құлақтың ішінде Тоғжан анамыздан бастап балалары, немерелері жерленген» деп жаздық. Осы тұста, Құлболды ишан күмбезі жанына жерленген Тоғжан ананы кейбір жергілікті тұрғындар қазақтың бас ақыны Абай сүйген Тоғжан дегенді айтып жүр. Шығыстың шырайлы қызы Сырға келін болып түсіп, осы өлкеде өмір сүрді дегенді алға тартады. Осыған ерекше мән беріп, зерттеу жүргізген едік.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында елді мекендердегі жер-су атауларын зерттеп жүргенде бұл жәйдің де анық-қанығына жетуге тырыстық. Құлболды ишан ұрпағы, еңбек ардагері Қамар Рүстемовтен ел, жер тарихын айтып жүргенде мұны арнайы сұрадық. Ауыл ақсақалы осы өлкеге Семейдің қызы келін болып түсіп, Қоғалыкөлде жерленгенін жеткізді.
Негізі, белгілі жазушы М.Әуезов «Абай жолы» эпопеясында Сүйіндік қызын басты кейіпкерлердің бірі етіп, оның образын аша білген. Эпопеяда Абай Тоғжанмен бірнеше рет кездескен. Алайда, қос ғашық қосылмайды. Енді тарихи шындыққа жүгінсек, дана Абайдың алғашқы махаббатын оятқан Тоғжан – тарихта болған адам. Ол Бөкенші руынан шыққан Сүйіндік бидің жалғыз қызы. Бұл жөнінде семейлік зейнеткер Мүбарак Мұхтарұлының «Тоғжан Сүйіндікқызы туралы не білеміз?» тақырыбындағы мақаласынан білуге болады. 2015 жылы «Абай» журналының №2 санына жарияланған мақаланы Шығыс Қазақстан облысы Абай атындағы әмбебап кітапхананың ақпаратпен қамтамасыз ету бөлімі басшысы Жаңылгүл Әділбекқызы Мәнжібаевадан электронды нұсқада алған едік. Сол мақаланың басында: «...Бөкенші руынан шыққан Сүйіндік бидің Асылбек, Әділбек, Мамырбек, Келдібек және Тоғжан деген балалары болған. Абайдың досы Ербол Көмекбайұлы Тоғжанмен туған бөле. Ербол мен Тоғжанның аналары апалы-сіңілі жандар. Абай Ерболға еріп, Сүйіндіктің ауылына жиі барып тұрған. Абай мен Тоғжанның арасында ғашықтық сезімінің болғандығы да шындық. Бірақ Тоғжанның атастырып қойған жері болғандықтан, ол Доғал бидің Найман деген ұлынан туған немересі Аққозыға ұзатылады. Аққозының руы – Тобықты ішінде Мотыш. Қоныстары Шаған өзенінің сол жағалауында Машан совхозы, қазіргі Тоқтамыс ауылының жерінде» – деп жазады. Осы тұста, біз Тоғжанның Аққозыға емес, басқа біреумен тұрмыс құрғандығы жөнінде тағы бір нұсқаны байқадық. Яғни, Абай аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері М.Толғанбаев, Б.Орынбаев, М.Түңлікбаев жазған «Тоғжан қайда жерленген...» атты мақалада: «Республикалық «Абай» журналының 2008 жылғы №3 санында жарияланған үржарлық тарихшы, мұғалім Рамазан Нүсіповтың «Сүйіндікқызы Тоғжан туралы ұрпақтарының мәліметтері» атты мақаласын оқып қайран қалғанбыз. Онда жас Абайдың алғашқы махаббатын оятқан Тоғжан сұлудың көкпектілік Бодықбай атты азаматпен тұрмыс құрғандығы, кейіннен бастарына түскен бір қиын қыстау күндерде Қытай еліне еріксіз көшіп кеткендігі, сол жақта 91 жас жасап, Қытайдың Шыңжан автономиялық ауданының Шағантоғай аймағындағы «Сарыбөктер» деген жерге жерленгені жазылған-ды» – деп келтірілген. Сондай-ақ, осы мақалада 2014 жылы «Абай елі» және «Дидар» газеттерінде Абай ауданы, Тоқтамыс ауылының кәсіпкер азаматы Дәулет Мұхтаров Аққозы қыстағы маңындағы қорымда жатқан Тоғжанның қабірін қоршап, басына құлыптас орнатқандығы жөніндегі хабарды оқығандығы айтылады. Және де үржарлық тарихшы мен өзін Тоғжанның шөбересімін деген Кемелхан Сәдуақасқызы Нүсіпбекова аудан әкімдігіне хат жазып, Тоғжан бейітіне қойылған белгінің жаңылыс екенін, оның күшін жойып, «Дидар» газетіне жарияланған Бауыржан Мағзұмұлының «Тоғжанның бейітіне ескерткіш қойылды» деген мақаласын теріске шығарып, жауап беруді талап еткен. Олар Аққозы – эпопеяда М.Әуезов қойған Тоғжан күйеуінің бүркеншік аты және Абай Тоғжанның күйеуіне риза болып, «Аққозы» деген өлең шығарды дейді. Яғни, Сүйіндікқызы Тоғжанның кімнің етегінен ұстап, ұрпақ өрбіткендігі және қайда жерленгендігі жөнінде екіжақты дау-дамай туындаған.
