Аты өлмейтін азамат
Бөз оранып өтесің.
Бір арманды қуып едің,
Қай уақытта жетесің, – дейді ақын Шәкәрім.
Иә, өмір – мақсат, өмір – үміт, адам көзі жұмылғанша тіршіліктің табиғи заңымен жүреді. Оның үстіне адам болған соң қоғамдық қауымдастық алдындағы міндет бар, ұлт алдындағы азаматтық парыз бар. Кім де болса елге жасаған еңбегімен, күнделікті тірліктен, қарым-қатынастан бастап көпшілікке көрсеткен үлгі-өнегесімен бағаланады.
Жүрмесең де артық алып, кем беріп,
Сезімге еріп, кетеді-ау кейде ерік.
Адам деген атаудың да артында,
Жасырын тұрады екен пенделік,
– деп ақын айтпақшы, жеке бастың қамын ойлау пенделік те, ортақ мақсатқа ұмтылуды адамдық деп білеміз. Одан үлкен ұғым – азаматтық, оның өлшемі – қажеттілік. Осы орайда адамның ақыл-парасаты, ізгі-ниеті игі, мінез-құлқы мен әсер-сезімінің де орны ерекше. Адамдық міндетін орындап, мақсатына жетумен тоқталмай, себебі, ел алдындағы парызы бар. Оны орындау оңайға соқпайды. Жұрттан көп жұмыс жаса, қатарыңнан көп білетін бол. Күнделікті өмірдің қызығынан жоғары тұр. Қарын тоқтығы самарқаулыққа, көңіл тоқтығы менмендікке апарады. Ешкіммен санаспа, жасаған жақсылығым қайтпады деп ренжіме. Көп адам сені түсінбесе оған да қапаланба. Елдің ертеңін, ұрпақтың болашағын ойла. Міне осындай адамдарды біз құрмет тұтамыз, ұзақ уақыт есімізде сақтаймыз. Сондай жандардың бірі –Сырдария ауданына еңбегі сіңген асыл азамат Асылбек Сұлтанұлы Әбдуов еді. Асекең 2020 жылы өмірден озды. Тұла бойында сабырлылық пен салмақтылық, ақылға жаралар пайым-парасаттылық бар. Азаматтың қазасына қатты қайғырдық. Бұл өмірде тағдыр деген тұңғиық ұғым бар. Дүние есігін ашар уақытыңды сезбегенің сияқты талқаныңның таусылар күнін де біле алмайсың, бұны жазмыш дейді.
Тірі болғанда биыл пайғамбардың да, зейнеткердің де жасы 63-ке толатын еді.
Жақында ол кісінің зайыбы Балшекер қарындасыммен кездесіп қалып:
– «Шаһарбек ағай, Асекеңе арнап спорттың бірнеше түрінен турнир өткізгелі жатырмын, басы-қасында боласыз ғой», – деді.
– Әрине, әрине..., – мен де қоштап жатырмын.
Асылбектің ерекше азамат екені өз алдына, көп жыл Сырдария ауданы әкімінің идеология жөніндегі орынбасары болған Балшекер Өтегенованың да біз үшін орны бөлек қой. «Екі жақсы қосылса күн туады айменен» дегендей ерлі-зайыпты екеуі аудан әкімдігінде қатар қызмет етті. Асылбек те, Балшекер де біздің замандасымыз, заманның, қоғамның адамға артқан жүгін бірге көтерді.
Өзі адамның елден ерекше болуы қанмен берілетін қасиетке және тәрбиеге байланысты. Асылбектің әкесі Сұлтанбек Абдуов ауданның білім саласына үлкен үлес қосқан аға ұрпақ өкілі еді. Ол кісінің алдынан мыңдаған шәкірт, сапалы білім, саналы тәрбие алып, болашаққа қанат қақты. Оның туған ағасы Уәлибек партия, кеңес органдарында жауапты қызметте болды, ҰОС ардагері еді. Әрі қарай қазбалай берсеңіз әулеттің ел алдында болғанын көресіз.
№35 М.Калинин атындағы орта мектепте бірге оқыған құрдастары Асылбектің жастайынан оқуға алғыр, зейінді болғанын, бала кезінен-ақ ашық-жарқын мінезімен айналасындағыларды баурап алатынын айтады. Сегізінші сыныптан соң он жылдық білім, әрі мамандық алу үшін аудан орталығындағы №88 селолық кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түседі. Бұл арнаулы оқу орнын қызыл дипломмен бітіреді. Соның нәтижесінде институтқа қиналмай оқуға қабылданады. Мамандық алғаннан кейін туған өлкеге оралып, алаңсыз жұмысқа кіріседі. Енді осы жайлы кеңірек айтайық.
Институт бітіріп келгеннен кейін Тереңөзек кентіндегі ХРСУ мекемесіне тас қалаушы шебер болып орналасады, жұмысына жауапкершілікпен қарап, тапсырмаларды мұқият орындауға дағдыланады. Іскер азаматтың бұдан былайғы еңбек жолы қызметте өсумен жалғасады. Аудандық ауыл шаруашылық басқармасында, жобалау құрылыс кооперативінде, 54-ші жылжымалы мехколоннада жауапты қызметтер атқарады. Аудандық РСУ мекемесінің бастығы болады. 1987-1992 жылдары аудандық ауыл шаруашылық басқармасы бастығының құрылыс жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарады.
Азаматтың асыл мұраты – халық қамы, елге қызмет ету дейтін болсақ, жан әлемі әсемдік пен әдемілікке құштар Асылбек – Тереңөзек кентінің көркеюіне, ауданның құрылыс саласының дамуына көп еңбек сіңірген азамат. Еңбек жолын социалистік қоғамда бастағанмен оның жалынды жастық жылдары еліміз тәуелсіздік алған ауырлау кезеңге тап келіп, білікті маман өз ісіне деген сүйіспеншілікпен кездескен қиыншылықтарды жеңе білді. Бұл ретте нарықтық кезеңде өзі басқарған ХРСУ мекемесін тарқатпай сақтап, тұрғын үй, басқа да құрылыс салғанын айтсақ та жеткілікті. Өйткені бұл кезеңде көптеген мекеме нарық толқынына шыдас бермей, ескексіз қайық тәрізді жағаға шығып қалған болатын. Білікті басшы А.Әбдуов жоқтан бар құрап, қосымша көзді іздестіріп, құрылыс жұмысын тоқтатпай, қарамағындағы жұмысшыларға нәпақа тауып берді.
– Ауданды дамыту бағытындағы бастамаларымызды толық жүзеге асыруымызға 2000 жылдары бюджеттің мүмкіндігі толық жетпейтін. Біз көбіне асар әдісімен, жұртшылықтың бірігуімен жұмыс істедік. Аудан халқының бекем-бірлігінің, тындырымды тірлігінің арқасында бюджеттен ешқандай қаржы бөлмей-ақ демеушілердің қолдауымен әлеуметтік нысандар құрылысын бастадық. Олардың барлығы күні бүгінге дейін халыққа қызмет көрсетуде. Осы жұмыстардың қорытындысын айту оңай болғанмен ұйымдастыру өте қиын болды. Біз тектілігіне, азаматтығына, кәсіби маман ретіндегі қызметіне тоқталып отырған Асылбек Әбдуов осы жұмыстардың бел ортасында жүрді. Нарық заманында әр азаматтың жеке белсенділігі маңызды болды. 2000 жылдардың басында А.Әбдуов ауданда шағын кәсіпорын ашып, кәсіпкерлікке ден қойған сырдариялық азаматтардың бірі де, бірегейі болды. Ол кәсіптен тек нәсіп табуды мақсат еткен жоқ, тапқанын ауданның дамуына бағыттап, көп демеушілік көмек көрсетті. Өзі басқарған құрылыс мекемесінің сапалы жұмыс жүргізуін назарда ұстады. Бір сөзбен айтқанда, өз ісінің шебері А.Әбдуов қызметте уақытпен санаспады, елге болсын деген ұстанымды жұмысына басты арқау етті, – дейді 1999-2004 жылдары Сырдария ауданының әкімі болған Әріп Хожбанов.
Жетістікке жетудің тарау-тарау жолдары бір арнаға ғана түйіседі, ол маңдай теріңді төге жүре еңбек ету, өмір бойы үйрену және іздену. Асылбектің қарым-қабілеті мықты еді, оған азаматтығын қосыңыз. Мұны қарпайым адамдар да, басшылар да таныды, құрметтеді. Ал бағалау оған жаңа міндеттер жүктеді. Сондықтан үнемі алғы шепте болуға тырысты. Мұндай адамның қара басының қамын ойлауға ниеті де, уақыты да болмайды. Оның интеллектуалдық деңгейі жоғары еді, жан-жақты ақыл-ойы ауқымды болатын.
