Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасиетті айдың қадірін түсінген

Қасиетті айдың қадірін түсінген

Қаржы саласында ұзақ жыл бойы басшылық қызметімен, біліктілігімен танылған Асылбек Палымбетовтің көпшілік саятшылық жасайтын қасиетінен бөлек, тағы бір ерекшелігін біле бермейді. Дегдар мінезді азамат үздіксіз 31 жыл бойы Рамазан айында ауыз бекітіп келеді. Оразаның шапағатын сезіне білген ардақты жан жаңарудың, тазарудың айында бес парыздың бірін өтеуге асығады.

«Қазақстан Халық банкі» АҚ Қызылорда филиа­лының Сырдария басқармасының басшысы Асылбек Әуесханұлының отбасында ауыз бекіту тәртібі қалыптасқан. Арда азамат отбасымен осы күні ораза ұстауда. Жақсылықты ту еткен ол Рамазан айында діни сауатын арттырып, жастарды ізгілікке үндейді. Нұрлы көктеммен тұспа-тұс келген Оразаның шапағатын айналасына үнемі сезіндіріп жүреді.

– 1994 жылы алғаш ауыз бекіткенімде 29 жаста едім. Содан бері қасиетті айдың қадірін ұғынып, бір сәтке тастаған емеспін. Әлі есімде қыс мезгілі болатын. Үйде 7 ағайындымыз. Ол кезде тоғайға отынға барып, жиде шапсам да, ауыртпалығын сезінбеген едім. Көбіне жұртшылық қыс мезгілін жеңіл өтеді деп жатады. Дегенмен, ораза ұстаған мезетте өзіне тән қиындық орын алады. Сонда да шыдамдылық танытқан абзал. Жаз мезгілінде шөп орып, малға азық дайындаймын. Бірақ, ауыз бекіткенім кедергі келтірмейді. Отбасымызда биыл зайыбым, екі қызым, ұлым ниет еттік. Бұрынғыдай емес, Ораза айының мән-мағынасын көпшілік түсініп келеді. Бұрындары көп әзілдесетін адамдар кезігетін. Бүгінде сабырлық етуді, жөн-жосықсыз сөйлеуге болмайтындығын халық біледі. Жұмыс барысында эмоцияға берілген жандар көп кездеседі. Мұндайда оларды сабырға шақырамын, – дейді Асылбек Палымбетов.

Иә, өмірден түйгені көп Асылбек Әуесханұлы биыл 60 жасқа толады. Еңбек етіп, бел жазбайтын оның бос уақыты болмайды. Тауық пен қаз асырайды. Мал бордақылайды. Егістікке егін егіп, бау-бақша өнімдерін алады. Аңшылық пен балық аулауды кәсіп етеді. Міне, өзіндік ұстанымы арқылы айналасына үлгі көрсете білетін жанның ниеті қабыл болсын дейміз.

Б.АЯБЕКҰЛЫ
04 наурыз 2025 ж. 515 0