Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бурабайда Конгресс-орталық салынады

Бурабайда Конгресс-орталық салынады

Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі туризм саласының, оның ішінде Бурабай аймағының инфрақұрылымын дамыту маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қазірдің өзінде алыс-жақын шетелдерге кеңінен танымал Бурабай жерінің мол мүмкіндіктері бар. Осы курорттық аймақты дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін шамамен 140 миллиард теңге бөлінеді. Қаржының жартысына жуығы – жеке инвестициялар. Үкімет пен облыс әкімдігі құжатта көрсетілген міндеттерді сапалы орындауға тиіс.
Ең алдымен Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы инфрақұрылымды дамыту қажет. Барлық экологиялық талаптар қатаң сақталуға тиіс. Туристерге әлемдік стандарттарға сай қызмет көрсетілуі керек», деді Президент. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Көкшетауда салынатын ең ірі нысан туралы атап өтті.

«Жаңадан салынатын Конгресс-орталық Бурабайдың бетке ұстар орны болуы қажет. Орталық іске қосылатын болса, демалыс аймағына жұрттың қызығушылығы да арта түседі. Сондай-ақ туристік маусымнан тыс уақытта адамдар көптеп келе бастайды. Үкімет пен әкімдікке осы мәселені тыңғылықты қарастыруды тапсырамын.
Облыстың орасан зор туристік әлеуеті Шучинск-Бурабай аумағымен ғана шектелмейді. Демалыс аймағы ретінде мүмкіндігі мол Зеренді, Сандықтау, Ақкөл және басқа да жерлерді жан-жақты дамыту қажет», деді Қ. Тоқаев.

Фото: Ашық дереккөзден

14 наурыз 2025 ж. 40 0