Кең болсаң, кем болмайсың...

Қайырымдылық істі көре тұра үнсіз қалу жараспас. Былай қарағанда бұл қарапайым болып та көрінуі мүмкін. Дегенмен, аға ұрпақ өкілдері қазыналы қарттың қашанда бар құрметке лайық екенін дәлелдей түседі. Бұл ретте Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Кенжебек Мұстафаев жанашыр жандар жөнінде пікір білдірді.
– Аудандық ардагерлер кеңесінің ұсынысымен бірқатар шаруашылықтың басшысы Тереңөзек кентінде тұратын біршама ардагерге азын-аулақ болса да, қайырымдылық көмегін жасап келеді. Атап айтатын болсақ, «Абзал және К» ТС директоры Абзал Ералиев пен «Шаған жер» ЖШС төрағасы Жеңісбек Сыздықов бірнеше жылдан бері көптеген ардагерге көмегін ұсынып келеді. Соның нәтижесінде, кентте тұратын жүзден астам ардагердің әрқайсысына 10 келіден күріш таратылды. Мәселе көмектің көптігі мен аздығында емес, ардагерлерді назарда ұстап, олардың ықыласын алу екені мәлім. «Көңілден көңіл су ішеді» деген қазақта сөз бар. 2 жыл қатарынан 110 ардагерге өнім таратылды. Кезең-кезең бойынша қазыналы қарттарға сыр салысы берілуде. Осының өзіне көптеген ардагеріміз аталған шаруашылық басшыларына шын көңілден ризашылығын білдіруде. Осындай абзал азаматтардың өнегесі өзге де шаруашылық басшыларына үлгі болғаны жөн.
Қайырымдылық қазақтың қанына сіңген қасиет. «Кең болсаң, кем болмайсың» дейді дана халқымыз. Қайырымдылық жасап жатқан жандарға кәсіптеріңізден берекет тауып, ел құрметіне бөлене берсін, – деді Кенжебек Мұстафаев.
Б.ҚАРАМАНТЕГІ
Фото: Н.Нұржаубай