Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырдың сырбаз Молдашы

Сырдың сырбаз Молдашы

Өмірден түйгені мол, заманынан озып туған адам ретінде айналасына танылған Молдабек Ахметовтің білімі мен тәжірибесі жеткілікті.

Адалдықты, қызметке деген жауапкершілікті, кісілікті болмысы мен ұстанымын айқындай алған арда азамат өзімен үзеңгілес, сыйлас болған ортаға Молдаш есімімен белгілі. Сонау еліміз егемендік алған жылдардан еңселі еңбек етіп, жетекшілік еткен саласын тоқыраудан аман алып қалу жолын қарастырған Сырдың сырбаз Молдашы биыл 70 жасқа толып отыр. Ақын, ҚР Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлының ұсынысы негізінде басылым бетіне мақала жариялау мақсатында мерейтой иесімен емен-жарқын әңгімелесу үшін Қызылорда қаласына табан тіредік.

Бізге берген мекен жайда көрсетілген ғимаратта орналасқан жұмыс кеңсесіне кіргенімізде Молдаш аға маңызды жұмыспен айналысып отыр екен. Алғаш көргеннен өз заманының тұғырлы азаматы жылы шырай танытып, қарсы алды. Жетпістің желкенін керген Молдабек Меңлібайұлының өмір жолына тереңнен қанығуға мүмкіндік алдық.

Қоғам өмірінде белгілі бір тұлғаға айналу – адамның азаматтық көзқарасы мен ұстанымына, қанмен келген тектілік қасиетінде жатыр. Молдаш аға туралы сөзді ең алдымен қызметтік жолынан емес, текті отбасынан бастағанды жөн көріп отырмыз. Жиырмасыншы ғасырда Сыр өңіріне есімі танымал болған Ахмет Тұрғамбаев шығу тегі бойынша бай болған екен. Кеңес Үкіметінің сан мәрте қыспағына түсіп, қудалауға ұшырайды. «Халық жауы» ретінде айып тағылып, мемлекет тапсырмасын қасақана орындамаған деген жала жауып, 5 жылға айдауға жіберілген. Онысымен қоймай, заңсыз жиналыс жасады, үкіметтің саясатына қарсы діни үгіт таратты деген желеумен мүлкі тәркіленіп, ату жазасына кесіледі.

– Менің Ахмет атама Кеңес Одағы кезінде қылышынан қан тамған үкіметтің саясаты жүріп тұрған уақытта нақақтан-нақақ, негізсіз айып тағылады. Сол уақытта кез келген бай кісіні қудалау саясаты қатты жүрді. Әйтсе де, 1995 жылы ҚР Бас прокуратурасының шешімімен «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңға сәйкес, Ахмет Тұрғамбаев атамыз ақталып шығады. Отбасымыз хақында әңгіме қозғалғанда майдан даласында неміс басқыншысымен соғысқан Дүйсенбай мен Қабылай ағамыз соғысқа аттанып, оралмағандығы еске түседі. Ал Абылай Қалықбаев көкеміз Орел қаласын азат етуде немістердің қолына түскен екен. Италияның концлагеріне апарылған көкем ол жақтан қашып шығады. Оны соғыс даласында италияндықтар Анжело деп атаған. Әкемнің бауырының есімі ерлікпен елді неміс басқыншыларынан азат еткені үшін Венецияда үлкен таста соғысқа қатысқан солдаттардың арасында жазылып тұр. Дегенмен, оны Сталиннің бұйрығымен 19 жылға соттайды. Көкеміз елге 1970 жылы оралады, – дейді Молдабек Ахметов.

Расында, Кеңес Үкіметінің саясаты бұл отбасын көп тығырыққа тіреген. Молдаш ағаның әкесі Меңлібай жетімдіктің зардабын көп тартқан. Бауырлары ашаршылықтан аман қалмаған. Меңлібай Ахметов 1945 жылы Тереңөзек ауданына үшінші хатшы болып келген жеңгесімен бірге келеді. Кішкентайынан хат таныған ол Тереңөзек ауданында радио комитетінің әдеби қызметкері, «Сталин жолы» газетінің жауапты хатшысы қызметін атқарады. Кейіннен Қармақшы ауданына қоныс аударып, Молдабек Ахметовтің әкесі «Қарақұм» мал жайылымындағы «Қызыл отаудың» меңгерушісі, «Қызыл ту» газетінің жауапты хатшысы, счетоводы, Қармақшы аудандық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болады.

