Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүрегіме жақын волейбол

Жүрегіме жақын волейбол

Допты серік еткен «Қайсар» жоғары волейбол лигасының мүшесі Жанбибі Төлеген. Волейболды – жұмыс, сурет салуды – хобби, оқуды – міндет ретінде қабылдаған жас спортшы. Жай ойыннан басталған хоббиі қазіргі таңда күнделікті жұмысына айналғандай.

Жас спортшы Жанбибі Мұрат­қызы 2009 жылдың 12 ақ­па­нында, Тереңөзек кентінде жа­рық дүние есігін ашқан. Мектеп табалдырығын аттағалы сурет салу үйірмесіне қатысып, қыл қаламды жаны сүйер іске айналдырған. Үйрмеге тек қатысып қана қоймай үлкен жетістіктерге жеткен. Бір жетістігін айта өтсек, 2019 жылы Алматы қаласында өткен ұлттық сурет байқауына қатысып жүлделі ІІ орын алған. Болашағын сурет салумен елестеткен талапкердің карантин жылдары бұл арманы тек хоббиге айналды.

Бірақ спорт карантин ре­жиміне бағынбады. Құрбы­лары­мен волейболға баруға шешім қабылдаған 12 жасар қыз, бұл спорт түрін алып кете алды. Үздіксіз жаттығу мен спорттың қыр-сырын түсінген Жанбибі республикалық жарыс қатарынан көріне бастады. Алғашқы жарысында қосалқы құрамда болса да, бірнеше ай өтпестен көзге түсіп негізгі құрамға ауысып, «Үздік ойыншы» номинациясын жеңіп алды.

«Қайсар» жоғары волейбол лигасына іріктеу туралы жас спортшы өз ойын бөлісті.

– 2022 жылы еліміздің рес­пуб­ликалық чемпионатында Қы­зылор­да құрамасы ІІ орын алдық. Солай ай сайын облыстық, республикалық жарыс пен турнирге қатысып өз шеберлігімді шыңдап жүрдім. 2023 жылы «Қайсар» жоғары волейбол лигасына іріктеуге шақырылдым. Іріктеу бір айға созылып, өте алмай қалдым. Көңілім түсіп тіпті волейболдан мүлде бас тартуға дейін шешім қабылдадым. Оқуыма көбірек көңіл бөліп, волейболды ойламауға тырыстым. Бірақ қанша тырысқаныммен во­лей­болды жүре­гіммен жақсы көретінімді ұғындым. «Бас тарту – бәрінің соңы емес» деп, жаттығуымды жалғас­тырдым. Сол айда облыстық жарыс өтіп, біздің құрама І орын иеленіп, мен «Үздің ойыншы» номинация­сын жеңіп алдым. Осыдан кейін мені қайта іріктеуге шақырып, легионерлермен ойнап өзімді кішкентай қыз сияқты сезіндім. Бұл мен үшін ең қиын кезең болды. Сөйтіп қазіргі таңда «Қайсарда» ойнап жақсы нәтиже көрсетудемін.

Жас спортшы командасымен бірге Өзбекстан елінде өткен ұлттық жарысқа қатысып жүлделі І орын алып келген. Бұл үлкен жетістік. Оқуда да озат, спортқа да бейім, қыл қаламды да жақсы дос қылған Жанбибі алдағы мақсатымен бөлісіп шер тарқатты. Шығармашыл жас талапкер болашақта да спортты тастамайтынын жеткізді. Өмірінің бір бөлшегі іспеттес болған волейбол жас спортшыны шабыттандырады. Бұл спорт түрімен айналысып келе жатқанына небәрі 4 жыл бол­са да жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлық. Жас спортшы Жанбибіге алда тек үздік­тер қатарынан көріне бер, әлем мойын­дайтындай споршы бол дейміз!

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ
08 наурыз 2025 ж. 231 0