Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірлік дәстүрге айналған қауынқақ

Өмірлік дәстүрге айналған қауынқақ

Тарихқа толы қазақы болмысымызды айқындайтын тағамдардың алуан түрі бар. Соның ішінде жылдар бойы дәстүрлі дәмге айналған – Ажаркүл апамыздың қауынқағы. Талайдың таңдайын қақтырған қауынқұрт ерекше дәмге ие. Жасы сексеннің төрінде болса да, алтындай қолдарымен әлі күнге дейін қауынның дәмдерін өзі жасайды.

1944 жылы Қазалы ауданында дүние есігін ашқан Ажаркүл Құлмырзаева қазіргі таңда ардақты әже. Арал теңізінің маржанын аулаудан шебер, аң-құс атудың мергені болған Балгер Құлмырзаевқа 1961 жылы тұрмысқа шыққан. Үй шаруасы мен бала тәрбиесін қатар ала жүріп ауылға сыйлы бола білген. Шаңырағында он сәбидің шырылы естіліп, екі бала бүлдіршін шағында жарық дүниемен қош айтысқан. Осындай ауыртпалыққа мойымай, сегіз баланы өсіріп, жеткізген – қайсар ана отбасымен 1986 жылы Іңкәрдария ауылына қоныс аударған.

– Әлі есімде қыстың қытымыр аязында осы Іңкәрдария ауылына көшіп келдік. Тез сіңісіп, үйрендік. Осы жақта жолдасым екі тракторды айдап зейнетке шықты. Дарияның бойы деп қуанып, көшкен себебіміз балық болатын. Бұл жақтың да балығын жеді, ауыл тұрғындарына да таратып беретін. Жолдасым балыққа жақын болса, мен қауынқұрт, қауынқақ жасауға икемді болдым. Бес қыз, үш ұлым бар. Тұрмыстағы қыздарыма ылғи жасап, салып жіберіп тұратынмын. Қазір немере, шөберелер бар. Солар оқуға кетерде дайындап, беріп жіберемін. Осы көзкөргендерім жесінші деп, жыл бойы көптеп әзірлеймін. Артылғанын жақындағы көрші-қолаңға таратамыз. Қай жылдары жолдасым дүниеден өтті. Артынша араға жыл салып үлкен балам да қайтты. Қазір ортаншы баламның қолында тұрамын, – деді Ажаркүл Құлмырзаева.
Алтын құрсақты ана бүгінгі күні де бақуатты. Ошаққа қара қазанды қойып, от жағып, тосапқа дейін өзі дайындап, қысқа әзірлеп қояды. Қолы ашық, жүрегі жайсаң қарт анамыз қазіргі таңда ауыл тұрғындарының құрмет-қошеметіне бөленген. Жастайынан қауынқұрт пен қауынқақ жасауды жаны сүйетін Ажаркүл апамыз әлі күнге дейін қолы қалт етсе бірден сүйікті ісіне кіріседі.

Қауынқақ – тығыз, құрамында қанты көп, әбден піскен қауыннан жасалады. Қабығы аршылып, ішіндегі дәні де алынып тасталады. Жұқалап туралып, кептіріледі. Кептірілген тілімдерді өріп бір пішінге келтіріп тағы да кептіреді. Дайын болған дәмді тоңазытқышта сақтайды. Айтқанда бәрі оңай әрине. Ісіне келгенде жауапкершілік пен шыдамдылықты талап ететін тәттінің бір түрі.

Бұл туралы алтын құрсақты анамыз сөзінде «Бала кезімнен анамның үйреткен әдісімен істеймін. Сол кездері анам ешкіні сойдырып, терісінен мес дайындап, кептірілген қауынқақтарды «шаш өрген» тәрізді өріп жаңағы дайын меске салып тастайтын. Содан көргенімді әлі күнге дейін жасап келемін. Біздің баяғы кезде сату деген жоқ еді. Ауыл тұрғындарына таратып беретін едік. Шүкір ғой, қазір де таратып, алғысқа бөленудеміз. Қауынқақтың бір ерекшелігі ұзыншалап кесіп алғаннан кейін міндетті түрде «ағашқа» жа­йып, кептіру керек. Сым, темір болмайды. Ағашқа ілініп кептірілгеннен кейін өреміз, болмаса ораймыз, әйтеуір бір пішінге келтіреміз. Өсіп келе жатқан балаларға көптеп жегізу пайдалы. Бұл дәруменге бай өнім. Үлкені де, кішісі де жеу керек» деп қыр-сырын айтып өтті.

Жылдың төрт мезгілі болсын ша­ңырағынан қа­уыннан жасалған дәм үзілмейтін ерекше еңселі үйдің отанасы – өзінің жаны қалап істейтін ісін кәсіпке ай­налдырған Ажаркүл Құлмырзаеваның отбасында өзінен бөлек ортаншы баласы да кәсіппен айналысады. 2023 жылы автокөліктердің шинасын жамайтын шағын кәсіп ашқан. Күнделікті болмаса да ауыл тұрғындарына пайдасы тиіп, нәпақасын тауып отыр. Отбасымен кәсіпке жақын жандар ел-жұртқа үлгі.

                                                             
  
– Біздің міндетіміз бұрынғы қазақы асымызды ұмыт қалдырмау. Қазір келінім де бірге істейді. Менің парызым – соларға үйрету.  Қауынқақтан бөлек қауынқұрт та жасаймыз. Ол қауынқаққа қарағанда оңай. Қауынқұртқа қауынның ішін текшелеп турап аламыз. Ошаққа қазан қойып, қауынды салып қайнатамын. Ол қайнаған сайын қоюланады. Негізі сүзбе қосып қайнатқан дәмдірек. Ол үшін айранды ірітіп, сүзбе жасаймыз. Қайнап жатқан қауынқұртқа қосып араластырамыз. Әбден қою болғанда қазаннан түсіріп, суытады. Мына жақтан оны жаятын, «темірден жасалған тор» дайындау керек. Суығаннан кейін көлемін құртқа ұқсатып жаяды. Жайғаннан кейін қауынқұрттан суы бөлініп ағып кетеді. Келесі күні екінші жағын аударып қоямыз. Солай кепкен қауынқұрт да­йын. Менің шөберелерім сүйіп жейді. Қолыма қауын түссе болды немере-шөбереге деп дайындауға кірісіп кетемін. Бұл қауынқұрт иммунитетті көтереді. Молынан жеп тұру керек, – деп қазақы дәстүрлі дәмнің құпиясымен бөлісті алтын қолды Ажаркүл апа.

Қарттық жасқа қарамай күйбең тірлікке берілген ардақты жан – көпті көріп, жұртқа үлгі болып отырған қайсар ана. Әжелеріміздің қолынан шыққан әрбір ас ерекше дәмге ие екені белгілі. Осындай ақ жаулықты әжелеріміз аман болып, қазақы дәстүр ұмытылып бара жатқан тағамдарымыз қайта жандана берсін.

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ

19 сәуір 2025 ж. 187 0