– Әкем – Меңлібай ерте хат таныған кісі. Тағдырдың қиыншылығын көре жүріп, бірнеше салада қызмет еткен. Қармақшы ауданында жүргенінде сол кездегі бірінші хатшы Исатай Әбдікәрімовпен бірге жоғарғы партия мектебіне қабылдану үшін Алматы қаласына барады. Сонда әкемді «халық жауының» баласы, неміс басқыншылары тұтқынының інісі деп мектепке қабылдамайды. Елге оралғаннан кейін оған саяси билік күн бермейді. Түпкілікті шешім қабылдаған әкем Ақтөбе облысына мұнай саласы бойынша жұмысқа орналасу үшін аттанып кете барады. Мұнай саласының қыр-сырын меңгеріп, еңселі еңбек етеді. Белгілі бір компанияда сан түрлі қызмет қылады, – дейді Молдаш аға.

Негізінен, Молдабек Ахметовтің бала­лық шағы Қармақшы ауданы мен Ақтөбе облысының Шалқар ауданында өтеді. Әкесінің жұмыс барысымен бірнеше мәрте мектеп алмастыруға тура келеді. Нағашысының тәрбиесін көреді. Қармақшыдағы №26 Шоқан Уәлиханов атындағы білім ошағын бітіргеннен кейін бірнеше жыл мұнай саласында қызмет етеді. Содан кейін Шымкент қаласындағы мед­училищеге оқуға түседі. Бойында жастық жігері тасыған, қайраты мықты кейіпкеріміз Жалағаш және Қармақшы аудандық ауруханада жұмыс жасады және Қармақшы аудандық ауруханасының кәсіподақ ұйымын басқарды.

Талабы таудай азаматтың Алматы қала­сындағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Заң факуль­тетінде білім алған жылдардан бастап, өмір жолындағы жаңа кезең қалыптасты. Тегеурінді, мықты маман болып қалыптасқан Молдабек Ахметов 1992-1994 жылдары сот саласындағы еңбек өтілін бастаған. Ал 1994-1996 жылдары арнайы іріктеуден өткен білікті маман Әділет министрі Нағашыбай Шайкеновтің бұйрығы негізінде Жалағаш аудандық сотының судьясы қызметіне тағайындалады.

«Әділ сөздің зілі жоқ, көп көзінен өткен істің міні жоқ» деген қазақта тәмсіл бар. Қашанда турасын айтып, әділ болуды қалайтын арда замат өзіне басшылықтан жүктелген мақсат-міндетті мүлтіксіз орындауға тырыс­ты. Қаншама адамның тағдыры үшін шешім қабылдау – асқан жауаптылықты қажет етеді. Барлығын заң аясында жүзеге асырып, екі тарапты бітімге келтіру – оңай шаруа емес. Қыруар еңбектің артында адам тағдыры жатқанын Молдаш аға жақсы біледі.

Арада 51 жыл өткеннен кейін әкесі Меңлібай қызметтік жолын бастаған Тереңөзек топырағында жұмыс жасау бақыты Молдаш ағаға да бұйырады. 1996 жылы Тереңөзек аудандық сотқа төраға болып келген кезінде мекеме ғимараты ескірген болатын. Сол кездегі аудан әкімі Алмагүл Божанованың ықпалды көмегімен бұрынғы ауыл шаруашылығы мекемесінің ғимаратына сот ұжымы көшірілді. Ауданға жаңадан келген төрағаның алдында ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу міндеті тұрды. Аз ғана уақыттың ішінде сот ғимараты аудан азаматтарының қолдауымен жаңа кейіпке еніп, материалдық базасы нығая түсті.

Шын мәнінде, аудандық сот төрағасының жетекшілігімен толайым істер атқарылды. Қызметке жас мамандар тартылып, сот саласындағы тың өзгерістер қолға алынды. 1998 жылы ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев ауданға арнайы іссапармен келді. Аудандық соттың жүйелі жұмысын көрген Мақсұт Нәрікбаев: «Аудандық соттың судьялары мен аппарат қызметкерлеріне адам баласына қажетті жақсылықтың бәрін тілей отырып, қара қылды қақ жарған әділ шешімдеріңізбен халық көңілінен шыға бер­сеңіздер екен деймін» деп тілек дәптеріне жазба қалдырды.

Бұл ретте, ардақты ана, мәдениет саласының ардагері, «Құрмет» ордені иегері Алмагүл Бақтиярова болмысы бөлек азамат жөнінде айтып, мерейтойымен құттықтады.

– Біздің Молдаш – өз ісінің білгірі. Талапшыл, бір істі бастаса соңына дейін жеткізетін жауапкершілігі зор азамат. Әрқашан жан-жақты зерделеп, мәселенің байыбына барып, шешім қабылдайды. Мұндай жандар өзі қалаған мамандығына, күнделікті атқаратын қызметіне адалдық танытады. Сырдария ауданында сот төрағасы болған жылдары мақтауға тұрарлық ілкімді істерімен танылды. Оның жұмысқа қабылдаған мамандары бүгінде жоғары лауазымды жұмыстарға бекітілген. Молдаштың шеберханасында шыңдалған мамандар кәсіби біліктілігімен танылып жүр деп білемін. Үнемі жаңалығын айтып, хабарласып тұрады. Мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын, – дейді Алмагүл Сайранқызы.

Әрине, кез келген басшы саланың жұмысын ілгерілету үшін жаңашылдыққа иек артады. Молдабек Ахметов өзіне артылған сенімді тереңнен сезініп, сот саласындағы іс-қағаздарды бір жүйеге түсіреді. Нәтижелі жұмыстың арқасында Сырдария аудандық соты үлгілі базалық соты болып қалыптасады. Ұжымның еңбегі басшылықтан жоғары бағаланып, Қызылорда облыстық соты мен Әділет департаментінің бастығы Қаулы шығарып, Сыр өңірінің барлық аудандық соттарына тәжірибе жинақтау үшін таратылады. Бірнеше мәрте үздіктер қатарынан көрінген ұжымның еңбегі ескерусіз қалмайды.

– Басшылық қызметте отыру, ұжымды басқару мүмкіндігі барлық адамға беріледі. Маңыздысы – басшы ретінде салаға өзгеріс әкелгенде ғана сенің жасаған жұмысың көзге көрінеді. Біз үздік атану жолында аянбай тер төктік. Ұжымдағы судья Мейрамбек Ибрашов, Сәрсен Сейілова, Мейрамбек Әбен, Гүлшат Пірімбет, Қарлығаш Әкімжанова секілді мамандар сапалы жұмысты егжей-тегжей саралай білді. Мен қашанда мамандарға талапшыл болатынмын. Әрбір шаруаның қиюын қиыстырып, уақытылы аяқтауға болады. Ең алдымен адамда ынта болғаны дұрыс. Өз кезегінде ауданда төраға қызметінде болғанымда барлық жағынан қолдау көрсеткен жергілікті халыққа, аға буын өкілдеріне шынайы алғысымды, ризашылығымды білдіремін, – дейді арда азамат.

Сот төрағасының бастамасымен жыл са­йын ұжымда көптеген өзгеріс еніп тұрды. Екі тарапты татуластыру, Медиация заңы бойынша халықтың мәселесін шешу де өз өзектілігін жоймады. Аты республикаға танымал ұжымның тәжірибесін көру мақ­сатында ауданға іссапармен 3 Әділет вице-министрінің орынбасарлары, Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Абдіразақұлы Мәми, 9 Жоғарғы соттың судьясы, соның ішінде 5-і Жоғарғы Соттың президиум мүшелері болып, аудандық соттың ұтымды ойластырылған қызметке лайықты бағасын берді.

Сол кездегі Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми: «Сырдария аудандық сотының ұжымына әділдіктің биігінен көрінуіне, сот беделін жоғарыға көтеруге тілек білдіруші» деп тілек кітапшасына өз қолтаңбасын қалдырып сот ұжымының халыққа жасаған еңбектеріне осылай ризашылығын білдірген.

– Сырдария ауданында қызметте жүр­генінде Молдашпен жақын танысқан едік. Өз ісінің майталман маманы аудандағы ауыл шаруа­шылығы саласына қатысты мәселелерді назарынан тыс қалдырмады. Елді мекендердегі шаруашылық құрылымдарының өзекті дүниелерінің шешімін табуына ықпал етті. Іні ретінде оның байсалдығына, азаматтығына дән ризамын. Мерейлі жасы жақсылығымен келсін, – деді байланыс саласының ардагері Нұрлан Оразбеков.

