Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпшілік құрметіне бөленген

Көпшілік құрметіне бөленген

Адам болмысының кемелді мұраты – мына өмірді дұрыс ұғыну, тіршіліктің заңдылығын білу, оның міндеттері мен талаптарын бұл­жытпай орындау. Неге болса да бала кезінде адам арманшыл келетіні жасырын емес. Жастық шақтан күтетін арман мен үміт көп, есейе келе өмір тіршіліктің мән-мағынасын терең түсіне оты­­рып, ондағы өз орныңды байқай бастайсың.

Ауыл шаруашылығы саласының ар­дагері Күлзада Көшерова – осы жайды ерте ұғынып, өмірден өз орынын уақытында тапқан жан. Апамыздың өткен жолына қарап отырып, адам­ды мұратына жеткізетін қызметте, дү­ние-бай­лық та, тіпті атақ даңқ та емес. Өзі­нің мі­нез-құлқы, нысап-пейілі, елге жаса­ған адал еңбегі екенін түсінесің. Мәселе сенің қандай жұмыс жасағаныңда емес, оны қалай істегеніңде, сөзімізді пәлсапалық тұрғыда сәл күрделендірсек, сенің қан­дай биікке шық­қаның маңызды емес, не алып шыққаның маңыз­ды.

Күлзада Қожабекқызының өткен өмір жолына үңілсеңіз, қатарластарынан көп айыр­­ма­шылық жоқ. Тереңөзек кентінде қара­пайым көпбалалы отбасында дүниеге келген. №35 орта мектептен білім алған. Сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін облыс­тық атқару комитеті жанынан құрылған терушілер курсын оқып шығады. Терушіліктің қыр-сырын мең­геріп шыққан жас маман мек­тептегі білі­мінен де қол үзбей оныншы сыныпты кешкі мектептен тәмамдайды.

Білікті маман терушілер курсын бітірісімен 1961 жылы Тереңөзек аудандық атқару ко­ми­тетіне теруші-хатшы болып жұмысқа орналасады.

Кейде тағдыр жазмыш деп жатамыз. Сол тағдыр дегеніңнің өзі маңдайға жазғанның ­өзі де, сенің мінезіңе, ықылас пейіліңе, көппен қарым-қатынасыңа да байланысты. Оның үс­тіне үнемі алға қарай қол созатын ізденіс, соған қол жеткізетін қажыр-қайрат, өрелілік тағы бар. Қаршадай қыздың еңбекқорлығын басшылар байқай да, бағалай да білді. Арада төрт жыл өткен соң аудандық азаматтық хал-актілер тіркеу бөліміне меңгеруші етіп та­ғайындады. Бұл кездері Күлзаданың білімі мен біліктілігі қатар көтеріліп келе жатқан еді. Осы қызметті 1965-1968 жылдары ара­лығында абыроймен атқарды. Жалпы, бұл мекеме ауданның негізгі шаруашылығы мен науқандық жұмыстардан, саяси оқиғалардан тыс болғанымен жасалып жатқан істің ма­ңызы кем емес еді. Өмірге сәби келіп, жас­тар үйленіп тіршіліктің заңымен қартайған кісілер қайтыс болып жатады. Құжаттардың сауатты толтырылуы, дәлдігінің орны ерекше, ол кейін көп жағдайда керек болады. Кейде біз бір істерді маңызды, екінші дәрежедегі деп бөліп жатамыз. Соның өзі қате. Қажеттілік бар жерде керек тастың ауырлығы болмайды.

Күлзада апамыз ширек ғасыр аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында қызмет етті. Бұл жемісті жылдар туралы  К.Көшерова:

– Жас кезінде адам арманшыл болады ғой. Агроном болуды жастайымнан армандадым. Бірақ көпбалалы отбасында дүниеге келгеннен кейін отбасылық жағдайларға байланыс­ты ол арманымнан бас тарттым. Сөйтіп, құрбыммен бірге алты айлық курстан білім алып, осы терушілік жұмысты отыз бес жыл абыроймен атқардым. Мен қызмет жасаған уақытта қазіргідей компьютер мен ғаламтор жоқ, барлық жұмысты тек машинкамен жа­сай­тынбыз. Аудандық ауыл шаруашылық басқармасының барлық қағазын жазатынмын. Жұмысымды осы мекемеден бастадым. Баяндамалар, марапаттар, құжаттар бар­лығы да менің қолымнан өтетін. Басында асықпай жазатынмын, кейін қолым үйреніп кеткені сонша тіпті әріптерге де қарамай жаза беретін болдым. Жұмыс қауырт болған күндері күнімен-түнімен жұмыс жасайтынбыз. Аудандық басқарманың, басшылардың барлық жұмыстарының құжаттарын жазып шығатынмын. Асқарлық ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетовтің де бірнеше мәр­те өлеңдерін теріп бергенмін. Ол кісі ма­ған ақ батасын берген, – деп өзінің ең­бек жолындағы естеліктерімен бөлісті.

Ау­дан­ның әлеуметтік-экономикалық да­муы­­мен қатар қоғамдық өміріне де өзінің өлшеусіз үлесін қосқан ол аудандық әжелер ан­самбльдің белді мүшесі болып, облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастырған фес-тивальдерінде де көп жыл қатарынан өнер көрсеткен. Өмірінің ширек ғасырдан астам уақытын терушілікке арнаған кейіпкеріміз ау­данның қоғамдық өмірінен де қалыс қал­маған. Аудандық комсомол комитетінің бю­ро мүшесі, аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған көркемөнерпаздар үйірмесінің мүшесі және концерттік бағдарламалардың жүргізушісі болған. Жастайынан өзіне жүк­телген міндеттерді абыроймен атқарып қа­на қоймай, ауданның қоғамдық өміріне де белсенді үлес қосқан Күлзада Көшерова бір­неше мәрте аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталған.

Отбасында аяулы ана – үш немеренің әжесі. Бейнеттің зейнетін көріп, немере сүйіп отырған ардақты жан биыл мерейлі 80 жасқа толды.  Осы айтулы датаға орай сала ардаге­рін құттықтауға кезінде өзімен бірге жұмыс жасаған қазіргі таңда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, аудан­дық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Жұмабеков, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы З.Жүсіпбайұлы, аудандық ауыл ша­руашылығы бөлімі жанындағы баста­уыш ұйым төрағасы С.Асанов, кент ардагері Ә.Масилова үйіне барды. К.Көшеровамен бірге жұмыс жасаған М.Келдібаев, С.Асанов абзал жан туралы әдемі естеліктер айтты. Өз кезегінде аудандық атқару комитетінің ардагері Ә.Масилова ЗАГС меңгерушілігін К.Көшеровадан қабылдап алғанын, апайдың сауатты, білікті маман болғанын атап өтті. Ардагердің мерейтойына орай Нұрбол Баян­әліұлы Күлзада Қожабекқызына аудан әкімінің алғыс хатын табыс­тап, иығына камзол, орамал жапты.

Шаһарбек Нұрсейітов,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі
04 ақпан 2023 ж. 157 0