Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мониторинг жұмыстары жүргізілді

«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мониторинг жұмыстары жүргізілді

Сырдария аудандық мәслихатының депутаты, "AMANAT" партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Алмас Есназар және аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы "AMANAT" партиясының "Кедергісіз келешек" партиялық жобасы аясында аудан­дық Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейі жанындағы ерекше балаларға арнайы ресурстық орталықтың инклюзивті білім беруге бейімделген сыныптарына мониторинг жұмыстарын жүргізді.

Мониторинг барысында орталық мамандары сыныптармен таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

2022 жылы аудан­дағы Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейі жанынан ерекше балаларға арнайы ресурстық орталық ашылып, өз жұмысын бастаған болатын. Бүгінде орталық мамандары ерекше балалармен арнайы жұмыс жасауда.

Орталық мамандары қазіргі таңда қоғамдағы негізгі мәселенің бірі – ерекше білім беруді қажет ететін балаларды жалпы мектепке, жалпы қоғамға біріктіру керектігін алға тартады. Жалпы ресурстық орталық – мүмкіндігі шектеулі және ерекше қажеттілігі бар балаларға, мектеп оқушы­ларына базалық және бейіндік оқыту мен тәрбиелеу негізінде олар­дың қабілетін, жеке бейінділік ерекшелігін ескеріп, оларға сапалы білім беруді қамтамасыз етеді. Ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс – балаларды тәрбиелеу мен дамытудағы маңызды және жауапты саланың бірі. Бұл сала білім мен тәрбие алу үшін ерекше жағдайды қажет ететін балалардың дарындылығы мен қабілетін қолдауға және дамытуға бағытталған. Мектеп жанынан құрылған ресурстық орталық ашылғаннан бері жүйелі түрде үздіксіз өз жұмысын жүргізіп келеді.

– Бүгінде мектеп жанынан ашылған ресурс­тық орталықта арнайы мамандармен жүйелі жұмыстар атқарып келеміз. Орталыққа балаларды қабылдау үшін алдымен арнайы маман­дардың психологиялық, медициналық, педа­гоги­калық кеңесінен өткізіп, соның қоры­тынды нәтижесі бойынша ғана қабылдай ала­мыз. Біздің орталықта көбінесе қарым-қатынас және әлеуметтік өзара әрекеттесудің бұзылысы, сөйлеу тілінің ерекше дамуы, СТЖД – І, ІІ, ІІІ деңгейі сияқты ауру белгісі бар балалармен жұмыс істейміз. Баланың анықтамада көрсетілген диагнозына байланыс­ты оқу бағ­дарламалары беріледі, – деді Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектеп-лицейінің директоры Айнұр Әлиева.

Ресурстық орталық арнайы мамандармен қамтамасыз етіліп, қазіргі уақытта жалпы 8 маман ерекше балалармен жұмыс жасау­да. 1 арнайы маман, 2 логопед, 4 ассистент және 1 педагог-психолог жұмыс атқаруда. Аталған орталықтың барлық маманы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған білім жаңартылатын мазмұнын іске асыру бойын­ша арнайы білім алып, сертификат алған. Ресурстық орталық бүгінде балаға түзету-дамыту, психологиялық-педа­гогикалық қолдау көрсетуде. Балаларды дамыту мақсатында ресурстық орталық мамандары оқу жылына бекітілген жылдық жос­парына сәйкес мамандар апталығы, ата-анаға кеңес беру дөңгелек үстелі, облыстық семинар, ата-анаға қолдау ретінде психологиялық тренингтер ұйымдастырып, өткізіп отырады. Одан бөлек орталық мамандары ұйымдастырылған әр іс-шараға жас ерекшелігіне қарай барлық баланы қатыстырып, олардың белсенді бо­луын бас­ты назарда ұстайды. Ресурстық орталықтағы ерекше білім алуды қажет ететін балалардың жас ерекшеліктері әртүрлі.

Мониторинг барысында инклюзивті білім беру мекемелерінің материалдық базасы, білім беру сапасы, ресурстық орталықтың қажетті құрал-жабдықтармен толыққанды жабдықталуы, кадрлармен қамтамасыз етілуі сынды талаптардың сақталуын қадағалап, тиісті ұсыныстар мен алдағы жоспарларды пысықтады.

23 ақпан 2025 ж. 48 0