Осыдан кейін аталған мақалада аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері мен Аққозының жерлесі Мүбарак Мұхтарұлы Тоғжанның Аққозыға тұрмысқа шығып, одан Ақылбай, Ақбай туғанын және мүрдесі Абай ауданы Тоқтамыс ауылындағы Аққозы қыстағы маңында жерленгендігі жөнінде нақтылы дерек келтіреді. Соның біріне тоқталып өтсек. «Тоқтамыс ауылының тұрғыны, 1935 жылы туған Елубай Алин Тоғжан Сүйіндікқызын көрген адамдар жайлы былай дейді: Әрине, мен Тоғжан анамызды көргенім жоқ. Бірақ ол кісі туралы ауылдың үлкендерінен естіген әңгімем жадымда жатталып қалды. Бүгінде көзі тірі қария Райсханның әкесі Оспан Аққозы байдың атақты жылқышысы болғанын біздің ел аңыздай ғып айтады. Аққозы «Оспанымды сақтай гөр» деп отырады екен. Өйткені, Оспан ержүрек, малға аса зерек, барымташыларға, ұры-қарыға өрістен жылқы алғызбаған батыр адам болыпты. Содан Оспан атамыздың бәйбішесі Толғанай шешеміз: «Мен келін болып түскенде Тоғжан 30-35 жастар шамасында еді, ол кісіге қолбала болдым. Абайдың Тоғжанды іздеп келгенін де білемін. Ол кісі келбетті, сом денелі сұлу кісі екен. Бұл кезде бай үйде жоқ еді, жолаушылап кеткен. Қонақтарды Тоғжан анамыз өзі аттан түсіріп алып, үйге ертіп келіп күтті. Аққозы өмірден ертерек озды. Онда біз жайлауда едік. Тоғжан шешеміз басына барып Құран оқып қайтқанда, біз жанында жүретінбіз. Тоғжан шешей күйеуі қайтыс болған соң біраз жылдан кейін өмірден өтті. Ол кісіні ақсақалы Аққозының жанына жерлегенін көзіміз көрді».
Тоқтамыс ауылындағы қорымға Тоғжан анамыздың жерленгендігін «Тобықты – Шыңғыстау шежіресінің» авторы Молдабек Жанболатұлы, көне қариялардың көзін көрген, әңгімесін естіген ауыл ақсақалдары Кәмел Мұқанов, Райсхан Оспанов, Елубай Алиндер де растайды» – делінеді «Тоғжан Сүйіндікқызы туралы не білеміз?» атты мақалада. Бұдан бөлек, басқа да кісілердің, шежірешілердің деректері келтіріліп, «Дулат» шаруа қожалығының басшысы Дәулет Мұхтаровтың 2014 жылы 15 қараша күні Абай ауданы Тоқтамыс ауылындағы Тоғжан жатқан 720 шаршы метр жер арнайы темір шарбақтармен қоршалып, басына белгітас-ескерткіш қойылғандығы жазылған. Белгі таста: «Абай жолы» эпопеясының басты кейіпкерлерінің бірі Сүйіндікқызы Тоғжан (Доғал) Найман келіні 1844-1927 ж.ж. өмір сүрген. Руы Бөкенші. 2014 жыл» делінген. Осыдан соң көнекөз қарт, айтулы шежіреші Бекен Исабаев ақсақал «Енді кей алыс-жақындағы жұрттың Тоғжан ана жайында, жерленген орны жайында сөз өрбітуінің қажеті жоқ. Қазір сол орынды қоршап, ескерткіш қоюшы жас ұрпаққа мың сан рахмет!» – деп шешімді пікір айтқан.
Біз бұл деректердің бәрін неге келтіріп отырмыз? Себебі, Абай сүйген Тоғжан жөніндегі тарихи шындықтың анық-қанығын біліп алғанды жөн көрдік. Осыдан кейін барып Қоғалыкөл жерінде жерленген Семей өңірінің қызы Тоғжан жайында айтқанды дұрыс деп білдік.
