Жастар мен кітап: Қазіргі оқылым мәдениеті қандай?

Бүгінгі күннің басты ерекшелігі – ақпараттың көптігі. Әлеуметтік желілер, TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформалар жастардың негізгі уақыты мен зейінін өзіне аударып алды. Қысқа әрі жеңіл контентке үйренген ми ауыр әрі ұзақ мәтіндерді қабылдауға құлықсыз болып барады. Осы орайда, кітап оқу – жастардың күнделікті әдетінен алыстап бара жатқандай әсер қалдырады.
Дегенмен, бұл – барлығы кітап оқымайды деген сөз емес. Қазіргі таңда әдебиетке бет бұрып, терең мазмұнды туындыларды іздейтін жастар да жетерлік. Бірақ олардың үлесі, өкінішке қарай, кең ауқымдағы жастармен салыстырғанда аз.
Бүгінгі жастар арасында мотивациялық, психологиялық және өзін-өзі дамытуға арналған кітаптарға сұраныс жоғары. Робин Шарма, Наполеон Хилл, Дейл Карнеги сияқты авторлардың еңбектері көп оқылады. Бұл – қазіргі қоғамның жылдам өзгеріп жатқан талабына сай, жастардың өзін табуға деген ұмтылысынан туындаған үрдіс. Сонымен қатар, шетелдік бестселлерлер – көркем әдебиеттен гөрі, жеңіл оқылатын, қызықты сюжетке құрылған кітаптар да көп оқылады. Ал қазақ әдебиетіне келсек, классик жазушыларымыздың еңбектеріне жастар сирек бет бұрады. Бұл – алаңдататын жайт.
Кітап – адамның ой-өрісін дамытады, сөздік қорын байытады, қиялын ұштайды. Кітапты үнемі оқитын адамның сөйлеу мәнері, ойлау қабілеті, дүниетанымы өзгеше болады. Бұл – өмір сапасына тікелей әсер ететін фактор. Жастар үшін кітап оқу – болашаққа салынған инвестиция. Дәл бүгінгі таңда алған ақпарат ертеңгі күні олардың шешім қабылдау, талдау жасау қабілетіне әсер етеді. Сондықтан тек көңіл көтеретін емес, ойландыратын, тәрбиелейтін, бағыт беретін кітаптарды оқу маңызды.
Қағаз кітаптармен қатар, электронды нұсқалар мен аудиокітаптар жастар үшін тиімді балама болып отыр. Қалта телефонында кез келген уақытта кітап тыңдау немесе оқу – уақыт үнемдеудің тиімді тәсілі. Бұл – оқылым мәдениетінің жаңа бет-бейнесі десек болады.
Мектеп пен ЖОО бағдарламаларын жаңарту: Оқушылар мен студенттерге қызықты, өмірге жақын, заманауи шығармаларды ұсыну.Қазақ авторларын қолдау: Жас жазушылардың туындыларын насихаттап, олардың шығармашылығын жастарға таныстыру.
Кітапханаларды заманауи ету: Оқырманға тартымды орта, кітап кофеханалары, коворкинг алаңдары арқылы кітап оқуды сәнге айналдыру. Мотивациялық челлендждер ұйымдастыру: "Аптасына бір кітап", "Оқы да бөліс" сынды жобалар арқылы жастардың қызығушылығын арттыру.
Кітап – заман ауысып, технология қанша дамыса да, адамзатқа қажет басты рухани азық болып қала береді. Бүгінгі жастардың оқылым мәдениеті өзгеріп келеді, бірақ бұл өзгеріс кітаптан алыстау емес, жаңа форматта қайта жақындау болуға тиіс. Ендеше, болашағымыздың иесі – жастар кітаппен дос болсын десек, сол достықты қолдауға бәріміз бірдей үлес қосуымыз керек.
НҰРБЕКҚЫЗЫ АЛТЫНАЙ
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің
4 курс студенті
Фото: Ашық дереккөзден