Бар жақсылық – балаларға

Бүгінде 200-ге жуық балаға бағыт-бағдар берген іргелі ұжымның мерекелік іс-шарасына «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев бастаған ардагерлер қауымы, аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Салтанат Бекжүнісова, аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы Аружан Мұханбетқали, аудандық Қоғамдық кеңес мүшесі Жадыра Бағдатқызы, білім саласының мамандары қатысты. Бұл ретте, мерекелік думанды кешті ашқан балабақша құрылтайшысы Ақтоты Асылбекқызы көпшілікті мерекемен құттықтады.
– Осыдан 8 жыл бұрын ашылған балабақшамыз үлкен ұжымға айналып, халық баласына қалтқысыз қызмет етуде. Білім беру үдерісінде баланың қабілетін шыңдауда балабақшаның атқаратын қызметі зор. Қашанда баланың қамқоршысына айналған тәрбиешінің еңбегін жоғары бағалаймыз. Бұл ретте, «әз-Наурыз» мерекесін ата-аналармен бірге атап өтуді жөн көрдік. Ата-анаға деген құрметіміз айрықша Ұлық мерекені ұлықтай отырып, жас ұрпақ санасына салт-дәстүрді, әдет-ғұрпымызды сіңіру міндетіміз. Құндылығымыз кеңінен дәріптелетін мерекемен баршаңызды құттықтаймын, – деді Ақтоты Асылбекқызы.
Мерекелік кеште аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетті. АХАТ саласының ардагері Әсия Масилова мен АХАТ бөлімінің басшысы Салтанат Бекжүнісова кішкентай бүлдіршіннің тұсауын кесті. Сонымен қатар жиналған көпшілікке наурыз көже ұсынылып, балғындардың өнері тамашаланды. Өз кезегінде «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы А.Ибрагимұлы іргелі ұжымға арнайы алғыс хат табыстады.
Мерекелік кеште Халықаралық «Қазақ тілі» ҚБ аудандық филиал төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, білім саласының ардагері Ұлмекен Жаналиева, Гүлбар Әбілқызы, «Сырдария-Нұрдария» қоғамдық қорының төрағасы Марат Омаров, аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Ж.Бағдатқызы, ата-аналар атынан З.Сүлейменов, Р.Жантүгелова, К.Сейтенова сөз сөйлеп, жиналған жұртшылыққа мерекелік ақжарма тілегін жеткізді.
Қос балабақшаның 7 тобында тәрбиеленетін бүлдіршіндер қай кезде де мереке шаттығын сезіне берсін демекпіз.
Б.АЯБЕКҰЛЫ