100 жастағы Рахия Ақжановаға құрмет көрсетті
Аудан әкімі Руслан Рүстемов Қоғалыкөл ауылының 100 жастағы ең қарт тұрғыны Рахия Ақжанованы «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» мерекесімен құттықтады.
Аудан басшысы ғасыр жасаған өнегелі өмір иесіне Құттықтау хат және арнайы сый-сияпат табыс етті. Сонымен бірге, игі тілегін жеткізіп, зор денсаулық тіледі.
– «Біз Сізді ғасырлық мерейтойыңызбен құттықтап келіп отырғанымызға қуаныштымыз. Сіз қиын кезеңдерді бастан өткеріп, халық шаруашылығын қалыптастыруда үлкен рөл атқардыңыз. Соғыста жеңіске жетуде Сіздің үлесіңіз ерекше. Өйткені, талмай, тынбай тылда еңбек еттіңіз. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға бақыт пен береке тілеймін. Балаларыңыз бен немерелеріңіздің, шөберелеріңіздің қуанышына бөленіп жүре беріңіз», - деді аудан басшысы.
Өз кезегінде ақ жаулықты ана Рахия Ақжанова аудан басшысына алғысын айтып, ақ батасын берді. Жұмыстарына жеміс тілеп, ризашылығын білдірді.
Айта кету керек, Рахия Ақжанова 1919 жылы дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы жылдары «Трудовой фронтта» жұмыс істеген. Семей облысына барып, «Қандыағаш» деген жерден қарағай ағашын қиып дайындау жұмыстарына қатысқан. Тасбөгет көпірінің құрылысын салу жұмыстарына да атсалысқан. «Октябрь» колхозы мен «Жамбыл» атындағы совхозда 25 жыл қойшы, кейіннен күрішші болып еңбек еткен. 1980 жылдары зейнеткерлікке шыққан. 2 баласынан 13 немере, 20 шөбере, 7 шөпшек сүйіп отыр.
Сырдария ауданы әкімінің баспасөз қызметі.