Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 34 газет

10 мамыр 2025 ж.

№ 33 газет

06 мамыр 2025 ж.

№ 32 газет

03 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
» » Алғыс алған арымас

Алғыс алған арымас

Қоғамда іске алғысыз мамандық жоқ, тек әр кәсіптің  өз қиындығы мен қызықшылығы бар. Жүрек қалауымен таңдаған кәсібіне адалдық танытып, жауапкершілікпен қарайтын адам қай кезде де абыройға бөленері белгілі. Әсіресе, адам жанының арашашысы – медицина саласында еңбек етудің жауапкершілік жүгі ауыр екені түсінікті.

Басы ауырып, балтыры сыздаған жан алдымен құдайдан, сосын ақ халаттылардан жәрдем сұрайды. Емімен де, жылы сөзімен де дертіне шипа тауып, аурудан айықтырған маманға халық қашан да риза. «Алғыс алған арымас» демекші, ризашылыққа бөленген жанның қай кезде де бәсі биік, ортасында сый-құрметі айрықша.   Ауылдастарының алғы­сын алып, ризашылығына бөленіп жүрген сондай маманның бірі – Гүлжан Жүсіпбаева. Ол Сырдария ауданына қарасты Н.Ілиясов ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда мейіргер болып еңбек етеді.

Гүлжан Мұзарапшанқызы 8-сыныптан соң  Жезқазған қаласындағы медициналық училищеге оқуға түсті. 1990 жылы оқу орнын «Жалпытәжірибелік мейірбике» ма­мандығы бойынша ойдағыдай бітіріп, дип­лом алды. Сол жылдың тамыз айынан  еңбек жолын Жезқазғандағы «Малыш» балалар ішек санаториясында бастады. 1991 жылы Тереңөзек ауданындағы стоматология кабинетінің мейірбикесі болып жұмыс істеді. 1992 жылдан бері Н.Ілиясов дәрігерлік амбулаториясында  қызмет атқарып келеді.  Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, кәсібіне адал, ақ жарқын, жүзінен мейірім төгілген, жан-жағынан көмегін аямайтын көпшіл жанды ауылдастары да құрметтейді. 

Ол өзінің негізгі міндетінен бөлек, қо­ғамдық жұмыстарға да белсене қатысады.  Тұрғындар саулығын қорғау жолындағы үз­діксіз еңбегі  лайықты бағаланып келеді. Мәселен, арғысын айтпағанда, 2023 жылы ауыл әкімінің Алғыс хатын алса, 2024 жылы республикалық үздік медицина қызметкері байқауына қатысып,  «ҚР Үздік медицина қыметкері»  атанып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.

Үнемі ізденіс үстінде жүретін ол  «Кәсіби емдік массаж» біліктілік арттыру курсынан өтіп, қазіргі кезде  қосымша балаларға массаж жасайды.

Ұзақ жылдық еңбек тәжірибесінде меди­цина саласының, оның ішінде мейіргерлік істің қыр-сырына қаныққан, ауыл ма­маны ретінде қаншама қиындық пен қызық­шы­лықты басынан өткерген Гүлжан Мұ­за­­рап­шанқызының жас мамандарға өз ай­тары, бөлісер бай тәжірибесі бар. Ол сонау 1990-2000 жылдардың басындағы ауыл ме­ди­цинасының жағдайын қазіргімен са­лыс­тыруға болмайтынын, бүгінгі ауыл ме­дицинасы әлдеқайда алға озғанын, жаңа ғи­марат, заманауи санитарлық автокөлік, өзге де игіліктер тұрғындар саулығын сақтауда мамандарға да зор жігер беретінін айтады.

Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
23 сәуір 2025 ж. 162 0