Иә, қасиетті Қоғалыкөлге келін болып келген Семей жақтың қызы. Бірақ ол Сүйіндіктің қызы емес, Самұрат бидің үш қызының бірі. Бұл жөнінде Құлболды ишанның бесінші ұрпағы Қамар Рүстемов айтты. Алайда, бұған тоқталмас бұрын, алдымен ауыл ақсақалының арғы атасы Пазыл ишан туралы сөз қозғау керек.
Пазыл ишан – Құлболды ишанның үшінші ұлы, шаңырақ иесі. Ол кісіні көпшілік «Күлегеш» ишан деп те атайды. Өйткені, алдына келетін адамның не мақсатпен, не оймен келетінін біліп, күліп қарсы алады екен. Оған дәлел, бірде Сыр бойында саудамен айналысып, мал жайып жүрген Қошым, Қаратай деген кісілер: «Пазыл ишанда түрлі мал бар. Ол кісі саудаласпайды екен. Тегін бәтеге келген малдар ғой, бізге айтқан бағамызға береді, сол кісіден алайық» – деп ишан ауылына келеді. Аттарын байлап, жақындап келгенде Пазыл ишан мешітті айналып жүр екен. Екеуі сәлем беріп, қол ұсынады. Сонда ишан екеуінің де қолын бірге ұстап: «Әй, Қошым, Қаратай, бізде арзан түйе де, жылқы да, сиыр да, қой да бар, қаншасын алғыларың келеді» – деп күлген. Содан әлгі екеуі: «Ойбай, тақсыр, кешіріңіз! Біз білместік жасадық» – деп бір қашар әкеліп батасын алған. Содан олардың саудасы жүріп, мал басы көбейіпті. Қошым қайтыс боларында ұрпақтарына «Құлболды ишан бейітіне жерлеңдер» – деп өсиет айтқан. Ұрпақтары өсиетін орындаған екен.
Сыр бойы халқы мал шаруашылығымен айналысады. Үш ай қыста дария бойын қыстап, ерте көктемде мұз кетпей тұрған шақта солтүстікке, Жезқазған, Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай, Семей жағына мал төлдету, жаз жайлауда, күз күздеуде болып, қысқа таман Сыр бойына қайта құлайды. Жаздай аталған өңірлердің халқымен ауылы аралас, қойы қоралас, құдалы-жекжат болып араласқан. Сол елмен бірге қожа молдалары, бақсы-балгерлер ем-дом шараларын жүргізіп, тәуіпшілік жасаған.
Сол шақта Семей өңірінде Тобықтының Үшқозы руынан Самұрат би болыпты. Оның үш қызы және бір ұлы болған. Жалғыз ұлы науқасқа ұшырап, көптеген бақсы-балгерлер, тәуіптер ем шараларын жасаса да, ауруынан айықпапты. Содан Ақмешіттен Құлболды ишанның баласы Пазыл ишанның сол өңірге барғанын естіп, Самұрат би ишанды алдырады. Барлық жағдайын жасап, баласын емдеуге көмек сұрайды. Сөйтеді де, ишанды ұлы жатқан үйге алып барған. Бөлек үйде бидің баласы аласұрып, аузынан көбік шашыратып, киіз үйді аударып тастардай ұрынып тұрған көрінеді. Аяқ-қолы керегеге байлаулы болған. Сол кезде Пазыл ишан аяқ-қолын босаттырып: «Менің дәрет суымды әкеліп тұратын бір қызметші қалдырып, қалғаныңыз кете беріңіздер, мұнда ешкім келмесін» – дейді. Екі күн өтіп, үшінші күні ауыл жұртшылығы жиналып келгенде би баласы төрде ұйықтап жатқан. Көпшіліктің шуылынан оянып: «Мен қатты шаршап, ұйықтап қалыппын» – деп орнынан тұрып, әкесінің, ишанның, сол жердегі ағайындарының қолын алады, дым болмағандай араласып кетеді. Мұны көрген Самұрат би «Жаратқан бізге Сыр бойынан ишанды жеткізді» – деп қуанып, үш қызының бірін бермекші болады. Арнайы үй тіктіріп, ойын-сауық жасайды. Қыздарды жинап, жеңгелері ишанды үйге әкеліп: «Таңдағаныңызды Сізге қосамыз» – дейді. Сонда Пазыл ишан оң жақ төрде отырған қызға жақындап барып, «Осы кісі жұп болуға лайық» – деп жауырынан қаққан. Ол Самұрат бидің кенже қызы Тоғжан екен. Содан би думандатып той жасап, кіші қызын ишанға ұзатады.
