Аудан басшысы ғасыр куәгерін мерекемен құттықтады
Бүгін аудан әкімі Талғат Дүйсебаев аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікеновпен бірге Қоғалыкөл ауылындағы 103 жастағы ардақты әжей Рахия Ақжанованың үйіне арнайы барып, көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады.
Аудан басшысы ғасыр куәгерінің жағдайын сұрап, мерекелік лебізін білдірді.
– Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеген аналар қауымы ел ертеңіне нәр, тіршілікке әр беретін айрықша күшке ие. Сіз Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда жұмыс істеп, кейін ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қостыңыз. Күрішші ретінде нағыз еңбек үлгісін көрсеттіңіз. Сіздің өмір жолыңыз кейінгі толқынға үлгі-өнеге. Біздің Сізге деген құрметіміз мол, – деді аудан әкімі.
Мерекелік құттықтауын жеткізген аудан басшысы ардақты жанға облыс әкімінің «Алғыс хаты» мен аудан әкімінің «Құттықтауын» табыс етіп, иығына ақ жаулық жауып, сый-құрмет көрсетті.
103-ші көктемін қарсы алған Рахия Ақжанова соғыс жылдарында Семей облысында тылда еңбек еткен. Одан кейін қазіргі Қоғалыкөл ауылында 25 жыл қой баққан. Егістік даласында еңбек етіп, күрішші ретінде де мерейі үстем болған. Ғасыр жасаған аяулы ананың бүгінде үлкен қызы Рабиға 75, кіші қызы Сәбира 65 жаста. Олардан 13 немере, 20 шөбере, 7 шөпшек сүйіп отыр.
Сондай-ақ бүгін аудан әкімінің орынбасарлары Бақытжан Лекеров, Димаш Байдушев, Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Муса Келдібаев, Тереңөзек кентінің әкімі Нұржан Бисембаев кенттегі талай шәкіртті түлеткен білім саласының ардагері Зоя Аюпова мен еңбек ардагері Бақтыгүл Майқанованы Халықаралық әйелдер мерекемен құттықтады. Ардақты жандарға аудан әкімінің «Құттықтауын» табыс етіп, сый-құрмет жасады.
Бүгінде ұрпақтарының қызығын көріп отырған мерейлі жандар мерекемен құттықтаған азаматтарға өз алғыстарын білдірді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