Сырдария ауданын 2004-2008 жылдары басқарған Ибрагим Әбибуллаев Асылбек Сұлтанұлы туралы жүрекжарды лебізін білдіреді.
– Аудандық әуез мектебіне жаңа ғимарат керек болып, жиналыс өткізіп мәселені талқыладық. Сол кезде жартысы пайдаланылмай тозып тұрған ескі ғимаратты қайта жөндеп, жабдықтау жөнінде шешімге келдік. Бұл іске құрылысшылармен бірге Асылбек те белсене араласты, сөйтіп әуез мектебі жаңа ғимаратта жұмысын жалғастырды. Көп өтпей кенттің негізгі көшесінің бойынан аудандық газет редакциясына да ғимарат салынды. Бұл құрылысты А.Әбдуов аудандық мәслихат депутаты ретінде демеушілікпен атқарды. Құрылыс саласының майталманы кейін мемлекеттік қызметке келіп, аудандық құрылыс бөлімін басқарды. Қарапайымдылығы мен үлкенге де, кішіге де қадірлі болды. Енді ғана бейнетінің зейнетін көрер тұста өмірден өткені болмаса, Асекең артына жақсы іс, өнегелі із қалдырды. «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» атануы да оның талай жылғы еңбегінің жемісі. Ол өзі сондай кең пейіл болса, дастарқаны да өте берекелі еді. Ерлері аттан, қазаны оттан түспеген шаңырақ ардақты азаматтарға құшағын жая білді. Елге белгілі Хасанғалиевтер, Нұрсейітовтер отбасымен құда болып, үлгілі, абыройы биік әулетке айналды. Сол биік аласармайды деп сенемін, – деді Ибрагим Сражаддинұлы.
Мықты азамат, ой-өрісі биік, ақыл-ойы терең және жан-жақты келеді. Олар қоғамда болып жатқан саяси, экономикалық, мәдени үдерістердің мәнін түсінеді. Бүгінгі күнмен ғана емес, келер уақытпен де өмір сүреді, қызметіне соны арқау етеді. Сондықтан да адамзаттың ұлы ойшылы Гераклит кезінде «Бірдің өзі мен үшін мыңмен тең» деген. Ал мен жүзге теңейтін Асылбек Сұлтанұлы Сырдария аудандық мәслихат депутаты болып, тұрғындардың аманатын орындап қана қойған жоқ, аудандағы күрделі де, іргелі мәселелерді шешуге атсалысты. Халық өкілеттілігі органдарының ішінде жергілікті мәслихаттың өзгешелігі де, ерекшелігі де бар. Жергілікті билік басшылығы аудандық мәслихаттың жауапты қызметкерлері, жалпы аудан көлеміндегі әкімшілік осы аппаратқа топтасқан. Былай қарасаңыз, бір жағында сала басшылары, қызметтік басшы органдар, ал екінші жағында халық тұр. Яғни халық аманаты, халықтың сенімі алғы шепте.
Жалпы қандай қызметте болмасын, әсіресе қоғамдық істе, жауапты адамның адамгершілік қасиетінің орны ерекше. Мемлекеттік қызметкердің іс-әрекетіне тигізетін пайданы, тіпті қалай қарсы алып, қалай шығарып салатынына қарап қарапайым адам атқарушы билікке керек десеңіз мемлекеттік органға баға береді. Егер депутат болсаң, жауапкершілік екі есе күшейеді. Қазір ойлап отырсаң, Асылбек Сұлтанұлы қос ескекпен қызметтің өмір-өзенінде алға қарай жылжыған екен.
Әбдуовтер әулетін ауданда білмейтін жан жоқ. Өнегелі отбасының иелері Асылбек пен Балшекер ауданның әлеуметтік экономикалық дамуы жолында жемісті еңбек етті. Білікті басшылар қызметтің барлық сатысынан өтті. Қай салада еңбек етсе де абыройлы болды, үлкенмен де, кішімен де тіл табысты. Оның ішінде ең ауыр сала – құрылыс саласының қазанында қайнау екінің бірінің қолынан келмейтінін атап өту керек. Облыс, аудан әкімдерінің тапсырмасын, халықтың талап-тілегін уақытылы, сапалы орындай білген Асылбек алдыңғы буынға жақсы іні, кейінгі толқынға ақылшы ұстаз болды. Ал Ақтоты Асылбекқызы әкесі секілді кәсіппен айналысып, ауданда ұтымды жұмыс үлгісін көрсетуде.
