Ар мен намыс

Уақыт өз дегенін алып өткен күндер бүгін тарих беттеріне айналып барады. Кеше ғана соңғы сапарға шығарып салуға арналған қаралы жиыны мен намазына қатысқан қалың елдің ортасында болғандай едік. «Жақсы адамның өлімі де өнеге» деп атам қазақ айтқандай, оның өмірде істеген жақсы істерін үлгі етіп айтқан әріптес досы, сыр аймағының зиялы, абыз ақсақалдарының көшін бастап келген Ибрагим Сражадинұлы Абибуллаев ағамыздың сол жиында Сыр халқына, оның ішінде Тереңөзек тұрғындарын сабырға шақырып көңіл айтып сөйлеген сөздері тыңдаған адамды бей-жай қалдырмады. Иә, өмір болған соң ерте ме, кеш пе, өзекті жанға бір өлімнің келері хақ. Қайтыс болған адамның артынан баратыны – оның бұл дүниеде, көзі тірісінде жасаған ізгі жақсы амалдары екен. Ел игілігі үшін салған көпірі, мешіті, мектебі, ауруханалары, өзгелерге үйреткен пайдалы білімі және артында қалған ізгі ұрпағының дұғасы.
Біз ауылда бірге жүргендіктен бе, пендешілікке салынып арамызда жүрген кісілердің қадірін, бағасын тереңдеп біле бермейді екенбіз. Жаңа қоғам орнап, барлық салаға нарықтық экономика ендірілген өтпелі кезеңде Сырдария ауданының әкімі болып тағайындалғанда шешім қабылдап отырып, облыс әкімі С.Шаухаманов «Егер сіз осы жұмысты атқара алмасаңыз, бүкіл республика қыздарына зияныңыз тиеді, онда ешкім бірде-бір әйел адамды әкім қоймайды» деп сенім артқан екен. Алма апай күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей намысқа тырысып жұмыс істегені белгілі. «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деген халық даналығы да осындай кісілерге айтылған болуы керек. Мысалға, қарапайым күнде емделіп жүрген аудандық аурухананың салынуы бір кезде аудан әкімі Алма апайға үлкен күш болғанын біреу білсе, біреу білмес. Ол аурухананың салынуы кеңес үкіметінің құлауымен басталып, бітуі тәуелсіздік алған алғашқы жылдардың қиын кездерімен сәйкес келді. Құрылыс түгілі зейнетақы, айлыққа зар кезде осы аурухана бітпей қалады деп жаны шығып, әлі де таратыла қоймаған совхоздардың соңғы күшімен асарлатып қақаған қыста өзі басында тұрып пайдалануға бергізген еді. Бұндай құрылыстар басқа жерлерде тоқтап, бітпей қалғанын да көрдік. Өтпелі кезеңде аудан халқының тұрмысы күрт төмендеп, қиыншылықтар болды. Осы дағдарыстан аудан тұрғындары үлкен шыдамдылықтың, еңбекқорлықтың, бірліктің арқасында аман-есен шықты.Сондай сындарлы кезеңде өзінің тұрмысына мән бермей барынша қарапайым халықпен бірге өмір сүрді.
Ең үлкен күрделі жұмыс – ауданды таратпай сақтап қалуы. 1997 жылы облыста бір аудан қысқаратын болды, сол таңдау біздің ауданға түсіпті. «Облыс тарихында бір қыз аудан басқарып, ақыры оны таратып кетті» деген атқа қалмау үшін намысын, жігерін жанып, жан ұшырып жүріп ауданның әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін дәлелдеп, қорғап қалды. Жоғарыдан «үлкен шаруашылықтарды бөліп жекеге жібер, клуб, кітапхана, балабақшалар аукцион арқылы сатылсын» деген тапсырмаларды орындамай, ретін тауып біз білмейтін тартыс-айқастармен сақтап қалудың өзі үлкен ерлік екенін қарапайым халық қайдан білсін?! Көп жерде клубтарды, балабақша басқа да әлеуметтік мекемелерді фундаментінен бастап бұзып тасып жатқанда осы ауданның мекемелерінің мұрты да шағылмай қалды және бәрі де жұмыс жасап тұрды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы бар ауыртпалықтарды айлық пен зейнетақының алты айлап кешігуі, жарық пен судың уақытпен берілуі, азық-түліктің жоқтығын елмен бірге көтеріп ер адамға бергісіз шыдамдылық жігермен мойнымен көтеріп аудан халқын тығырықтан шығаратын жолдарды іздеп, үнемі ізденіспен жұмыс жасады. Ол кісінің туған жерге деген сүйіспеншілігі, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді құрметтеуі, ауданнан шыққан жерлес ақын, жазушы, ғылым мен өнер саңлақтарын туған жерге тартып құрметтеуі бөлек болды. Осындай қиын кездері ауданда облыста басшылық қызметтерінде ең алдымен адамгершілік қасиетімен бірге, туған жердің қадірін білу арқылы елге адал қызмет етуді бағыт етіп алды. «Алмагүл Божанқызы қай салада жұмыс істесе де бірінші ар мен намысты серік ете білді» деп аяқтады Ибрагим аға қаралы жиында сөйлеген сөзінде. Ибрагим ағамыздың үлкендік сөзіне аудан халқы риза болып, рахметін айтып жатты. Алдымыздағы ағаларымыздың «Отырса от басында, Көшсе көш басында» деген сөзге лайықты ағалық ақыл – атадан нақыл сөздері осылай айтылса керек. Қаралы жиындағыдай бұрын-соңды аудан орталығында бұндай көп адам жиналмаған десем артық болмас. Аралдан бастап Қаратауға дейінгі облыстың игі жақсылары лек-легімен келіп, көңіл білдіріп жатты. Астана, Алматыдан басқа да өңірлерден көңіл айтылып келіп жатқан жедел хаттар қаншама. Орны толмас қайғымызға көңіл білдіріп ортақтасып жатқан ағайын, жерлес бауырларға алғысымыз шексіз! Алла сіздерге жар болсын! Елге жаны ашыр тағы бір жан өмірден өтті. Ол көзі тірісінде елдің есінде қалатындай жақсы ізгі амалдар істеп кетті. Мәңгі жадымызда қалады! Иманы саламат болсын!
Марат ОМАРОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі