Өмірмен қайта қауышқан электрші

Тоқтың тынысын тыңдап жүретін Әмірбек жұрт ұйқыда жатқанда кезекшілік міндетін атқарады. Қым-қуыт тіршіліктің ауанымен жүріп, қытымыр қыстың ызғарын ешбір сезбейді. 2023 жылдың қаңтарында оның отбасында қайғылы жағдайға әкеп соқтыратындай елеулі оқиға орын алды. Тереңөзектегі «Қазақ» көшесінің бойында түнауа жарық өшіп қалады. Далада боран, оның үстіне қар аралас жаңбыр құйып тұр. Орын алған ақауды жою үшін бағана басына шыққан Әмірбек оқыс қимылдың салдарынан тоққа түсті. Санаулы секунд ғасырға бергісіз уақытқа айналды. Электрші маман бағана басында есінен танып қалады. Бағана басындағы жағдайды сол маңдағы үйлердегі тұрғындар байқаған. Дереу «Жедел жәрдемге» хабарласып, аудандық электр торабының мамандарына шақырту жіберілген. Есімін атағанымен, жан баласына жауап қатпаған Әмірбек бір уақытта есін жиып, аман екенін көрсетіп, жиналған көпшілікке ишарат білдірді.
Қайсар мінезді, жігері мықты азамат бағана басынан өзі түсіп, құтқарушыларға жәрдемдесті. Бұл ретте әр минуттың адам өмірі үшін құндылығы жоғары еді. Соны сезінген ақ халатты абзал жандар Әмірбекті ауруханаға жеткізді. Алғашқы көмек көрсетіліп, электршіні «Жан сақтау» бөлімшесіне дәрігерлер жатқызды. Денесін тоқ тесіп өтіп, бір қолын зақымдап кеткен. Күйік шалған сәтте ажалмен арпалысып, жоғалған жарықты тауып беретін шебер өмірге қайта келгендей күй кешті.
Өмір бойы тоқтың тілін біліп, сыммен сырласқан Әмірбектің көрер жарығы бар екен. Расында ол үшін сымдар – оның қаламы, тоқ – оның сиясы, жарықсыз қалған аудан аумағы – ақ парағы сыңайлы. Қараңғылықты басты қарсыласына санайтын шебердің ауруханада өткерген 56 күні адам баласына бергісіз еді. Бір айдың ішінде, 4 мәрте ота жасалып, оң қолды кесуге тура келді.
Негізінен, Әмірбек Ерімбетов нағашыларының қолында тәрбиеленген. 5-6 айлығында бауырына басқан Гүлжан ана оған бар мейірімін төгіп, қамқорлық көрсеткен. Өмірде елгезек, ақкөңіл, кісіге болысып тұратын жандар болады. Міне, Әмірбекті сондай кісілігі бір төбе адам қатарынан табасыз. Оқыс оқиғадан кейін еңсесін тіктей бастаған азаматтың қасынан үнемі жары Клара табылды. Ағайынның арасында сыйлы жанға айналған Құдай қосқан қосағымен Әмірбек 4 перзент сүйді. Келер жылы отасқандарына 40 жыл толатын ерлі зайыпты кез келген ауыртпалықты еңсере білген.
Баймұрат пен Аншаның көзінің қарашығындай көрген ортақ перзентінің жігері ешқашан мұқалған емес. Қатер мен қауіпті көзбен көрген жанның ерекшелігі – өміріндегі кемшін тұстары үшін ешкімге базына айтпайды. Көне сөмкесін асынған Әмірбек қолының табы мен адалдығының жемісін ғұмыр бойы көріп келеді. Расында, жүрегі арқылы үнсіз тұрған қауіпті сезіп, жұмыста табандылық танытады. Үлкенге құрметі басым арда азамат өткен жылы 60 жасқа толып, өмірінің тал түсіне жетті.
Бүгінде өзінің ізінен ерген жастарға көп ойланып, байыппен әрекет ету керектігін айтудан жалықпайды. Жазым деген аяқастынан орын алатыны жасырын емес. Осындайда өзінің басынан өткен қиямет-қайымды Әмірбек жауына да тілемес.
Балтабай ОРДАБЕКОВ