Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазыналы қарттар – жеңіс тұғырында

Қазыналы қарттар – жеңіс тұғырында

Бұрын сан салада қызмет етіп, бүгінде қазыналы қартқа айналған сырдариялық ардагерлер күнделікті аудандық «Достық» үйінде бас қосады. Әрине, бос уақытын тиімді пайдаланатын ақылман ақсақал қауым бильярд ойнауды дәстүрге айналдырған. Ұлық мерекеде Тереңөзек кенті бойынша жиналған ардагер спортшылар бильярдтан жарысқа түсіп, өзара бақ сынады.

Көпшілік әсте ешкімге сыр алдыра қоймайтын, құрыш қолды құрылысшы Төлеу Сүлейменовтің ойынын бақылап отыр. Оның қарсыласы – Құдайберген Үсенбаев. Осыған дейін талай мәрте бір-бірімен кездескен қос қарсылас арасынан алдыңғысының бәсі жоғары болды. Осылайша, жарыстың көркін өзге қарсылас жұптар қыздырды. Бәсеке қызған шақта кәнігі мықты ардагерлер ойын барысында сыр бермеді. Ере­жеге сәйкес, әр бұрыштағы ұяшыққа тасты дөңгелете жөнелткен ардагерлер жеңімпаз болуға ұмтылды. Әрқайсысы бильярд таяғын ұстауда жаңылысуға жол бермейді.

Бірнеше сағатқа созылған жарыста аудандық ардагер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев сөз алып, замандастарына сәттілік тіледі.

– Бүгін жарысқа шыққан кез келген ардагер жеңімпаз болуға лайықты. Әркез табандылық танытып, ақсүйек ойыны саналатын бильярдпен барлығы айналысып келеді. Ұлыстың ұлы күнінде мерекені айшықтай түскен бар­шаңызға амандық-сау­лық тілей­мін! Жарыста тек жігерленіп, жақсы ойын өрнегін көрсете білген дұрыс. Дене қимылы белсенділігін арттыратын жарыстың мақсаты – ардагерлердің басын қосып, ауызбіршілік үлгісін көрсету, – деді Мұса Келдібаев.

Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі І орынды Төлеу Сүлейменов, ІІ орынды Мектепхан Сүлейменов, ІІІ орынды Байырбек Әмірбеков еншіледі. Барлық жеңімпаз бен жүлдегерге, қатысушыға сый-құрмет көрсетілді.

Б.ҚАРАМАНТЕГІ

29 наурыз 2025 ж. 114 0