Асекеңнің қазіргі аудандық «Тіршілік тынысы» газеті ғимаратының салынуына да шапағаты тиген. Күні-түні құрылыстың басында жүріп, қысқа мерзімде сапалы аяқталуына мүмкіндік жасаған. Сол кездегі газеттің бас редакторы Сәуле Ерімбеттің айтуынша құрылыс жұмысына қаржы аз бөлінген, жеке кәсіпкер А.Әбдуов журналистерге жанашырлық танытып, жоқтан бар құрап, ғимаратты сапалы етіп, пайдалануға тапсырған. Кенттегі «Парасат» алаңының құрылысында да Асылбектің қолтаңбасы бар. Бүгінде кентке ерекше көрік беріп тұрған мәдени демалыс орны нағыз «Тағзым» алаңына айналды. Онда осы ауданда туып өскен Кеңес Одағы Батырларының, Социалистік Еңбек Ерлерінің, сондай-ақ елге еңбегі сіңген мемлекет және қоғам қайраткерлерінің кеуде мүсіндері қойылған.
Мешіт, көпір, мектеп салу, құдық қазу – сауапты іс саналады. 2012 жылы аудан халқының арманына айналған «Сырдария» өзеніне көпір салу ісі қолға алынғанда қуанбаған жан кем де кем. Оған сол кездегі Парламент мәжілісінің депутаты, ауданның тумасы Жақып Асанов мұрындық болды. Әрине, айтуға оңай. Мәселені жететін жеріне жеткізіп, оның маңыздылығын, халықтың сол көпірге мұқтаж екеніне жоғарыдағылардың көзін жеткізу, дәлелдеу, үкіметтің шешілуі керек мәселелер тізіміне енгізу, қаражат бөлдіру, өз алдына бөлек әңгіме.
Ғасыр құрылысы аталатын сол жұмыс басталғанда оның аяқталатынына күмәнмен қарағандар да аз болмады. Бұл кезде Асылбек Сұлтанұлы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы қызметін атқаратын. Көпір құрылысын, көпір салуға әбден машықтанған республикалық «Мостоотряд – 25» компаниясы жүргізді. Ол көпірге пайдаланатын тастың, арматураның, цементтің, тіпті шегенің сапасына дейін жіті тексеріп отыратын еді. Жұмыс сапасы үнемі қадағаланды. Сол кезде байқалғаны, Асекеңнің басты ұстанымы – құрылыс жұмысына жергілікті мамандарды тарту, елдің әлеуметтік жағдайын арттыру, тұрмыс-тіршілігін жоғары деңгейге көтеру болатын. Және ол өмірден өткенше сол мүддеге жұмыс жасады.
Осыдан бес-алты жыл бұрын кенттің жаңа қоныстану аймағына үй салып, сол маңда тұрып жатқан жайымыз бар. Бүгін де бұл аймақта жеке тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Осы аумақтың негізінің қалануына аудан басшыларымен бірге құрылыс бөлімінің жетекшісі Асылбек Әбдуовтің айрықша үлес қосқанын жұртшылық жақсы біледі. «Қызылорда-Жалағаш» трассасының қос қапталында орналасқан құрылыс алаңына әсіресе аудан қонақтары қызыға қарайды. Бұл – Асекеңнің орындалған арманының жемісі. Ол «Әйтек» каналының сол жағалауын жаңартып, жаңғыртсақ кенттің кіре берісі гүлденсе деп жиі айтатын және сол іске аудан басшыларымен бірге өзі де бастамашы болды. Аудандық құрылыс бөлімінің басшысы қызметін атқарған уақытта, құрылыс саласымен қатар, ауылдарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге жұмыс жасады. Талай рет аудан басшыларымен бірге бас қалаға дейін барып, ауызсу мәселесін республикалық дәрежеде қорғады. Бюджеттен қаржы бөлінуін дәлелдеді. Қазір аудан тұрғындарының тәулік бойы таза ауызсу ішіп отырғаны сол қажырлы еңбектің жемісі.
Қазақта «Қарапайым адам – қасиетті адам» деген қастерлі сөз бар. Бұл – қашан да қарапайымдылықты ту еткен Құрметті құрылысшы Асылбек Әбдуовке арналғандай. Абзал азаматтың ауданның дамуына қосқан үлесі мол. Оның бәрін айтып тауысу мүмкін емес. Ол – аудан үшін туып, аудан үшін еңбек еткен, барлық ғұмыры осы жерде өткен арда азамат. Кезінде осы Асекеңнің қазасына қайғырып, толғау өлең жазған ауданымыздың талантты ақыны, қимас жан Бағдат Есназар ініміз еді. Жақында Бағдаттың жылдық асында болғанымызда өмірдің көшкен керуен екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Екі асыл інімізді қимастықпен еске алдық. Редакция алқасымен ақылдасып, ол өлеңді де осы бетке беруді жөн көріп отырмыз.