Молдабек Меңлібайұлы 2002 жылы Қызылорда қалалық сотының төрағасы қызметіне келгенде үлгі базалық соты дәрежесін қалыптастыру үшін жаңа ұжымды бір арнаға ұйыстырды. Мұнда да ешбір дүниеден аянып қалмаған тәжірибесі толысқан төраға 13 судьямен бірге және ұжым қызметкерлерімен біте қайнаса еңбек етті.

Төраға барған жерінде үздік болуға талпынды. Көш басында тұрған ұжымды алға сүйреген судьялар қатарында Тілектес Сейітов, Ғани Төлеухан, Зина Жанбыршиева, Серік Бәкішов, Жанат Оспанова, Аманкелді Қожаниязов секілді заң саласының белді өкілдері мен ұжым қызметкерлері болды. «Мың қосшыға бір басшы» демекші, заманынан озық туған Молдабек Ахметов өзінің басқарушылық ісінде осалдық танытқан емес.

«Әділ іс ағын судың арнасындай, әділ сөз болат семсер алмасындай» деген сөзді Шораяқтың Омары айтқан. Үнемі әділдігімен ақиқатқа көз жеткізетін Молдабек жөнінде көп нәрсе айтуға болады. Алтын жүректі азамат сот саласын жетілдіруге бар ғұмырын арнап келеді. Оның жүріп өткен жолы ізінен ерген жастарға үлгі-өнеге саналады. Аудан тарихында сот саласындағы бірқатар реформаны енгізді. Қалалық және облыстық сотта атқарған жұмысына егжей-тегжей қанықпыз. Басылым бетіне Молдекең хақында мақала жарияланады дегенде шын қуандым, – дейді мемлекеттік қызмет саланың ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Балшекер Өтегенова.

Аға буынға ізеттілік танытып, кішіге қамқорлығын аямайтын Молдабек Ахметов 2007 жылы облыстық соттың қылмыстық алқасына төраға болып тағайындалды. Қызылорда облыстық сотының қылмыстық алқасының шығарған әрбір Қаулысының сапалы жазылуына аса мән берді. Еліміз бойынша ең алдыңғы қатарлы мазмұны мен мәні терең іс-қағаздардың сапалы толтырылуы ыждағат­тылықпен атқарылды. Ұжымның еңселі еңбегі бағаланып, Жоғары соттың жалпы отырысында республикаға үлгі ретінде айтылатын болған.

Сот құрылымы бірнеше тармақтан тұрады. Заңдылық тұрғыдан сапалы жұмыс өлшемі көпшіліктің назарынан тыс қалмайды. 2010 жылы судья қызметіне келген Молдабек Меңлібайұлы кассациялық сот алқасында өзіндік іс-тәжірибесін қолдана отырып, 3 жарым жыл бойы қылмыстық істер бойынша жазылған Қаулылар еш өзгеріссіз, сапалы жазылуымен ерекшеленді. Әрине, қылмыстық істерді қарау, талдау, шешім шығару терең білім, асқан жауапкершілікті талап етеді. Мұндайда Молдаш аға басшылық қойған межені артығымен орындауды мақсат тұтты.

– Молдаш ағаны жанашырлыққа жаны құмар адам ретінде білемін. Ескі ғимаратта отырған кезімізде бізді үнемі қанаттандырып отырады. Заман өзгеріске ұшырауда, бұлай отыруға болмайды деп алғаш Мәскеу қаласынан компьютер алып берді. Ұжым қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға, ғимараттың материалдық базасын кеңейтуге көп күш-жігерін жұмсады. Талапшыл, қатаң тәртіпті мамандардан сұрайтын оның бір қасиеті – жұмыс істей білген маманды көтермелейді. Адамды бөле-жаруды білмейтін. Қабілеті жоғары адамды қасына ертіп, жол көрсете білді. Жанашыр ағаның тәлімін алған әріптестерім қызметтің өсу сатысында ешбір қиналмады. Өзі қанша білімді болса да, айналасындағы мамандарына білгенін сіңіре алған жан ретінде ерекше құрметтеймін, – деді аудандық соттың бас маман-сот отырысының хатшысы Гүлшат Пірімбет.

