Президенттің алғыс хатын табыстады
Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданына арнайы келіп, ардагер ұстаз Сұлупан Шамшадиноваға Мемлекет басшысының Алғыс хатын табыстады.
Тереңөзек кентінің тұрғыны, білім беру саласының ардақты ардагері Сұлупан Шамшадинқызы халықтың қолдауымен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел Президенті болып сайланғанда қуанышын ашық хат арқылы жеткізген болатын. Ақ жаулықты ана өз хатында Мемлекет басшысына жаңа Әділетті Қазақстан құру идеясын іске асыру жолында сәттілік тілеп, Сыр елі жұртшылығының атынан ыстық ықыласы мен қолдауын білдірген еді.
«Мен қасиетті Сыр елінде туып-өсіп, киелі Сырдария өзенімен аттас Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде бүкіл саналы ғұмырым өтуде. 40 жыл ұстаздық еткен абзал ана ретінде «Ұрпағымыздың болашағы қандай болады?» деген сауал үнемі мазалайтын. Елде орын алған дүрбелең, әлемді жайлаған пандемия елді қажытып жібергені рас. Міне, биыл өткен Президент сайлауында ұсынған бағдарламаңыз осынау қиыншылықтардың барлығы артта қалғанына көзімізді жеткізді. Сіз еліміздің болашағын айқындайтын маңызды шешім қабылдадыңыз. Әрине, бұл өте дұрыс әрі мезгілінде қабылданған бағыт-бағдар деп есептеймін. Көзі ашық, көкірегі ояу еліміздің бір азаматы ретінде еліміздегі жаңалықтардан хабардар болып отырамыз. Әсіресе, аймақтағы жаңалықтар мен туған өлкеміздің даму көрсеткіштері көңілді қуантады» делінген ашық хатта.
Аймақ басшысы Президенттің алғысына бөленген ұлағатты ұстазды құттықтап, оған белсенді азаматтық ұстанымы мен туған жеріне деген шынайы жанашырлығы үшін ризашылығын білдірді.
Аудан халқы жақсы біледі, Сұлупан Шамшадинова саналы ғұмырын өскелең ұрпақты тәрбиелеуге арнады. Ағартушылық қызметін мінсіз атқарумен қатар, қоғамдық-саяси жұмыстарға да белсене қатысты. Ауылдық кеңес депутаты, аудандық бақылау тобының, «Сыр ана» әжелер ансамбілінің мүшесі болып, өзіне тапсырылған басқа да жұмыстарды абыроймен атқарды. Ардагер зейнет демалысына шықса да ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсенді атсалысып келеді. Ұстаз есімі «Ай дидарлы аналар», «Сырдария, Сырдария-Тереңөзек», «Сыр өңірінің мәдениеті» атты кітаптарға еніп, ұзақ жылғы еңбегі мен тәжірибесі өзгелерге үлгі етілді. Ардақты жан сонымен катар өмірлік жары Бақытжан Сауытбаевпен бірге 54 жыл отасып, бес бала өсіріп, тәрбиелеген. Перзенттері жоғарғы білім алып, әрқайсысы бір-бір отбасы болып, еліміздің дамуына үлес қосуда.
Ел болашағы – жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде елеулі жетістіктерге жеткен, білімін, тәжірибесін, күш-жігерін өскелең ұрпақ игілігіне жұмсаған, аудандағы қоғамдық жұмыстарға араласып, белсенділік танытқан, туған жердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан ардагер-ұстазға «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Аға мұғалім» атағы беріліп, бірнеше рет министрліктің, облыс, аудан әкімінің «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттар», «Еңбек ардагері» төсбелгісі табысталған.
Айта кетейік, аймақ басшысы Сырдария ауданына жұмыс сапары кезінде Тереңөзек кентіндегі Азатбақыт Әлиакбаров көшесінде орналасқан көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру жұмыстарымен танысып, тұрғындармен пікірлесті. Мұнда аймақ басшысына аудан әкімінің міндетін атқарушы Берік Сәрменбаев атқарылған жұмыстар жөнінде ақпараттар ұсынды. Айта кетейік, мердігер мекеме «Асанас-Дар» ЖШС өткен жылы желтоқсан айында тұрғын үйлер аумағын жөндеп, қалпына келтірді. Бұл маң бүгінде тұрғындар үшін қолайлы ортаға айналды.
Мұнан бөлек, облыс әкімі аудан орталығындағы «Углесбыт» серіктестігінің күріш ақтау зауытының жұмысын көрді. Серіктестік басшысы Фархат Расулұлы кәсіпорынның тәулігіне 100 тонна күріш өндеуге қауқарлы екенін айтып, мұнда 30 адам жұмыспен қамтылғанын жеткізді. Өңір басшысы кәсіпкердің ел игілігі үшін атқарып жатқан жұмысына сәттілік тіледі.
«ТТ» ақпарат