Жаңа музейге - жаңа жәдігер

Арғынбай Сырғабаев 1924 жылы бұрынғы Тереңөзек ауданы Қызылдиқан ауылында дүниеге келген. Туған ауылында 7 жылдық мектепті бітіргеннен кейін еңбек жолын 1940 жылы күрішші болып бастаған. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, 1942-1943 жылдары Сызрань қаласындағы танк училищесінде оқып, әскери дайындықтан өтіп, старшина шенін алған. Бірінші Украина, екінші Украина майдандарында танк экипажының командирі болып, кескілескен ұрыстарға қатысқан. Қан майданда жүріп КПСС қатарына қабылданған. Майдангер Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған. Елге оралғаннан кейін “Қызылдиқан” колхозында бригадир болып еңбек еткен. 1948 жылы Орынбасар Ізтілеуқызымен отау көтеріп, өмірге 10 бала келіп, оларды бірге тәрбиелеп өсірді. Туған ауылында колхоз төрағасының орынбасары, ферма меңгерушісі, бас инженер, кеңшар кезінде бас маман қызметтерін атқарған Арғынбай Сырғабаев ерен еңбегімен ел-халықтың құрметіне бөленген азамат еді.
Ол Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», «Бірінші дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен және «Ерлігі үшін», Ұлы Жеңістің 20, 25, 40, 50 мерекелік медальдарымен марапатталған.
Аудандық музей қорына ұрпақтан-ұрпаққа жеткен отбасылық құнды жәдігерлерді тапсырып, музей ісіне жанашырлықпен қараған Гүлзина Рысбайқызына Алғыс айтамыз!