Өмірі – өнеге, мамандығы – дәрігер

Тағылымды тағдыр иесі Астрахан Қожахов Сырдария ауданына қарасты бұрынғы Қызылдихан ауылында 1940 жылы дүниеге келген. Медицина саласының майталманы бұрынғы №35 М.И.Калинин атындағы қазақ орта мектебіне 1947 жылы қабылданып, ұлағатты ұстаздардан білім алған. Мектеп қабырғасында жүргеннен бастап, білімді, алғыр бозбала ретінде көпшілік көзіне түскен. Әкеміз білімнің қарашаңырағын 1958 жылы бітіріп, 2 жыл колхозда жұмыс жасаған.
Ардақты әкем 1960 жылы Ақтөбе қаласындағы медициналық институтына оқуға түскен. Туған топырағынан жырақта жүрген білімді жас 1966 жылы «емдеу ісі» мамандығы бойынша институтты бітіріп шыққан. 1966 жылы облыстық денсаулық сақтау бөлімінің басшысы С.Махашеваның жолдамасымен Тереңөзектегі туберкулезге қарсы диспансеріне дәрігер ретінде қызметке орналасқан.
Өз ісінің білгірі 40 жыл бойы аудандық туберкулезге қарсы диспансерде дәрігер-фтизиатр, бөлім меңгерушісі, бас дәрігер қызметін абыроймен атқарған. Ардақты әкеміздің жетекшілігімен аудандағы туберкулезге қарсы жұмыс бір жүйеге келтіріліп, манту реакциясы бригадалық әдіспен қойыла бастады. Флюорографиялық тексерістің саны мен сапасы артты.
Айта кетейік, 12 жыл диспансерде бас дәрігері қызметін атқарған тұсында мекемеде бала фтизиатриясы бағытында манту реакциясын иньектор арқылы қою ұйымдастырылды. ДОТС бағдарламасын аудан көлемінде игерудің бастамасы жасалды. Ауданда жаңадан туберкулезге қарсы диспансердің ашылуына ықпал етті. Дәрігер 2003 жылы зейнет демалысына шығып, аудандық деңгейде қоғамдық жұмыстармен айналысты. Сырдария аудандық әкімдігі жанынан құрылған «Сырдария» қоры, сайлау учаскелерінің жұмысына етене араласты.
Бірінші санатты дәрігер үш мәрте республикалық кәсіподақ комитетінің жоғарғы марапатына ие болды. Облыс көлемінде бірнеше рет мерейі тасып, абырой биігінен көрінген азамат талай сырқатты айықтыра білген. Сонымен бірге қадірлі жан «Азаматтық қорғаныс штабының төсбелгісімен» марапатталған. Біз үшін қымбат жан Алматы, Пенза, Мәскеу қалаларында білімін жетілдіріп, халық денсаулығын жақсартуға елеулі еңбек ете білген.
Өз кезегінде анам жөнінде асқан тебіреніспен сөз қозғасам деймін. Анамыз Маржанкүл Ақбай 1947 жылы Қызылорда қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. 1964 жылы Горький атындағы орыс мектебін бітіріп, сол жылы медициналық училищеге оқуға түскен. 1966 жылы аталған оқу орнын бітіріп, қызмет өтілін балабақша медбикесі болып бастаған. Сол 1966 жылы әкемізбен отбасын құрып, Тереңөзек кентіндегі аудандық аурухананың ота жасау бөлімінің медбикесі болып қызмет атқарған. 1967 жылы Қызылдихан ауылының медициналық пунктінде фельдшерлік қызмет атқарған. Осы жылы аудандық емхананың жұқпалы аурулар кабинетіне ауысқан еді. Сол жерде 40 жыл адал қызмет етіп, зейнетке шықты. «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Ақ халатты абзал жан зайыбымен бірге 4 перзенттен 12 немере сүйген.
Үнемі анамыздың жанынан табылған әкеміз азаматтық қорғаныстың тапсырмалары мен іс-шараларының орындалуын ұйымдастыру, басқару және қамтамасыз ету бойынша қызметтік міндеттерін табысты орындаған. Сондай-ақ өзі басқаратын ұйымдарда азаматтық қорғаныс бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген, іс-шараларға белсене қатысқан. Елеулі қызметі үшін оған арнайы медаль табысталған. Әкеміз одақтық білім қоғамы мүшесі болған. 1979 жылғы социалистік жарыс жеңімпазы төсбелгісі иегері атанған. Саналы ғұмырында анамызбен бақытты, баянды ғұмыр кешкен әкеміз жөнінде жазылған мақала «Қазақстанның алтын кітабы» жинағына енді. Жинаққа енген әкемізге арнайы медаль табысталды.
Асқар тау әкемізге бекітілген оқу жоспары мен бағдарламасына сәйкес білім мен дағдыны меңгеріп, белгіленген емтихандарды өте жақсы бағаға тапсырғаны үшін арнайы куәлік берілген. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының атынан «Құрмет грамотасымен», «Ерен еңбегі үшін» мерейтойлық медальмен марапатталған. Владимир Ильич Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай сый-құрметке ие болған. КСРО Денсаулық сақтау министрлігінде фтизиатрия бойынша біліктілікті арттыру циклін сәтті аяқтап, ерекше куәлік иесі атанған. Қазақстан Республикасы халқының денсаулығын сақтау ісіне қосқан зор үлесі үшін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау істері жөніндегі агенттігі төрайымы М.Омарованың «Құрмет грамотасына» қол жеткізген. Өз кезегінде әкеміз көптеген марапат төрінен көрінді. Кеудесінде сан түрлі мерекелік медальдар жарқырап, медицина саласына еткен еңбегі ақталды.
Әкеміз – Астрахан Қожахов пен анамыз Маржанкүл Ақбайдың құрған шаңырағы мәуелі бәйтерекке айналды. Ауданда біздің отбасымыз «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, жеңімпаздар қатарынан көріндік. Осы күні әкеміз бен анамыздан тараған ұрпақтары сан салада қызмет етіп жүр. Шын мәнінде, үйімізде қос бәйтерегіміздің орны ойсырап тұр. Өткен жылы қос қамқоршымыздан айырылып, қайғы қамытын кидік. Әрине, әкеміз бен анамыз арамыздан кеткеніне 1 жыл толса да, сағына еске аламыз. Есімдерін жаңғыртамыз.
Берік ҚОЖАХОВ