Кие қонған Пазыл ишанды өңір халқы «бәтесін аламыз» деп бір ауылдан екінші ауылға, бір елден екінші елге алып кете береді. Кетерінде ишан Тоғжанға: «Сырға бара бер, мен артыңнан барамын» – деген. Содан Самұрат би кіші қызының жасауын 12 түйеге артып, қызметшілерімен, Ақмешіттен барған кісілермен бірге жібереді. Семейдің қызы Сырға келіп, Қоғалыкөлге келін атанады. Қыс түскенде Пазыл ишан елге оралып, Тоғжанның іс-әрекетіне риза болып, «Тоқыш бибі» деп еркелеткен. Тоқыш бибі 1955 жылы сәуір айында 96 жасында дүние салған. Осыны айтқан ауыл ақсақалы Қ.Рүстемов Тоғжан ананың тәрбиесін көргенін, ақылды, елге қамқор болғанын айтты. Қоғалыкөлдік Жалаладдин Әбіласанов деген кісі Тоқыш бибіден: ««Сізді Абайдың Тоғжаны дейді ғой» – деп сұрағанда, тек жымиған» – дейді ақсақал.
Осыдан кейін біз Қоғалыкөлге Құлболды ишан басына арнайы бардық. Мазардың шырақшысы, Пазыл ишан баласы Акмал Мақсұмның келіні Әсия Абылаевадан да мән-жайды сұрадық. Ол кісі де жоғарыдағыны айтты. Тоғжан тұрмысқа шыққан шағында 16 жаста болған, ал Пазыл ишан 41 жаста екен. Елге келгеннен кейін білімділігімен, ақылдылығымен ел-халыққа сыйлы болыпты. Пазыл ишанға көптеген кісілер, қонақтар келгенде бәрін қарсы алып, қонақ асын дайындап, ерекше күтеді екен. Сонысымен де ел анасы болған. Пазыл ишан мен Тоқыш анадан Абзал есімді жалғыз ұл туылған. Ол өте ажарлы, сұлу болыпты. Алайда, жалғыз ұл тіл-көз тиіп, 22 жасында өмірден өтеді. Тоқыш анадан Акмал Мақсұмның жары Жәмила, қыздары Патыма, Заһада, Заһара, Мәшен, ишанның келіндері Айжамал, Рахия, Питай, Қайыркүлдер тәлім-тәрбиесін көріп, ана жолын жалғаған.
Ауылға барғанымызда Әсия Абылаева Құлболды ишан күмбезіне апарып, оның ішінде және батыс жақ төрт құлақтың ішінде жатқан кісілерді атап көрсетті. Яғни, мақала басында айтқандай, күмбездің ішінде Құлболды ишан мен Оспан сағанасы бар. Оң жақ ішкі босағада ең кіші немересі Әбу Мақсұм, сыртқы есік алдында Абзал Мақсұм жатыр. Ал батыс жақ төрт құлақтың ішінде Пазыл ишан, Тоғжан ана, Акмал Мақсұм, оның жары Жәмила қатар жерленген. Олардың есімдері араб жазуымен жазылып қойылыпты. Күмбезде Құран бағыштағаннан соң қорымнан шығып бара жатқанда «Қоғалыкөлге келген Тоғжанды Абайдың Тоғжаны дегенді естідік» – деп сұрағанымызда Әсия апа: «Олай айтуға болмайды» – деп тыйып тастады. «Тоғжан ананың өзі бұлай айтқызбаған, тыйым салған» – деді де ол кісінің қолданған заттарынан қантшаққыш қалғанын айтты. Қантшаққышты арнайы үйіне барып көрдік. Сондай-ақ, «Ел есіндегі есімдер» айдарымен жарияланған «Анамыз – Тоқыш бибі» тақырыбындағы мақаланының көшірмесін қолымызға ұстатты. Мақалада Тоғжанның ел анасы, көпке қамқор болғандығы жайында жазылған.
Міне, біз Қоғалыкөлге келін болып түсіп, ел анасына айналған Тоғжан жөнінде білуге ұмтылдық. Мұнымен біз біреудің айтқанын теріске шығарып, олай болмаған дегеннен аулақпыз. Тек анық-қанығына жетіп, Семейден келген жанның кім екенін ұғынуға тырыстық. Көпшіліктің білгенін қаладық. Сүйіндікқызы Тоғжан мен Самұратқызы Тоғжан жөнінде аз-кем мәлімет ұсынуды жөн көрдік. Қалғаны оқырман еншісінде...
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
Пікір 2