Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

Изгелен

Изгеленнің көзінің алды қарауытып кетті. Мурадпен бірге болған өмірдің күл-паршасы шықты. «Құдайым-ау, мұ­ны маған неге айтпаған?». Изгелен конверттің сыртындағы мөрін қарады. Хат Мурад аспирантураға жүріп кеткеннен кейін келіпті. «Демек ол өзінің ұлы бар екенін білмейді. Есесіне мен білемін. Мен не істеу керек екенін де білемін!».

Изгелен тәуекелге бел буды. Ол «Мурад­тың бақытты болуы үшін ке­дер­гі жасауға хақым жоқ» деп ойлаған. Өйткені Мурад Нателла мен оның ұлына тиесілі, ол Нателланы сүйеді. «Сүйді ма? Мүмкін әлі күнге дейін сүйетін шығар? Мүмкін ол мені сүймеген шығар, онымен ренжісіп қал­ған­нан кейін оны тезірек ұмыту үшін маған үйлене салған шығар?».
Изгелен қызын шешесінің үйіне жіберді де, Тбилисиге телеграмма жіберді. Бұл телеграммада Нателланың Мар­хитауға келуін сұраған болатын. Қол қоятын жерде мынадай жазу болды: «Мурадтың қарындасы – Изгелен». Нателла жауабын кешіктірген жоқ, бері қарай телеграмма жіберді, телеграммада былай жазылыпты: «Мурадпен бірге шығамын, 15 пойыз, 7-вагон, күтіп алыңдар, беттеріңнен сүйдім, Нателла».
Міне, Изгелен оларды күтіп алуға шықты. Жетінші вагон. Ол бұл цифрды өмір-бақи ұмытпайды. Содан бері жетінші вагонға билет алмайды.
Пойыз келіп тоқтады, вагоннан жолаушылар түсе бастады. Біреу, екеу, үшеу... Міне, бір сұлу жас келіншек шықты, қолында бала бар. «Сол ма? Анау баласы ма? Әрине». Изгелен қастарына жетіп барды, баланы қолына алды, бетінен сүйді. Көзіне жас үйірілді. Қызғаныштың жасы ма? Қуаныштың жасы ма?
Нателла қуаныштың жасы деп шешті. Ол да көздері жасқа толып, Изгеленді құшақтай алды. Бұлар құшақ­тасқан күйлерінде апалы-сіңлілі адамдардай жылап тұрды. Ненің жасы? Қуаныштың ба, қасіреттің ба? Екеуі де әдемі, сымбатты, шаштары қап-қара, сұлу арулар. Тек Изгеленнің сұлулығы салмақтылау, өз жеріндегі Дағыстан таулары секілді ызғарлы, ал Нателла грузин ертегілеріндегі кездесетін пері­нің қызы сияқты сұлу.
– Нателла, сен қандай сұлу едің! – деді Изгелен, құшақтары жазылып, бір-біріне көз тоқтатқан кезде. Сосын өзін зорлап қалжың айтты:
– Ағамның талғамы жаман емес.
Нателла тіпті бақыттан басы айналып, ештеңе көрмеді. Ол шынында бақытты еді. Үйге келгеннен соң, Изгелен ағасымен уақытша бірге тұрып жатырмын деді. Аспирантурада жүрген кездерінде үйге біреу қарау керек қой. Енді Нателла өзін тіпті еркін сезінді, өзінің ойларымен бөлісе бастады, ескі мебельдің орнына не алу керектігі, Мурадпен қай бөлмеде тұратынын, ал кішкентай Мурадқа қай бөлмені беретінін айтты. Бұл сөздер Изгеленнің жүрегіне инедей қадалып жатты. Өзі байқамай-ақ, адамдар бір-бірінің жанын ауырта береді екен. Изгелен әбден абыржыды. Бұл әйелдің бұл жерде билеп-төстейтін қандай хақысы бар? Мынау үйде, бұның әрбір затқа қолдары тиген, әрбір дү­ние өзінің тұрған жерінде, мына палас пен кілемдерге мұның аяғының іздері түскен, кішкентай қызының да аяғының іздері түскен үйде бұл әйелдің бұлай сөйлеуге қандай хақысы бар? Бөтен адамның бақыты үшін бұл неге өз бақытын құрбан етуі керек?
Бөтен? Иә, бұлар бұған бөтен. Бірақ Мурадқа емес. Ол – Мурадтың бірінші махаббаты, бірінші әйелі, мынау оның ұлы, ұрпағын жалғастырушы. Ұл, әрбір тау халқының ұраны емес пе? Мурад өзінің қызын өте жақсы көреді, ал ұлы бар екенін білсе ше? Жоқ, бұл Мурад пен Нателланың жолында тұрмайды. Бірақ бұл қызын әкесінің аялы ала­қанынан айыруға хақысы бар ма?
Бірақ, бұл өмірде ненің де болса сұрауы, өтеуі бар. Сонда бұл өтем, Мурадпен бірге болған бақытты күндердің өтеуі болса керек. Нателла тағдырға бұл өтеуді өзінің шалыс басқан «масқарасымен» бірінші болып қайтарды. Әке-шешесінің, туыс­тары мен достарының алдында масқара болып, кішкентай бала әкенің қамқорлығынан айрылды. Ендігі кезек Изгелендікі. Ал, қызы ше? Дұрысы, осы кезде кетіп тынған дұрыс шығар. Бұл кезде қызы ештеңе түсінбейді, сондықтан айрылысу да жеңіл. Кейін өскесін бәрін түсіндіреді. Мұндай бақыт енді бола бермейді, басқа ештеңе де керегі жоқ. Изгеленнің бұл шешімі кешке қарай өрши түсті. Өйткені Нателла бұған қалай танысқанын, қалай сөз салғанын, қалай қыдырғандарын, түгел баяндап берді. Бұл бір ыңғайсыз әңгіме болды. Ал, Нателла таңғала сұрап қояды: «Сені ағаңның өмірі қызықтырмай ма?» Солай деп, қайта­дан бастайды. Изгеленнің сыры ашылып қалудан оңтүстіктің ерте түсетін қараңғылығы ғана құтқарды.
Шынына келгенде мұндай екіжүз­ділікті ол ұзақ уақыт ұстай алмайтын еді. Бірақ мұның да сәті бола кетті. Ертеңіне Мурад демалысқа келетін болды, не де болса осы жолы бәріне нүкте қойылатын еді.
Мурадты күтіп алуға үшеу боп барды: Нателла ұлымен және Изгелен. Моск­ва-Баку жүрдек пойызы шатқалдың қойнауынан ирелеңдеп шықты да, перронға келіп тоқтады. Пойыздан бір-ақ жолаушы түсті, ол Мурад болатын. Ол тепкішектен жеңіл қарғып түсті де бері жүрді, жүзі шат, бір қолында портфель, бір қолында гүл бар еді. Ол осы кезде алдымен Нателланы көрді, Изгелен оны алдына жіберген болатын. Жүзіндегі күлкі жоқ болып кетті.
– Нателла? Сен қайдан жүрсің?
– Сәлемет пе, Мурад! – Нателла оның мойнына асыла кетті де, бетінен сүйді.
– Біз, біржола келдік.
– «Бізің» кім? – деді Мурад әлі ештеңе түсінбей.
– Мен, сосын сенің ұлың – кішкентай Мурад.
– Менің ұлым? Мурадтың жүзі бал-бұл жайнап кетті. Ол портфельді де, гүлді де жерге тастай салып, ұлын бауырына қысып, шөпілдетіп сүйе бас­тады. Кенет ол тоқ ұрғандай тоқтай қалды. Баланы ұстата салды да, Нателлаға ма, әлде айдалаға айтты ма:
– Изгелен қайда? – деп сұрады.
– Қарындасың ба? Жаңа ғана осы жерде еді ғой. – Нателла абыржып, жан-жағына қарады.