Ар-ожданды биік қоятын, ешқашан бас пайдасын ойламайтын Молдабек Ахметов 2002-2008 жылдары Қызылорда облысының Судьялар одағы филиалының төрағасы қызметінде болды. 2005 жылы Мемлекет басшысының қатысуымен өткізілген Судьялар одағының ІV сьезінің делегаты болған Молдабек Меңлібайұлы ҚР Жоғарғы Сотының азаматтық істерді қарайтын алқа төрағасы Сансызбай Райымовтың жетекшілігімен бірне­ше мәселе бойынша баяндама жасап, шешімін табуға қолдау тапты.

Өз кезегінде сол кездегі ҚР Жоғарғы соты төрағасы Қайрат Мамидың өкімімен Қазақ билер тарихын зерттеу жөніндегі жұмысшы топтың мүшесі болып бекітілген Молдабек Ахметов Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылуына себепкер атанды. Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан өңірлерінен арнайы делегаттар шақырылып, іс-шара жоғары деңгейде жүзеге асты. Ғылыми-теориялық конференцияға бел­гілі ғалымдар Берекет Кәрібаев, Ханкелді Әбжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Тынышбек Дайрабай, заң ғылы­мының докторы Ағыбай Арықбаев келді.

Бекзат болмысты, сөзі нық азамат жас кезінен спорттан қол үзген емес. Күні бүгінге дейін спортты жанына серік етіп, саламатты өмір салтын ұстануда. Бильярд спорты бо­йынша сот қызметкерлері арасында бірнеше мәрте республикада жеңіске жеткен.

Айта кетейік, Молдабек Меңлібайұлы Қорқыт ата атындағы Қызылорда және «Болашақ» университетінде болашақ заң мамандарына дәріс береді, Мемлекеттік емтиханның төрағасы ретінде жас түлек­терден сынақ қабылдайды. Арда азамат «Сыр бойының сот билігі» және «Қызылорда облыстық сотының 75 жылдық мерейтойы», Тынышбек Дайрабаймен бірігіп «Билер сөзі – киелі», «Сыр елінің тарихи ескерткіштері» кітабын жарыққа шығарған. Қызылорда облысы сотының тарихын тереңнен зерттеген өз ісінің білгірі арнайы мұражайдың ашылуына күш салды. Кезінде жер аударылған корей халқы ұйымдарының талап-арызымен жұмыс жасаған білікті маман оларды қуғын-сүргін құрбаны деп танылу үшін шешім шығарылуына айтарлықтай үлес қосты.

Қызметте тегеуріні мықты азамат атанған Молдаш аға отбасында перзенттеріне үлгілі әке. Ардақты азаматтың зайыбы Баян Ахметова даңқты жазушы, батыр Бауыржан Момышұлының туған жиені. Яғни Молдаш ағаның үйіндегі аяулы жары – Жамбыл облысының тумасы. Талай мәрте Бауыржан Момышұлының тәлімін алған Баян апай жазушының қолжазбасын жазуға көмектесіп, жанынан табылған. Марқұм Бақытжан Бауыржанұлы мен Зейнеп Ахметова, яғни ұзақ жыл бойы Баукеңнің ардақты келіні әлі күнге дейін бұл отбасымен байланысын үзген емес.

Негізінен, Баян апа дәріхана саласында еңбек етті. Ең бастысы, ақ жүректі ана, асыл жар ерінің бабын таба білді. «Әрбір мықты ердің артында ақылды әйел тұрады» деген сөздің жаны бар. Молдаш ағаның үлкен ұлы Әлібек Ақтөбе облысының қылмыстық сот алқасының төрағасы болып әке жолын қуып қызмет етуде. Басқа ұлы мен қыздары жеке кәсіппен айналысуда.

Молдабек Ахметов – «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісінің, мерекелік медальдардың ие­гері, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, ҚР Журналистер одағының мүшесі және «Болашақ» университетінің Құрметті профессоры.

Елге еңбегі сіңген азаматтың өмір жолы жөнінде қалам тербей отырып, «үздік», «үлгілі», «жоғарғы дәреже», «сапалы жұ­мыс» деген сөздер жиі қолданылды. Бұл де­геніміз – сот саласының білгір маманының майталман екенін дәлелдей түседі.

Балтабай ОРДАБЕКОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
18 ақпан 2025 ж. 370 0