Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылша ауруының қауіптілігі және алдын алу

Қызылша ауруының қауіптілігі және алдын алу

Қызылша – өте жұқпалы, ауыр түрде өтетін вирустан туындайтын сырқат, аталған аурумен сырқаттанған адамның орталық жүйке жүйесі зақымдалады. Қызылша әлем бойынша ерте жастағы балалардың өліміне әкеп соқтыратын негізгі себептің бірі болып қалуда.

Бұл аурудың инкубациялық кезеңі 7-21 күн аралығында болады, жұқпа көзі – науқас адам. Ауру ауа-тамшылы жолмен науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде немесе түшкіргенде беріледі. Ауру өте жұқпалы, яғни бұрын сырқаттанбаған адам қызылшамен ауыратын науқаспен қарым-қатынаста болғанда сырқаттану қаупі өте жоғары (егілмеген жағдайда). Сондай-ақ ауру қоздырғышы ауа арқылы көшуі мүмкін, мысалы көп пәтерлі үйлерде баспалдақ, желдету шахтасы арқылы. Вирус ауада немесе инфекция жұқтырылған беткейлерде 2 сағатқа дейін белсенді және жұқпалы болып қалады.

Қызылша ауруында дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, жөтел, мұрыннан су ағумен басталады. Негізгі белгілері жіті респираторлық вирустық инфекцияларға ұқсас, 2-3 күнге дейін (кей кездері 5-6 күн) сақталады, одан кейін қызғылт нүкте – бөртпе пайда болады, олар бір-бірімен қосылып даққа айналады. Алғашында адамның басында (құлақ арты, беті) пайда болады, бөртпе ақырындап 2-3 күннің ішінде төменге түсіп, аяққа дейін жетеді.

Қызылша ауруынан асқыну өлім жағдайына әкеледі.Соның ішінде ең күрделі асқынулар – соқырлық, энцефалит (бас миының ісінуіне жеткізетін инфекция), құлақ инфекциялары және пневмонияға әкеп соқтыратын жоғары тыныс алу жолдарының инфекциялары. Кез келген асқынулардан науқас өліп кетуі мүмкін.

Егілмеген барлық балалар мен ересектерге жұқтыру қауіпі жоғары. Көбінесе ересектерде қызылша ауыр ағымда өтеді.

Соңғы кезде ата-аналар балаларын ектіруден бас тартады, себебі екпенің салдары туралы жалған пікірлерден қорқады, әлеуметтік желілердегі негізсіз қауесетке сүйенеді. Қазақстанда халықты иммундауға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сертификаттаған вакциналар қолданылады. Заң міндетті вакцинациялауға күштеп немесе еріксіз көндірмейді. Егуді жүргізуге келісім беру тек ата-ананың құқында, бірақ екпеден бас тарту арқылы олар баланы екпе алу және дені сау болу құқығынан айырады.

Аурудың алдын алу: инфекцияға қарсы ең қолжетімді және тиімді шара вакцинация болып табылады. Қызылшаға қарсы вакцина 20 жылға дейін сақталатын иммунитетті қалыптастырады. Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес екпе жоспарлы түрде 12-15 айда және қайта егу 6 жаста жүргізіледі. Қызылшаның арнайы емі жоқ, бірақ вакцинация арқылы сырқаттан қорғануға болады.

Сырқаттанған жағдайда келесі шараларды орындау қажет:
- шұғыл түрде медициналық көмекке жүгіну (тұрғылықты жері бойынша емханадан дәрігер шақырту немесе ауыр жағдайда жедел жәрдем шақырту);
- емханаға өз бетінше бармай, дәрігерді күту;
- дәрігер келгенше туыстар, таныстар және басқа да адамдармен қарым-қатынаста болмау;
- жөтелгенде және түшкіргенде ауыз бен мұрынды қол орамалы немесе сүрткіш арқылы жабу, қолды сабынды сумен жиі жуу немесе қолды тазалауға құрамында спирт бар тазалағыш затты қолдану;
- тыныс алу жүйелерін қорғайтын заттарды қолдану (мысалы бетперде тағу);
- өз бетінше емдеумен айналыспау!

Әр адам өз денсаулығы мен баласының денсаулығы үшін немқұрайлы болмауы тиіс. Өзіңізді және жақындарыңызды негізсіз тәуекелге ұшыратпаңыз – қажетті профилактикалық егулерді уақтылы алыңыз!

Қ.Омарова Сырдария аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқарма басшысының м.а.
Фото: Н.Нұржаубай

20 наурыз 2025 ж. 162 0