Бизнеске қатысты заңнамалық олқылықтар бар - Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде салықтың түрлі режімі, көптеген жеңілдік пен преференция барын жеткізді.
«Оның бәрі елімізде салық офшоры сияқты ахуал қалыптастырды. Кәсіпкерлердің екі негізгі тобы пайда болды. Олар – заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, салық салынатын табысын өзі үшін азайтып көрсететіндер және барлық салықты адал төлейтіндер. Кәсіпкерлердің осы екінші тобы бәсекеге төтеп бере алмай жатыр.Үкімет салық төлеуден жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндердің әрекетіне орынды назар аударды. Өкінішке қарай, мұндай жағдай жаппай белең алған», деді ол.
Сондай-ақ Президент заңнамадағы олқылықтар бизнесті бөлшектеуге жол беріп отырғанын мойындау керек екенін айтты.
«Бұл мәселеге Үкімет те, депутаттар да жете мән бермеген.Тағы да әдемі көрсеткіштерге әуестеніп кеттік: елімізде екі миллионнан астам салық төлеуші, яғни жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар тіркелген деседі. Бірақ олардың қандай кәсіпорындар екеніне, қалай пайда болғанына, қанша салық төлейтініне, тіпті оны төлеп жатыр ма, жоқ па дегенге еш талдау жасалмаған. Бірақ құр кінәлаудан іс оңға баспайды. Енді ахуалды шұғыл түзету қажет. Үкімет пен Парламентке айтарым – заңнамаға жедел түрде тиісті түзетулерді енгізу керек», деді Мемлекет басшысы.
Фото:Ақорда