Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қызылордада Наурыз мерекесіне орай 100-ге жуық іс-шара өтеді

Қызылордада Наурыз мерекесіне орай 100-ге жуық іс-шара өтеді

Қызылордада әз-Наурызда 100-ге жуық мерекелік шара ұйымдастырылады. Амал мерекесінен бастап 22 наурызға дейінгі 6 күнге жеке-жеке атау беріліп, әр күннің іс-шаралар тізбегі бекітілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов мәлімдеді.

-14 наурыз-Амал мерекесі күні зиялы қауым өкілдерін, еңбек ардагерлерін тарта отырып, жалпы халыққа және жастарға Наурыз мерекесінің тәрбиелік мәнін, ұлттық салт-санамыздың, еліміздегі ынтымақ пен бірліктің, мызғымас татулықтың Тәуелсіздігімізді баянды етуге тигізер әсері мен пайдасын түсіндіру үшін түрлі бағытта шаралар өтеді. Сонымен қатар, «Наурыз шапағаты» қайырымдылық күнінде халықтың аз қамтылған топтарын қолдауға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсетуге бағытталған қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру жоспарлануда.

Сондай-ақ, елді-мекендерде ауыл халқының бірлігін арттыру мақсатында «Тасаттық» рәсімі жасалады,-деді Жанмұрат Жақсымұратұлы.

Бұған қоса, 16 наурыз – «Наурыз нақышы - тазалық»: көркейту-көгалдандыру, тазалық күні. Бұл күні зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен ағаш көшеттері отырғызылып, қаланы абаттандыруға бағытталған тазалық шаралары жүзеге асырылады.

Сонымен қатар, бір мезетте «Ағаш отырғызу» акциясы және аулалар мен саябақтарды көгалдандыру бойынша «Жасыл үй» челленджі іске қосылады.

-17 наурыз – «Ұлттық спорт – ұлт салауаты»: Ұлттық ойындар күні. Бұл күні, қазақша күрес, асық ату және тағы да басқа ұлттық ойындардан сайыстар, велошерулер, марафон секілді спорт түрлерін қамтуды көздеп отырмыз. Сонымен бірге, жалпы білім беру ұйымдарында оқушылар арасында ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында сайыстар мен түрлі бағыттағы спорттық спартакиадалар өткізіледі. 20 наурыз – «Жастар күні». Бұл күні жастар жиналып қазақтың дәстүрлі ұлттық ойындарын ойнап, думанды кеш өткізеді. Ел болашағы саналатын жастардың жадында ұлттық құндылықтар жаңғыратын бұл күннің рухани, мәдени маңызы да жоғары болмақ. 21 наурыз – «Бірліктің бастауы, елдіктің дастаны - Наурыз» атты мәдени-көпшілік шара. Бұл күні орталық алаңда Ұлыстың Ұлы күні, жыл басы Наурыз мейрамын тойлауға арналған мәдени-көпшілік шара ұйымдастырылады. 22 наурыз – Жалпы халықтық серуен. Ұлыстың ұлы күніне арналған мәдени шараның негізгі мақсаты - ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы бедерінде Наурызнама мерекесі аясында құндылықтарымызды көрермендерге паш етіп, жаңа күнді, жыл басын жоғарғы шығармашылық кәсіби деңгейде жыл көлемінде тойланатын атаулы мерейтойларға ұштастыру болып табылады,-деді қала әкімінің орынбасары Жанмұрат Сейілов.

Өңірлік коммуникациялар қызметі
13 наурыз 2023 ж. 473 0