Бейбіт күннің батыры
Тереңөзектік 25 жастағы Дәуіржан Мәжит – бейбіт күннің батыры екенін былайғы жұртшылық біле бермейді. Ол 2024 жылдың 31 желтоқсанында аудандық аурухананың «Шұғыл және жедел медициналық көмек көрсету» бөлімшесінде кезекшілік міндетін атқару кезінде тұтастай бір отбасының өмірін аман сақтап қалады. Оның мамандығы – фельдшер. Жаңа жыл күні түнгі ауысымда кезекті шақыртудың бірінен келген Дәуіржан Мәжит түнгі 2.30 шамасында кент орталығындағы С.Усабаев көшесінің тұрғынына медициналық көмек көрсетуге аттанады. Жас фельдшер көрсетілген мекенжайға келген бойда тосын жағдайға тап болады.Денсаулығы сыр берген тереңөзектік Күлсара Сапарова сала маманына буындары сырқырап, мазалап тұрғанын айтады. Арнайы ережеге сай Дәуіржан Мәжит науқасқа ем-шара қолданады. Ине шаншып, денсаулығының жақсаруын бақылайды. Қырағы маман бір мезетте үйден жағымсыз иіс шыққанын байқайды. Қапелімде ас бөлмесінен табиғи газдың шығып жатқанын аңғарған фельдшер сақтық іс-шарасын жасауға көшеді. Есік-терезені ашып, үйдегі отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсетеді. Заматында бөлмеге тараған улы газдың адам өміріне қауіптілігі жоғары болатын. Адамдардың улануына тосқауыл қойған фельдшер бар мақтауға лайық. Гиппократ антына адал бола білген кәсіби маман өз ісіне адалдық таныта білгені рас.
– Жаңа жыл күні мерекесінде көмек сұраған барлық адамға көмек қолын создық. Шын мәнінде, кәсіби тұрғыдан медициналық көмек көрсету – әрбір маманның міндеті. Күлсара апаға тиісті ем-шара қолданғаннан кейін «Жедел жәрдем» автокөлігінің жүргізушісі Нұрбол Обашқановпен «Қабылдау» бөлімшесіне апардық. Дәрігер бақылауына алып, науқастың денсаулығын қатаң қадағалауға алды. Әрине, үйге барған кезімізде алғашқыда «көгілдір отынның» иісі сезілмеді. Кез келген адам жасауға тиісті іс-әрекетке бардым, – дейді Дәуіржан Сәбитұлы.
Дәуіржан Сәбитұлы Сырдария аудандық ауруханасында 5 жылдан бері қызмет етіп келеді. Алғаш «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмысқа орналасқан сала маманы кейіннен ота бөліміне ауысады. Аз ғана уақыттың ішінде мол тәжірибе жинақтаған ол – №131 Талғат Қозыбаев атындағы орта мектептің түлегі.
– Дәуіржан балама шынайы алғысымды айтамын. Біз отбасымызбен қиын жағдайға тап болғанымызда көмек қолын созғанына дән ризамыз. Бір үйлі жанды аман алып қалды десем, болады. Жаны жақсылыққа жақын баламның еңбегін ерекше бағалаймын. Мүмкін мен «Жедел жәрдем» шақырмасам, үйімізде қайғылы жағдай орын алатын еді, – дейді Күлсара Сапарова.
Балтабай ОРДАБЕКОВ












Пікір 1