Құда-құда дегізген...
«Құда, құда дегізген, Құйрық-бауыр жегізген» депәндетіп, билеткен думан тойға басқұда болып бармасаңыз да, көрікті тойдың құрметті қонағы болған боларсыз. Яки құдалық тойдың салты мен дәстүрінен, ырымы мен жырымынан хабардар екеніңіз анық.
«Қыз – өріс, ұл – қоныс» дейді қазақ. Екі жас танысып, мәңгілік бір болуға ниет етсе, ата-ана барын салып, жиған-тергенін тойда шашып, бір басты екеу ету парызын абыроймен орындап шығуға кіріседі. Ұлдың туыстары қыздың үйіне сыйын сыпыра қылып, ырғап-жырғап барса, беташар рәсімінен кейін ұлдың шаңырағы қыздың туыстарын қонақ етеді. Қыз жақ та құда-жегжаттың сый-сияпатын, қызының киім-кешегі мен дүниесін алып, үкілеп өсірген қыздарының шаңырағын көріп, танысу мақсатында қонақ болып жатады. Бұл – құдалық рәсімі, құдалық той, құда күту деп аталатын салт.
«Бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болайық» деп құйрық-бауыр жеп, төс қағыстырған қос ата-ана осылайша туысқандық байланыс орнатады. Құда түсу – ертеден күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан жарасымды дәстүр. Тек заман ағымы мен сұранысына орай жаңарып, жаңғырып келе жатқаны болмаса, түпкі мәні, негізгі мақсаты туысқандық байланыс орнатып, екі жақтың танысуы. Құдалыққа әулеттің үлкендері, көзкөрген қарттары мен көпті көрген, жолы үлкен, жақын туыстар барады. Сондай-ақ жолы келген бірнеше келіннің ере баруының да өзіндік мәні бар.
Бүгінгі күні заман ағымына қарай түрленгені болмаса, салт-дәстүрлердің түпкі мағынасы жоғалмаған. Мысалы, біз сөз етіп отырған құдалық той алыс-беріспен шектеледі деу қате пікір. Біріншіден, екі жақ құдаласқанда, салтанатқа куә болған жақын-жуық танысып біліссе, екінші жағынан үлкен жауапкершілік арқалайды. Құдалыққа санаулы адам баратыны бәріне белгілі. Яғни, көп туыстың ішінен ең жақыны, көпті көргені, жолы үлкені іріктеліп, сый-құрметке ие болады.
Енді қараңыз, ұл жақтан он-жиырма шақты адам қыз алуға барды делік. Жаңа құдалармен жөн сұрасып, танысып, біліскен соң, қалыңдықты өзінің туған үйінен, туыс-бауырынан, мәпелеп өсірген әке-шешесінен алып, жаңа отауына, өз шаңырағына алып барады. Осы жерде қалыңдықпен бірге үлкен жауапкершілікті үлкен кісілер арқалайды. Иә, ең алдымен отбасыны сақтау екі жастың пайым-парасаты мен алған тәрбиесіне орай болғанымен, «үйлену оңай, үй болу қиын» деген және бар. Осындай сәтте құдалармен жөн білісіп, қызды ұзатып салған қыз жақтың үлкендері де, болашақ келінді ата-анасынан ұзатып алған ұл жақтың үлкендері де ақыл-кеңестерін беріп, өмірден түйгендерімен бөлісіп, оң бағыт пен бағдар беруі тиіс. Себебі, жастар өмірдің мәнін, отбасының құндылығын жете түсіне бермеуі мүмкін. «Көре-көре көсем боларсың...» демекші, жалпы қай тұста болса да өмір көрген үлкендердің тәжірибесі мол. Тек жас отбасыны ортаға алып, үйрету, білгенімен бөлісіп, ақыл-кеңесін беру маңызды. Осы жерде үй көрсету деген жақсы дәстүр бар. Яғни, шаңырақ құрған екі жасты екі жақтың тума-туысы кезек қонақ етіп жатады. Ондағы мақсат – туысқандықты нығайтып, жақын таныс-біліс болу, үй көрсетіп, кейін емін-еркін келіп тұруларына бағыттау. Сонымен қоса, жастарға отбасының мәнін, «жазылмаған заңын» ұғындырып, ақыл-кеңес беру көзделеді. Бұл дәстүрді де екі жақты табыстыруда жауапкершілік арқалап, қуанышқа куә болған жақын-жуықтың бастауы орынды.
Бұл мәселені тағы сөз етуге не себеп болды? 2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде 128,5 мың неке тіркелсе, оның 17,7 мыңы сәтсіз болып, ажырасумен аяқталған. Ресми түрде ажыраспаса да, бөлек кеткендерді қоспағандағы көрсеткіштің өзі осы. Айтпағымыз, халық дәстүрлері белгілі бір мақсатты мұрат ете құрастырылған. Сондықтан әр салт пен дәстүрдің астарынан ізгілік іздеп, тек ішіп-жеумен, сый алмасып, кит киюмен шектелмей, дүниелік мақсаттың айналасынан асып, өмірге келгендегі негізгі мақсатымызды естен шығармай, жаңғыртып отыру керек. Адам баласына уақыты келгенде жұбын тауып, отбасын құру, ұрпақ өрбіту парыз болса, жас шаңырақтың қабырғасын қатайтып, аяққа тұрғызу – ең алдымен ата-анаға, жақын-жуыққа абыройлы міндет.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