Дәл осы кезде пойыз қозғалды, пойыздың жылдамдығы бірте-бірте күшейе түсті. Пойыз жүрдек пойыз болатын, сондықтан мынадай Мархитау сияқты станцияларға екі-ақ минут тоқтайтын. Жаңа ғана Мурад мініп келген вагонның тамбурында Изгелен тұр еді. Ол бұл кездесуді бастан-аяқ көрді, үлкен қара көздерінде көз жасы мөлтілдеп тұрды. Дәл, осы сәттерде не ойлады екен?.. Мурад пен Нателлаға кедергі болмайын деп шешкенмен, жүрегінің бір түкпірінде үміт ұшқыны бар еді. Мурад бірінші кімге ұмтылар екен: Нателлаға ма, әлде бұған ба? Ал, бұған бірінші болып ұмтылса кешірер ме еді? Айту қиын, бәрі де мүмкін, былай да, былай да болуы мүмкін. Немесе, бәрі Мурадқа байланысты еді. Енді, міне мәселе бір жағына қарай шешілді. Ол, алдын-ала алып қойған билетті жолсерікке көрсетті де, вагонға кірді. Ендігі шешім біржола шешім еді. Мұның бәрі, мұның өмірі еді. Көздерінде жас толып тұрды.
– Изгелен! – деді Мурад, жүріп бара жатқан пойыздың соңынан ұмтылып. – Мен саған бәрін түсіндірем.
– Қош бол, Мурад, бақытты болыңдар! – деді Изгелен тамағына тығылған өксікті жұтып тұрып. – Нателла маған бәрін айтты. Қош бол!
Вагонға кіргеннен кейін Изгелен тоқтаусыз көз жасына ерік берді.
Осыдан кейін кешікпей Мурад Изгеленге келіп кетті. Кешірім сұрады, ешқандай кінәсы жоқ екенін айтты.
– Ал, мен сені кінәлап жатқаным жоқ, Мурад, – деді Изгелен. – Бірақ, сен ұлыңды құшақтап тұрған кездегі қуанышыңды көргенде, біздің бірге тұра алмайтынымызды түсіндім. Сен оларға керексің, оларға баруың керек, ал маған бұдан былай келуші болма.
Осыларды айтып отырып, Изгелен осы оқиғаларды қайтадан басынан кешкендей болып көрінді. Бірақ оның бұл қасіреті ішіне шемен болып қатып қалған болу керек, өйткені көз­дерінен жас та көрінбейді. Бірақ мен жұдырығымды тас қылып түйіп алдым, әйтпесе жылап жіберетін едім. Мен, әңгімені үнсіз тыңдадым, орынсыз сөзбен Изгеленді ренжітіп алармын деп қорыққан болуым керек. Әлде басқа да себеп болған шығар, кім білсін.
Оны аяғаннан басқа, иығымнан бір жүк түскендей жеңілдікті, сосын жүрегімнің түкпіріндегі жатқан қуаныш секілді бірдеңені сездім. Ұят та болса мұны мойындауға тура келеді. Өйткені, Изгеленнің басы бос қой. Енді өзімді кінәлауға көштім: «адамның басына осындай қайғы түскенде, сен не ойлап кеттің, оңбаған» дегендей. Сонда да өзіме ештеңе істей алмадым. Оның өзі айтқан жоқ па еді, бақ пен қайғы қатар жүреді екен деп. Оның басына түскен қасірет Нателла үшін бақыт болып орнады. Мүмкін, менің де... Мүмкін қазір болмағанмен кейін менің де бақытым үшін күресуіме хақым бар шығар? Сөйтіп осы кіршіксіз махаббатыммен, оның басындағы қайғысын жеңілдете алатын шығармын?
Басына түскен ауыртпалыққа қарамастан, Изгелен бұрынғысынша сұлу еді. Жүрегімнің түкпіріндегі әлдебір үміттен шабыт алған сезім, енді қайтадан бой көтеріп келе жатты. Мен оған он жеті жастағы бозбаладай қайтадан ғашық болдым. Осындай бейнетті басынан өткерген ол, енді бұрынғысынан да жақын, бұрынғысынан да қымбатырақ көрінді. Мен оған қазір, осы қазір керегірек екенімді түсіндім, мен оны жұбату үшін де, енді болатын қиындықтан қорғау үшін де керек екенімді түсіндім. Шіркін, Изгеленді құшақтар ма еді, сөйтіп ол менің кеудеме басын қойып, ішіндегі бар қасіретін, мұңын, көрген жәбірін жылап, көз жасымен ішін босатып алса ғой. Бірақ мен мұны істемек түгілі, бір ауыз сөз айтуға қорықтым. Өйткені ренжітіп алуым мүмкін еді. Сондықтан мұның бәрін көзбен жеткізуге тырысып, оның жүзіне қарадым.
Жолсерік келесі станцияны хабарлады: Мамедпорт. Изгелен жинала бастады. Әңгіме кезінде Изгелен маған қарамауға тырысқан, енді маған қадала қарап, жүзімнен бірдеңе білгісі келгендей. Ол маған қараған кезде, үлкен әдемі қара көздерінде күлкі тұрды.
– Міне, енді мен басымнан өткен өмірді айтып болдым, атақты журналист Гурам Булатов. Уақыт болды.
Мен не айтарымды білмедім, оның чемоданын қолыма алдым, екеуіміз перронға шықтық. Қоштасып тұрып мен Изгеленнің қолынан ұстадым, осылай бір-бірімізге айтуға сөз таппай перронда тұрып қалдық.
Пойыз қозғалды. Жүріп бара жат­қан кезде вагонның тепкішегіне қар­ғып міндім де, көкейімде тұрған сөзді айғайлап айттым:
– Изгелен, мен сені кездестіргеніме қуаныштымын. Мен қайтсем де сені тауып алам.
Ал Изгелен вагонның ішінде тұрып басын шайқады. Пойыз жүрісін жылдамдата түсті, ал Изгеленнің сымбатты тұлғасы алыстай берді. Ақыры ол маған қол бұлғады, әлде маған солай көрінді ме...
Гурам үнсіз қалды. Біз, бәріміз үнсіз қалдық. Әйелдердің көз құрты болған, жаңғалақ, ақкөңіл, «Шатун» деп ата­лып кеткен досымызды жаңа бір қыры­нан көргендей болдық. Әңгіменің әсер­лі болғаны сонша, әлі үнсізбіз.
Сааду тыныштықты бірінші болып бұзды:
– Ал содан кейін Изгеленді іздеп көрмедің бе?
– Көрмедің бе деген сөздің өзі, – айтатын ештеңе жоқ деген сөз. Содан бір жеті өткесін мен Мамедпортқа барып, оның әке-шешесімен жолықтым. Бірақ ол жерде Изгелен қызымен бірге жоқ болып шықты. Ал қай жаққа кеткенін айтпады, шамасы ол мұны ешкімге айтпауды қатаң тапсырған болу керек. Содан бері қанша жерді шарладым, жоқ. Білетінім, ол, осы рес­публика көлемінде жоқ, бұл анық. Ал қай жаққа кеткенін біле алмадым.
– Мүмкін, біздің көмегіміз тиер? –деді Сааду.
– Жоқ, – деді Гурам кесіп. – Бұл менің шаруам. Мен оны қай жерде жүрсе де тауып алам.
– Онда не дейміз, бұл нағыз жігіттің сөзі. Мен бұл тосты сенің оны тезірек тауып, үйленуің үшін алып қоям.
Саадудың бұл сөзі бәріміздің көңі­лімізді көтеріп жіберді. Біз бір-біріміздің қолымыздан ұстап тұрып, алып қойдық.
– Сааду, ендігі кезек сенікі, – деді Гурам бәріміз орнымызға отырған кезде.
– Несі бар, айтамыз. – Сааду бәрі­міз­ді көзінің астымен қарап шықты. Мүмкін, мен де жеңілдеп қалармын. Ол әңгімесін бастап кетті.

Бақтияр МЫРЗАШ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
(Жалғасы бар...)
26 сәуір 2025 ж. 124 0