«Орнында бар оңалар» дейді халық даналығы. Солай айтқандай Асылбектің артында құрметтейтін қалың елі, Балшекердей асыл жары, көзінің ағы мен қарасындай қос қарлығашы және олардың ұрпақтары барда оның есімі еш ұмытылмақ емес. Оны жаңғыртып, өскелең ұрпаққа үлгі етіп отыратын ағалары, замандастары біз бармыз.
«Адам – бұл өмірге қонақ, оның өмірі өткінші, сондықтан ол артына жақсы ісі мен жақсы сөзін қалдыру керек» деген екен Жүсіп Баласағұн. Асылбектің де өлмес ісі, өшпес аты қалды.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТ,
ардагер-журналист
Бекзат болмысты жан
Асыл десеңіз асыл еді ғой,
Жасын десеңіз жасын еді ғой.
Өңіріміздің өркендеуіне,
Ерен үлесін қосып еді ғой.
Көркем десеңіз көркем еді ғой,
Текті атаның өркені еді ғой.
Кездескен кезде күлімдеп қана,
Сұлу сырларын шертер еді ғой.
Жампоз жігіттің төресі еді ғой,
Мінсіз мінездің егесі еді ғой.
Жұрты алаңсыз арқа сүйейтін,
Жазықта біткен төбесі еді ғой.
Халықтың қамын ойлап еді ғой,
Солармен бірге жайнап еді ғой.
Тегіне тартып туған ұланым,
Үлкен әулеттің айбаты еді ғой!
Өмірдің көп қой жолында белес,
Құрғанда істің бабында кеңес.
Ағаға құрмет, ал інілеріне
Ізетінен еш жаңылған емес.
Көрініп ылғи күн тілегінен,
Шуақ төгіліп нұрлы реңінен.
Қолдағы барын бөліп беретін,
Мұқтаж жандарға шын жүрегімен.
Ісіңді ел қолдар бағалап барып,
Тірліктеріңді саралап танып.
Құрметтерге де бөленді Асекең,
Қай қызметті де адал атқарып!
Ұжымдарды да басқарып ерім,
Көрмеді буына тасқанын елім.
Кісімшілігін көре алмады ғой,
Достары түгіл қастары да оның.
Алыстап кетті ол қауымнан мәңгі,
Қанша жүректі ауыртар ма енді?!
Туған ұлындай іздей береді,
Бекзат болмысты бауырмал жанды!
Жасын десеңіз жасын еді ғой.
Өңіріміздің өркендеуіне,
Ерен үлесін қосып еді ғой.
Көркем десеңіз көркем еді ғой,
Текті атаның өркені еді ғой.
Кездескен кезде күлімдеп қана,
Сұлу сырларын шертер еді ғой.
Жампоз жігіттің төресі еді ғой,
Мінсіз мінездің егесі еді ғой.
Жұрты алаңсыз арқа сүйейтін,
Жазықта біткен төбесі еді ғой.
Халықтың қамын ойлап еді ғой,
Солармен бірге жайнап еді ғой.
Тегіне тартып туған ұланым,
Үлкен әулеттің айбаты еді ғой!
Өмірдің көп қой жолында белес,
Құрғанда істің бабында кеңес.
Ағаға құрмет, ал інілеріне
Ізетінен еш жаңылған емес.
Көрініп ылғи күн тілегінен,
Шуақ төгіліп нұрлы реңінен.
Қолдағы барын бөліп беретін,
Мұқтаж жандарға шын жүрегімен.
Ісіңді ел қолдар бағалап барып,
Тірліктеріңді саралап танып.
Құрметтерге де бөленді Асекең,
Қай қызметті де адал атқарып!
Ұжымдарды да басқарып ерім,
Көрмеді буына тасқанын елім.
Кісімшілігін көре алмады ғой,
Достары түгіл қастары да оның.
Алыстап кетті ол қауымнан мәңгі,
Қанша жүректі ауыртар ма енді?!
Туған ұлындай іздей береді,
Бекзат болмысты бауырмал жанды!
Бағдат ЕСНАЗАР,
ақын
ақын