Майдангер мұғалім

...1941 жылы жойқын күшпен келіп СССР-ге тарпа бас салған фашистік Германия әскері бақайшағына дейін қаруланғаны тарихтан белгілі. Ол жолында кездескен елді-мекендерді таптап, жаншып сол кездегі Кеңес Одағының бас қаласын бір күнде басып аламыз деп ойлады. Біздің кейіпкеріміз Құрман Ибраев та көптеген қазақстандықтар сапында майданға аттанған еді. Бұл 1942 жылдың тамыз айының 25-і болатын. Майданға кірмес бұрын қысқа мерзімді әскери даярлықтан өткеннен кейін 342-атқыштар полкі құрамында жан алып, жан беріскен ұрыстарға қатысты. Бұл кезде жау күші басым түсіп, әрбір қадам жер үшін ұрыстар жүріп жатқан еді. Кезекті бір ұрыс кезінде полк командирі жау оғынан мерт болып, тез шешім қабылдауға тура келеді. Әскери уақыттың тәртібі бойынша қаза тапқан командирдің орнына Құрман аға Ибраев бөлімше командирі болып тағайындалады және ұрысты тоқтатпау, жау шебін бұзып өту жөнінде бұйрық беріледі. Осылайша 3-ші Украина майданындағы ұрыстарға қатысқан полк жауынгерлері жанқиярлықпен ерлік үлгісін көрсетті.
1943 жылдан бастап Кеңес әскерлері жауға тойтарыс беріп, майдан даласында Кеңестік әскерилер Севастополь, Ленинград бағыттары бойынша неміс әскерін тықсыра бастады. Фашистер басып алған ірі қалалар мен деревняларды, шағын селоларды жау қолынан азат етті. Сөйтіп Құрман ағаның полкі Польшаға да жетті. Шілде айының соңы мен тамыз айының басында Кеңес әскері мен 1-ші Поляк әскерінің негізгі күші Буг өзенінің батыс жағалауына топтастырылып, Польшаның Хельм, Люблин, Демлин және Пулав қалаларын азат ету шайқастарына қатысады. 1944 жылы 14 тамызда Польшаның Яв қаласы үшін болған шайқаста Құрман аға ауыр жараланады. Сөйтіп, сол қаладағы әскери госпитальда ұзақ уақыт емделуге тура келеді. Сол жылы алған жарақаты салдарынан 3-дәрежелі мүгедектікпен әскери командованиенің №111 бұрығымен елге қайтуға рұқсат алады.
Құрман аға өз өмірбаянында «...1913 жылы 18 партия съезі атындағы колхозда, Қызылту ауыл Советінде Бектемісұлы Ыбырайдың отбасында дүниеге келдім» деп жазады. Әкесі қарапайым шаруа кісі болыпты. Диқаншылықпен айналысқан. Балаларын еңбекке баулып, адал нан табуға тәрбиелепті.
Ағайдың ұстаздық жолы соғысқа дейін 1931 жылдан бастау алады. Білімі жоғары. Соғыстан кейін 1953 жылы Қызылордадағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтты «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдап, мектептерде ұстаздық жолын жалғастырады. Ізденімпаз, ұйымдастырушылық қабілет деңгейінің жоғары екенін байқаған басшылар ол кісіні Шымбөгет, Ақарық, Шандайкөл, Бесікті, 1 Май мектептеріне директор етіп тағайындайды. Ол қай жерде жүрсе де сол жердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, ұстаздардың біліктілігін көтеруге, шәкірттерді тереңдете оқытуға үлкен мән береді. Ол өз әріптестері арасында өз ісінің нағыз шебері ретінде танылып, зор құрметке бөленді.
№135 мектеп түлегі, Қызылорда қаласының тұрғыны, білікті педагог Нәбира Ташимова өз естелігінде былай дейді: «... Қоғамдық істердің қалың ортасында өзіндік айшықты ізін қалдырған Ибраев Құрман ағай сабырлылығымен, ешкімге қиянаты жоқ адалдығымен, ойы терең парасаттылығымен өз ортасының қадірмендісі бола білген ақ жүректі кісінің бірі де бірегейі еді. Құрман аға білімге ұмтылған жеткіншектерді заман талабына сай тәрбиелеуде, жан-жақты жетілген, талантты дарын иелерін таныта алатын ұрпақ тәрбиелеуде ерекше тер төге білген ұлы тұлға, ұлы ұстаз еді» деп толғанады.
Құрман аға жайлы әңгіме айтыла қалса, ол кісіні білетіндердің көбі ағайдың соғысқа қатысқанын білмейді екен. Оған себеп кезінде соғыс жайлы көп айтылмағандықтан немесе ағайдың бойындағы қарапайымдылық, ұлы майдан жорығына қатысуды тек «ел алдындағы борышым, перзенттік парызым» деп түсінгендіктен болар.
«Ұстаз – ұлы тұлға» десек, сол ұлылық қарапайымдылықтан, адамдарға деген үлкен мейірімнен, білімділік пен адами қасиеттерден бастау алары анық. Ал Құрман ағаның бойында осынау адами қасиеттер жетіп-артылатын. Оның айналасындағы әріптестеріне, достарына, өзінен кішілерге ағалық қамқорлығы, үлкенге інілік ізеті, ағайын-туысқа деген көл-көсір құрметі ортаймаған қалпы өмірден өтті.
Ағайдың ұстаздық жолдағы қызметімен қоса екі рет ауылдық Кеңес депутаты болып сайлануы – оның қоғамдық өмірден алшақ кетпегендігін көрсетеді. Алғаш рет 1953 жылы 3-ші Сағынай көпірі сайлау округінен, екінші рет 1957 жылы №17 Күріш завод сайлау округінен депутат болып сайланады. Осылайша майдангер-ұстаз шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, туған өлкені түлетуге, оның өсіп-өркендеуіне, экономикасының қарыштап дамуына қоғамдық негізде өлшеусіз үлес қосады. Бала тәрбиесіндегі еңбегі өз алдына бір төбе.
Бүгінде Құрман ағаның шәкірттері еліміздің әр түкпірінде еңбек етсе, олардың да самайын ақ қырау шалған қадірменді ақсақал, ақ жаулықты әже атанып, немере-шөбере сүйіп отырған жайы бар. Соғыстан келгеннен кейін Құрман аға Омарқызы Қадиша анамызбен бас қосып, өз отауын құрады. 4 ұл мен 3 қыз өмірге келеді. Қадиша анамыз өмір бойы үй шаруасын атқарып, ағайдың алаңсыз қызмет істеуі үшін бар жағдайын жасаған, бала тәрбиесіне қараған. Үйінің таза, жайлы, жылы, берекелі болуын қадағалаған. Бүгінде Ибраевтар отбасы алып бір бәйтерек ағашы тәрізді тамыры тереңге жайылған үлкен бір әулетке айналған. 16 немере мен 14 шөбере Құрман ағайдың мың жылдық ғұмырын одан әрі жалғастырып жатыр.
Сәуле ЕРІМБЕТ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі