Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 71 газет

07 қыркүйек 2024 ж.

№ 70 газет

03 қыркүйек 2024 ж.

№ 69 газет

30 тамыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
» » Ерекше балаларға қамқор орталық

Ерекше балаларға қамқор орталық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын іске асыру аясында мүмкіндігі шектеулі және ерекше балаларды психологиялық-педагогикалық қолдауды басты назарға қойған еді. Осы жоба шеңберінде 2022 жылы аудандағы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейі жанынан ресурстық орталық ашылып, өз жұмысын бастаған болатын. Бұл орталық жайлы аудан тұрғындарының бірі білсе, бірі білмес. Сондықтан орталық жұмысы туралы жазып, ақпараттандыруды жөн санадық.

Соңғы статистикалық деректер бойынша елімізде 170 мыңға жуық бала ерекше білімді қажет етеді. Қазіргі таңда қоғамдағы негізгі мәселенің бірі – ерекше білім беруді қажет ететін балаларды жалпы мектепке, жалпы қоғамға біріктіру. Заң тұрғысынан кез келген мектеп немесе білім беру ұйымдары ерекше білім беру қажеттілігі бар баланы қабылдауы тиіс. Жалпы ресурстық орталық – мүмкіндігі шектеулі және ерекше қажеттілігі бар балаларға, мектеп оқушыларына базалық және бейіндік оқыту мен тәрбиелеу негізінде олардың қабілетін, жеке бейінділік ерекшелігін ескеріп, оларға сапалы білім беруді қамтамасыз етеді. Ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс – балаларды тәрбиелеу мен дамытудағы маңызды және жауапты саланың бірі. Бұл сала білім мен тәрбие алу үшін ерекше жағдайды қажет ететін балалардың дарындылығы мен қабілетін қолдауға және дамытуға бағытталған. Мектеп жанынан құрылған ресурстық орталық ашылғаннан бері жүйелі түрде үздіксіз өз жұмысын жүргізіп келеді. Ресурстық орталық арнайы мамандармен қамтамасыз етіліп, қазіргі уақытта жалпы 8 маман ерекше балалармен жұмыс жасауда. 1 арнайы маман, 2 логопед, 4 ассистент және 1 педагог-психолог жұмыс атқаруда. Аталған орталықтың барлық маманы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған білім жаңартылатын мазмұнын іске асыру бойынша арнайы білім алып, сертификат алған.

Бүгінде мектеп алдында мынадай міндет тұр: оқушылардың, соның ішінде денсаулық мүм­кіндігі шектеулі балалардың ойдағыдай әлеуметтенуі үшін бірқатар біліктілік қабілетін қалыптастыру. Ерекше білімді қажет ететін балаларды қатарға қосу, әлеуметтендіру үрдісін дұрыс ұйымдастырып, түрлі әлеуметтік кедергіге қарсы тұра алатын тұлғаны қалыптастыруда заманауи технологияның барлық мүмкіндігін пайдалану.

Ерекше білім алуды қажет ететін мектеп-лицейдің оқушылары арнайы мамандардың түзету-дамыту сабағына аптасына 3 рет қатысады. Ресурстық орталық қазіргі уақытта 33 балаға түзету-дамыту, психологиялық-педа­гогикалық қолдау көрсетуде. Балаларды дамыту мақсатында ресурстық орталық мамандары 2023-2024 оқу жылына бекітілген жылдық жос­парына сәйкес мамандар апталығы, ата-анаға кеңес беру дөңгелек үстелі, облыстық семинар, ата-анаға қолдау ретінде психологиялық тренингтер ұйымдастырып, өткізіп отырады. Орталық мамандары ұйымдастырылған әр іс-шараға жас ерекшелігіне қарай барлық баланы қатыстырып, олардың белсенді болуын бас­ты назарда ұстайды. Ресурстық орталықтағы ерекше білім алуды қажет ететін балалардың жас ерекшеліктері әртүрлі. Бастауыш сыныптан бас­тап 11 сынып аралығындағы оқушылар білім алады.

– Бүгінде мектеп жанынан ашылған ресурс­тық орталықта арнайы мамандармен жүйелі жұмыстар атқарып келеміз. Орталыққа балаларды қабылдау үшін алдымен арнайы маман­дардың психологиялық, медициналық, педа­гоги­калық кеңесінен өткізіп, соның қоры­тынды нәтижесі бойынша ғана қабылдай ала­мыз. Біздің орталықта көбінесе қарым-қатынас және әлеуметтік өзара әрекеттесудің бұзылысы, сөйлеу тілінің ерекше дамуы, СТЖД – І, ІІ, ІІІ деңгейі сияқты ауру белгісі бар балалармен жұмыс істейміз. Баланың анықтамада көрсетілген диагнозына байланысты оқу бағ­дарламалары беріледі. Әр баламен жеке-жеке сөйлесіп, олардың ішкі жан-дүниесінде не болып жатқанын, не ойлайтынын, арман-мақсатын, қандайда бір отбасылық немесе басқа да мәселелері жөнінде ашық сөйлесеміз. Ерек­ше балалардың бойында өзіне тән таланты, өзгелерден өзгеше дарыны болады. Біреуі суретті жақсы салса, біреуі математикалық есеп­терді өте жақсы шығарады, ал біреуі ән айтып, би билеп шығармашылықты жаны сүйеді. Менің осы саладағы тәжірибемде түрлі бала кездесті. Мысалы, бір балаға қанша айтып түсіндірсең де түсінбейді, ал кейбірі айтқаныңды тез қағып алады бірақ жалқау, ештеңеге зауқы болмайды. Дегенмен арнайы маман ретінде әр баламен жеке жұмыс істеп, дамыту-түзету ойындарын ойнату арқылы бір жүйеге келтіреміз. Ресурстық орталық оқушылары басқа балалар сияқты өздерінің сыныптастарымен бірге бір сыныпта оқиды, себебі даму мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты балалармен бірге оқытылуы міндетті. Біздің орталыққа тек арнайы кестедегі белгіленген мерзім бойынша сабақтан тыс уақыт­та келіп отырады. Бірақ, сабақ барысында ерекше балалармен жұмыс істеу қиындап кеткен жағдайда пән мұғалімі немесе сынып жетекшісі бізге әкеліп тапсырады және біз баланың ерекшелігіне қарай ары қарай жұмыс істейміз. Ерекше білімді қажет ететін балалармен жұмыс істейтін мамандарға қойылатын талап жоғары. Балаларға сабақ барысында берілген тапсырманың шектен тыс ауыр болмауы, олардың деңгейі мен мүмкіндігін ескеру, жасаған әр іс-әрекетін назардан тыс қалдырмау, ата-анамен әрдайым тығыз байланыста болу сынды өзіндік бірқатар талаптары бар. Ата-ана мен арнайы маманның тарапынан ұстамдылық, шыдамдылық, төзімділік қасиеті болуы тиіс. Сабырлық, мейірімділік сынды қасиеттер ерекше білімді қажет ететін   балаларды оқыту және тәрбиелеу кезінде жаттығу түзетудің арнайы әдістерінің бірі. Жаттығуларды орындай отырып бала өзін ортада дұрыс ұстауға, мейірімділікке, төзімділікке үйренеді. Бірақ, жаттығуға толығы­мен жүгінуде балаларды агрессияға, мінезіндегі қиқарлықты тудыруы мүмкін.

Соңғы кезде ерекше балалардың саны көбейіп келеді. Оған себеп өте көп. Бірінде тұқымқуалаушылық болса, бірінде ата-ана тарапынан бала дамуының тежеуін дұрыс қада­ғаламауы. Одан бөлек жас аналар жүкті кезінде денсаулықтарына салғырт қарауы және денсаулығына зиянды заттарға әуес болуы сияқты себебі де бар. Арнайы тәжірибелі маман ретінде ата-аналарға кеңесім – балаға телефон бермесеңіздер екен. 2 жасқа дейін мүлдем телефон қарауға тыйым салынады. Осының салдарынан қанша бала сөйлемейді, тіпті жанындағыларды елемейді де. Бұл – цифрлық аутизм және оның болашағына тікелей кері әсерін тигізіп отыр. Қазір қай жерге барсақ та телефон гаджетіне жіпсіз байланып отырған жастарды, оқушыларды, тіпті сәбилерді көреміз. Дер кезінде дабыл қағып айтылмаса бұның салдары жақсы болмайтыны анық. Сол себепті ата-аналарға балаларыңызды үнемі бақылауда ұстап, қандай да бір ем керек болса міндетті түрде уақытында емдеу жұмыстарын жүргізіп, арнайы мамандарға жүгінуге кеңес беремін. Балаңыздың болашағы жарқын болсын десеңіз осы мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарап, уақытты бос өткізіп алмауыңыз тиіс, – дейді арнайы педагог-психолог маманы Нұргүл Қожарипова.
Қорытындылай келе, бүгінгі жаңа заман талабы арнайы педагог-психолог маманға әртүр­лі ерекше білімді қажет ететін балалардың жүрегі­нен жол таба білуі, білім-біліктілігі жоғары, жаңашыл, ізденімпаз ерекше қасиет иесі болуды міндеттейді. Дарынды ерекше балалармен жұмыс – қоғамның болашағына салынған инвестиция және тәуелсіз жеке тұлғаны дамытуға көмектесетін игі іс.

Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ
25 мамыр 2024 ж. 147 0