Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Амал келді, жыл келді!

Амал келді, жыл келді!

Елімізде өткен жылы Наурыз мейрамын тойлатудың жана тұжырымдамасы бекітілген болатын. Биыл екінші жыл Ұлыстың ұлы күні қарсаңында онкүндік бастау алды. 14-23 наурыз аралығында әр күнге атау беріліп, соған орай алуан түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.

Алғашқы күн, яғни 14 наурыз – Көрісу күні, Амал мерекесі. Дәстүр бойынша, бұл күні туған-туысқа, көрші-көлемге, жасы үлкен кісіге арнайы барып сәлем беру, құрмет көрсету, құттықтау амалы жасалады.

Бүгін 15 наурыз – Қайырымдылық күні. Бұл күн – қайырымдылықты, мейірімділікті және тату көршілікті насихаттауға бағытталған. Қиын өмірлік жағдайларға тап болған адамдарға көмек көрсету мақсатымен кең көлемді іс-шараға атсалысу әрбір азаматтың борышы. Әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасыларға, ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға арналған мекемелерге және көпбалалы аналарды құттықтап, сый-сияпат табыс етіледі.

Иә, қытымыр қыстың ызғары кетіп, көктемнің нышаны сезіледі. Әз-Наурыздан басталатын жаңа жылдың алғашқы мерекесі – Көрісу күні өз сән-салтанатымен келіп жетті. Бұл күнді қазақстандықтар дәстүрлі түрде атап өтеді. Көрісу немесе Амал мерекесі ретінде ел-халық осы күні бір-бірімен көрісіп, құрақ ұша төс қағыстырады. Көрші-қолаң, туған-туыспен арнайы сәлемдесуге барып, бұрынғы өкпе-реніш ұмытылып, жыл басын береке-бірлікпен бастауға ниеттенеді.

Осы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды айтулы күнмен құттықтады. Мемлекет басшысы «Барша Қазақстан халқын Амал мерекесімен құттықтаймын. Ықы­лым заманнан бері бабаларымыз бұл күнді «Амал келді, жыл келді» деп ерекше қуанышпен қарсы алған. Дәстүр бойынша осы күні қыстан аман шыққан жұртымыз төс қағысып көріскен. Жыл мерекелі де берекелі болсын!» деді өз құттықтауында.

Наурыз айының ғұрыптық сипаты алты ай қыс мезгілі бітіп, жазғытұрым уақыттың келіп, табиғаттың жаңаруын қуаныш етумен байланысты туындайды. Ал осы айдың 14-нен басталып, айдың соңына дейін жалғасатын көрісу мерекесі – елдің ынтымағы мен берекесінің, татулығының айқын көрінісі. Көктемнің келуін, жаңа күнге аман-есен жетудің жаршысы іспетті осы күні адамдар бір-біріне жылы қабақ танытып, құрақ ұша көріседі.

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мере­кесінің бастауы ретінде адамдар бір-бірімен төс қағыстырып, мал-жанның амандығын тілейді. Бұл күні қыстан аман-есен шыққандарына шүкіршілік етіп, араздасқан ағайын татуласады. Мал төлдеп, адамдар арқа-жарқа болып, ауызы аққа жетіп, малдың да аузы көкке тиеді.

Көрісу ғұрпы салт-дәстүріміздің бірі болғаны ежелден белгілі. Дегенмен бұл дәстүр еліміздің көптеген аймағында уақыт өте жойылғанымен, батыс өңірінде көрісу дәстүрінің маңыздылығы сақталған.

Ұлттық құндылықтарға толы салт-дәстүрімізді қайта жаңғырту мақсатында бұл мерекені атап өту соңғы жылдары қайта қолға алына бастады. Таң атысымен келетін жаңа күнді қарсы алып, ізгі дәстүрді жандандырып, осы күні әрбір шаңырақта мол дастархан жайылады. Ұлттық тағамдарға толы дастархан басына жиналған жұртшылық мейманын төрге оздырады. Үлкендер бата беріп, наурыз көжені тоя жейді.
Жаңа күнге, жаңа жылға аман-есен жеткендеріне тәубе етіп, көрші-көлем бірі-біріне қыдырып, сәлемдесіп, көріседі. Осы күні адамдар кемінде 3-4 үйге кіріп, дастарханнан ауыз тиіп, балаларын да тойдырады. «Жыл бойы тоқ болайық, қарым-қатынасымыз үзілмесін, дастарханымыз мол болсын» деген ниетпен жөн-жоралғы жасалады.

Бұрынғының адамдары наурызды «амал» деген. Яғни наурыздың басталуымен күн мен түн теңеліп, амал кіреді. Бұл осы күнгі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді. Сондықтан наурыз мерекесін осы күннен бастап тойлау бекерден бекер емес. Ал амал мерекесінде жасалатын салт-дәстүр «көрісу» жоғарыда айтып өткеніміздей жақын-жуықтың кездесіп, көптен бері көрмеген адамдардың жүздесуі, өкпе-назды кешіріп, татуласу.

Барша қазақстандықтар атап өтетін мерекені сырдариялықтар да «Руханият орталығында» ерекше көңілмен қарсы алды. Аудан әкімі аудан халқын құттықтап, ақ тілегін жеткізді.

– Амал – тек күн мен түн теңесіп, көктемнің лебі сезілетін кез ғана емес, бұл – халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан игі дәстүрі, елдің бірлігі мен татулығын арттыратын ерекше мейрам.
Бабаларымыз «Көріспегеннің көңілі қалған» деп, араздық пен өкпені кешіріп, бір-бірін құшақ жая қарсы алған. Көрісу – ұлттық болмысымыздың, дархан пейіліміздің айқын көрінісі. Халқымыз қашанда амандықты, ағайынмен араласуды, ауызбіршілікті басты құндылық санаған. Сондықтан Көрісу күні – өткенге көз тастап, жаңа күнге үміт артуға, татулықты ту етуге бастайды.

Көрісу күні – Амал мерекесі әр шаңыраққа жақсылық пен құт-береке әкелсін! Ағайын арасы ажырамай, татулығымыз арта түссін! Жаңа күн баршаңызға жақсылық, жанұяларыңызға бақыт, береке әкелсін! – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Амандық-саулықтан басталатын мерекеде жас пен кәрі бар жақсысын киіп, жасанып, қыстан аман-есен шыққанына қуанады. Бір-бірімен қол алысып, барлық жақсы амал жасалады. Мерекелік дастархан басына жиналған қауым «Жаңа жас құтты болсын, осы жылға аман-есен жетуіңмен» дейді
.
Таңның шуағымен келіп жеткен көрісу мерекесін асыға күткен әрбір отбасына амандық пен саулық тілейміз! Бір-бірімізбен қуанышта асыға көрісейік!

Бибісара ЖАНӘЛІ
15 наурыз 2025 ж. 64 0