Атадан мал қалғанша...

Іңкәрдария ауылының тұрғындары үшін бұл бақ – баға жетпес байлық. Себебі, бақтың әрбір жемісі тек игілік үшін теріліп, таратылады. Иә, дұрыс оқыдыңыз, тегін таратылады, сатылмайды. Бұл бақтың ерекшелігі бұл ғана емес, тарихында.
– 1995-2000 жылдар аралығында көркейту-көгалдандыру бағдарламасы бойынша, сол кездегі аудан әкімі Алмагүл Божанованың бастамасымен Іңкәрдария совхозының директоры Асарбек Тәуекелов, ауылдық совет Құрбан Искаков, аудандық мәслихат депутаты, әкем Қуанышбай Нұрмағамбетов ақсақалдардың бастамасымен алма бағы егілді. Көшеттер Хорезмнен, Шіркейлі, Шаған ауылынан әкеліп отырғызылды. Артынша совхоз тарап, ауылдың ақсақалдарының ұсынуымен 2000 жылдан бастап баққа әкемнің аты берілді. Сол жылдан бері «Қуанышбай» бағын біз, балалары, күтіп, баптаймыз, – деді бақ күтушісі Нұрлан Қуанышбайұлы.
Екі гектар жерді алып жатқан жасыл желекте 4-5 түрлі жеміс ағашы егілген. Жаздың алғашқы айында шие мен сары өрік піссе, орта жағында иісі мұрынды жарып, уылжыған алма пісіп тұрады. Соңғы айларда қара өрік пісіп, күзде дәмі тіл үйіретін шабдалы да теруге дайын. Бақ тек жеміс ағаштарынан құралмаған. Қосымша төрт түлікке азық болсын деп жоңышқа да өсірілген. Әр орымды кезекпен ауыл тұрғындары бөліп алып отырған. Айналасы «келіншек ағашпен» қоршалып тұрған «Қуанышбай» бағын Нұрлан Нұрмағамбетов жалғыз баптамайды.
– Көктем келсе, ауыл тұрғындары түгел ауылдың айналасын тазартуға жұмыла кірісеміз. Бақты жалғыз мен ғана баптап қарамаймын, өзімнен бөлек ауылда тұратын 3 інім бар, бір інім қалада тұрады. Талдарды қию, арықтау, тазарту жұмыстарын бауырларыммен бірге жүргіземіз. Суару жағын ауыл болып реттейміз. Біздің әулетке ғана тапсырылғанмен, бүкіл ауыл бір ауыздан көктемдік бақтағы тазарту жұмысын жұмыла атқарамыз. Күзде жеміс піскенде ауыл болып жинап үй-үйге таратамыз. Жыл сайын бізде көшеттер шығады. Соны әкімнің бастамасымен ауыл орталықтарын, мекемелердің алдын абаттандыру мақсатында жас көшеттерді осы бақтан береміз, – деп айтып өтті бақ баптаушысы.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп бекер айтылмағанын Іңкәрдария ауылының тұрғындары үлгілі іспен көрсетіп келеді. Егін егіп, мал бағып, жұмыла іс көтеретін іңкәрлықтар шағын ауылды гүлдендіріп келеді. Барлық игі іс ауыл тұрғындары үшін жасалып жатқаны анық. Ауызбірлігі жарасып, қай кезде де қолғабыс етуге даяр жанашыр халық еңбегін де айтып өту орынды.
Көктемгі бақтың гүлдеуі табиғаттың жаңаруынан хабар беріп тұрғандай. Ал жемісін шаттана жеу де – ауыл тұрғындары үшін бір қуаныш. Ауыл халқына бақтың қаншалықты маңызды екенін мынадан байқауға болады. «Көктемшілік көшеттерді егумен айналыссақ, күзде бақтың жемісіне тоямыз. Тіпті былтырғы терген алманы кешегі өткен айға дейін жеп келдік» деп шынайы ықыласын білдірді ауыл тұрғындары.
Осындай сауапқа толы істің бастамасы көп болғай. 30 жылға жуық тарихы бар «Қуанышбай» бағына әлі күнге дейін жаңа көшеттер отырғызылып келеді. Жылдар бойы халықтың алғысына кенелген баққа күтім жасау да үлкен жауапкершілік. Оны өз міндеті санап, «әкемнің көзі» деп білген Нұрлан Қуанышбайұлы да бұл атқарып отырған ісіне разы. «Жақсының жақсылығын айт» дегендей, игі істің шыңы бола білген бақ және оны баптаушы ауыл тұрғындарына сарқылмас қайрат тілейміз!
Гүлсезім ТАБЫНБАЙ