Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ойлы оқырман мен жақынға мың алғыс!

Ойлы оқырман мен жақынға мың алғыс!

Үш айға созылған қыс мезгілі де аяқталды. Көктемнің алғашқы күні жан-жағына шуағын шашқан, жылылық пен мейірімнің шұғыласын төккен Алғыс айту күнімен басталады. Жыл сайын айтулы күнді атап өтетін ел тұрғындары осы күні бір-біріне риясыз алғыстарын білдіруге асығады. Ерекше күннің бағалы сәтін қалт жібермей біз де басылымның тірегі – ардақты оқырманымызға дәстүрден жаңылмай алғыс айтуды жөн көрдік.

Көктемнің жаршысы болған ұлық наурыз қазақ баспасөз тарихында өзіндік орны бар аудандық газет үшін де бір белесті бағындыратын мезгіл. Биыл 26 наурызда 86-ы көктемін қарсы алатын басылым беделі қай кезде де биік. Газет тарихымен бірге жасасып келе жатқан көзі қарақты қарт оқырмандарымыздың айтуынша, редакция – қаламгерлердің ұстаханасына айналған қарашаңырақ. Өзінің тырнақалды туындыларын жарыққа шығарған есімі белгілі ақын мен жазушылар – ауданымыздың мақтанышы. Жиырмадан астам редактор басқарған аудандық газет – жаңалықтың жаршысы, қоғамдық-саяси өмірге үн қосатын, білім мен тәрбиеге атсалысатын ағартушы. Сондықтан да газет туралы «өзі бір күндік болғанымен, үні мың күндік» деген тәмсіл бар. Талай жауапты кезеңді басынан өткерген басылым өз оқырманымен жылына 103 мәрте қауышады. Өткен жылды да осы мәремен аяқтап, биылғы жылдың 16-шы нөмірін де жарыққа шығару күні бұйырғанына шүкірлік етеміз. Әрбір шыққан жаңа нөмірді асыға күткен оқырманға наурыздың алғашқы мерекесі саналатын – Алғыс айту күні шынайы көңілмен алғыс айтамыз. Шығармашылық топтың ізденісін, қадамын бағалап, мақалаларды бағамдап, пікір білдіретін оқырманымыз барда шығармашылық топтың жұмысы ілгерілей береді, алға басады. Әрине, қазір талап басқа. Газеттің тізгіні – жастарда. Жас­тар – жаңашыл, ізденімпаз келеді. Ой-өрісі озық, креативті идеяларға толы, мақсаты айқын болғандықтан, алда оқырмандарымыздың ойынан шығатын талай тың дүниелер жарияланатынына бек сенімдіміз.

Алғыс айту күні әуелі жаратылыс иесі Тәңірге бізге жарық дүниені көрсеткені үшін шүкір етеміз. Содан соң өмірге әкелген – Анаға, сәбиіне қамқор болған – Әкеге, көркіне көз тоймайтын әсем – Табиғатқа, жанды жылытатын – Сөзге, жайма шуағы үшін – Күн сәулесіне, қараңғыны жарқыратқан аспандағы – Ай мен Жұлдызға, ыстық ықыласы мен жақсылығы үшін – адал Досқа, мейірімді жүрегі үшін – Ата мен Әжеге, тіршіліктің нәрі – Суға, өлшеусіз махаббаты мен кең даласы үшін – Туған жерге, жылытқаны үшін – Отқа, білім бергені үшін – Аяулы Ұстазға – Мың Алғыс!

Қолына қаламын ұстаған журналистер биікке шығар белесті бағындырар мақсат пен арман барда қанаты талмайды. Сәт сайын оқырманның айтар ойына ден қойып, бағыт-бағдарымызды айқындап, бұдан былай да жұмысымыздың негізі қалана береді. Ашықтық пен тығыз қарым-қатынас – оқырман мен тілші арасында орнаған алтын көпір. Бірлесе атқарылатын жұмысымыз оң нәтижесін берері сөзсіз. Заманауи талапқа сай тәулік бойы жұмыс істейтін әлеуметтік парақшалардан жаңалықтардан хабардар болатын оқырман саны да жыл сайын артуда. Арғы жағы шетелден, бергісі аймағымыздың әрбір ауданынан өз оқырманын қуантатын газеттің электронды сайты ақпарат айдынында өз орнын қалыптастырды. Сондықтан бүгінгі мерейлі мерекеде оқырмандарымызға алғыс айтып, жақсылық тілеу – біздің міндетіміз.

Оқырманның пікірі, ұсынысы біз үшін әркез маңызды. Газет арқылы келелі мәселелер көтеріп, оның түйінін тарқатып, оқырман қауымның көңілінен шығу, оң бағасын алу – редакция тілшілеріне қойылатын бірден-бір талап. Осы талаптың үдесінен шығып, жаңалықтардың жаршысы бола алсақ, абыройымыздың артқаны, мерейіміздің өскені. Сондықтан аудан жаңалықтарын дер кезінде таратып келе жатқан газет ұжымына, тілшілер мен таратушыларға да алғыс айтамыз. Себебі оқырман мен басылым – бір ұғым. Газеттің тірегі – оқырман. Ендеше, Алғыс айту күні басылым қызметкерлері мен тұрақты оқырмандарға құтты болсын!

Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото: Нұрболат Нұржаубай
01 наурыз 2025 ж. 106 0