Ардагерлерге құрмет көрсетілді

Тағылымы мол іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев, аудандық қорғаныс бөлімінің басшысы Жомарт Пірназаров, Ауған соғысының ардагерлері қатысты. Ең алдымен іс-шараға қатысушылар Ауған соғысы, Семей ядролық сынақ полигоны мен Чернобыль апатына қатысушыларға және Тәжік-Ауған шекарасында ерлік көрсеткен сарбаздарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Содан соң тағылымды кеш аудандық мәдениет үйінде мерекелік іс-шарамен жалғасын тапты. Мерекелік кеш барысында әсем ән шырқалып, Ауған соғысы жайлы көрініс көрсетілді. Аудан әкімінің орынбасары Димаш Байдушев сөз сөйлеп, Ауған соғысының ардагерлеріне құттықтау лебізін жеткізді.
– Осыдан 36 жыл бұрын, нақты айтқанда, 1989 жылдың 15 ақпаны күні Кеңес әскерлері Ауғанстан аумағынан шығарылды. Интернационал жауынгерлер Ауғанстанға көмектесу үшін қолдан келгенше шайқасып, кеуделерін оққа тосты. Бұл – біздің тарихымыздағы елеулі оқиғалардың бірі. Қаншама жауынгер соғыс даласынан оралмады. Алайда олардың жасаған ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Бұл ретте бүгін Сырдария ауданы әкімдігі мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетіп, сіздерді шақырып отырмыз. Сіздер сол кездегі жауынгерлер бүгінгі бейбіт өмірдің еңбеккерлері елдік пен отаншылдықтың қадір-қасиетін ұғындыру арқылы ел өмірінің дамуына елеулі үлес қосып келесіздер, – деді Димаш Байдушев.
Тағылымы мол іс-шара барысында Ауған соғысының ардагерлері арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Жиын соңында ардагерлер өз алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА