Ардақты ардагерге – айрықша құрмет

Кейін аудандық білім бөліміне барсақ, әдеміше келген апайды және кездестіретінбіз. Үлкен лауазымды кісінің қолынан марапат алған оқушыда жүрек бар ма?! Ынталанып, тағы да байқауларға қатысуға, қатарластарымыздан оза шабуға талпынатынбыз.
Сол кездегі жүзінен мейірім шашқан, қажет жерінде қаталдық танытатын әдемі апай Баян Орынбекқызы еді. Алғашқы еңбек жолын білім саласында бастаған Баян апай 2009-2012 жылдары аудандық білім бөлімін басқарғаны аудан халқына белгілі. Сол жылдары білім саласы едәуір жетістікке жетіп, талапшылдық пен тәртіптің арқасында үздік көрсеткіштерге жеткен. Иә, өткенсіз бүгін жоқ екені ақиқат болғанындай, бүгінгі білім саласының жоғары деңгейде болуы сол қиын кезеңдердегі өлшеусіз жасалған еңбектің нәтижесі десек, сөзіміз талас тудырмасы анық.
«Әйел қырық жанды» деген тіркес осындай ер мінезді, өр рухты азаматшаларға қаратыла айтылса керек. Баян апай да саналы өмірін аудан халқының дамуына, келешек ұрпақты тәрбиелеуге, экономиканы алға жылжытуға арнап келе жатқан жан. Осыдан бес-алты жыл бұрын құрметті зейнет демалысына шыққанымен қоғам өмірінен қол үзген емес. Әркез кейінгі буынға үлгі-өнегесін көрсетіп, ақыл-кеңесін арнап келеді.
Биылғы жыл Баян апайымыз үшін құтты, берекелі, жақсы жаңалықпен басталды. Ауданның бас ұстазы атанған абзал жан биыл асқаралы алпыстың бесеуіне қадам басқалы отыр. Осындай мерейлі жас қарсаңында бір-бірімен бағыттас бірнеше салада абыройлы қызмет еткен Баян Орынбекқызы туралы қалам тербемекке ниет етіп, аудан халқына аян өмірбаянға тағы да көз жүгірттім. Баян Сүюбаева – осы өзіміздің Сыр елінің тумасы. Бала күнінен ұстаздық жолға қызығушылығы артып, кішкентай кезінен осы салада жұмыс жасауды армандаған. Тіпті апай бір естелігінде бала кезде тек мұғалім болып ойын ойнағанын айтады. Әрине осындай сүйіспеншілікпен, ерекше ынтызарлықпен бастау алған кәсіпке деген құштарлық ұдайы жақсы жолға жетелеген.
Алғашқыда М.Мәметова атындағы педучилищені, кейін Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтын мұғалім мамандығы бойынша оқып бітірген. Алғашқы еңбек жолы небәрі 19 жасында Қоғалыкөл ауылындағы №44 мектепте бастауыш сынып мұғалімдігінен басталған. Баян апай ең алғашқы сабағына кіргенде бала күнгі арманы шындыққа айналып, көз алдында шынайы өмірі, білімге шөліркеген кішкентай балалар отырғанын көргенде ерекше тебіренгенін айтып, өткенге ерекше ықыласпен көз жүгіртіп өтті.
– Ұстаз бейнесі шәкірт үшін адамгершіліктің ең жоғары үлгісі деп білемін. Алғаш мектеп табалдырығын аттап, алтын ұяға ақ көңілмен қадам басқан сәтімде күлімдеп қарсы алған алғашқы ұстазым әлі есімде. «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» дейді халық даналығы. Алғашқы ұстазым Ақалтын Әлжанова деген апай еді. Ол кісі менің ақылшым, алғашқы данышпаным, өмірге бағыттаушым болған. Алғашқы ұстазымнан білім жолының таза, тура, әділ жол екенін ұқтым. Тарихқа көз жүгіртсек, ақыл-парасаты мол тұлғалардың көпшілігі ұстазына ерекше құрметпен қарап, әрдайым үлкен ізетпен еске алғаны анық. Осы ретте мен де алғашқы ұстазымды ерекше құрмет тұтамын, әлі күнге айтып жүремін, – деді ардақты ардагер.
Алғашқы қызмет орнында аздаған уақыт тәжірибе жинақтаған ұстаз одан кейін Қызылорда қаласындағы №212 мектепте тәрбиеші, аудандық пионерлер үйінің әдіскері, «Атамекен» тәрбие орталығының төрайымы, облыстық оқу әдістемелік орталығының оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі басшы орынбасары сияқты лауазымды әрі жауапкершілігі зор жұмыстарды абыроймен атқарған. Еңбек жолында тәжірибе жинақтап, ізгі жақсылармен сапарлас болған аяулы ұстаз өмір мектебінде тәрбиеленіп, аудандағы №35 мектепке 2004 жылы директор болып тағайындалады. Кейін Түркістан қалалық сырттай оқу мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып абыройлы еңбек етеді. Айта кетейік, 1991 жылы І Республикалық Құрылтай өтіп, делегаттар құрамында Баян Орынбекқызы болды. Сол кезде ардақты ұстаз батыл қадам жасап, балалар ұйымы тарихында маңызды шешімдер қабылдауға атсалысты. 1989 жылдары аудандық пионерлер үйінің әдіскері болып, сол кездері екі мәрте ЛКСМ-ның Пленум мүшесі болып сайланды. Үлкен мінберлерде сөз алып, алғаш болып «Атамекен» ұлттық тәлім-тәрбие бағдарламасын енгізу туралы ұсыныс-пікірін жеткізген. Жас ұрпақ бойына рухани құндылықтарды енгізіп, дәстүрді дәріптеуді алға қойған. Бірнеше жылдан соң Сыр еліне қайта бағыт алып, бұл жолы жаңаша серпінмен, тың екпінмен мемлекеттік қызмет саласындағы еңбегін бастайды. Апайдың білім саласынан мемлекеттік қызмет саласына ауысуы кездейсоқ жағдай емес. Баян Орынбекқызы ұзақ жылғы еңбек пен дайындықтың нәтижесінде Қоғалыкөл ауылдық округінің әкімі лауазымына тағайындалады. Жауапты қызметті үш жылдай атқарып, ауылды қиын кезеңдерде аяққа тұрғызғаны бүгінгі ауыл, аудан тұрғындарының есінде.
– Баян Орынбекқызы 2006 жылдан бастап бірнеше жыл Қоғалыкөл ауылдық округінде әкім болып қызмет етті. Ол кезде ауданды білікті басшы Ибрагим Әбибуллаев басқаратын еді. Тәуелсіздік кезеңі дегенмен, ол кезде ауылдың жағдайы қазіргідей емес, бірқатар шешім таппаған мәселелер болды. Сонда нәзік жанды болса да ерлермен қатар иық тіресіп, барын салып қызмет етіп Баян бірқатар шаруаның шешімін табуға көмек еткен еді. Баян жаппастың қызы болғандықтан, мен оны Баянсұлу деп атаймын. Ер азаматқа бергісіз мықты қыз деп білемін. Біздің ауылда сол кездегі аудан әкімінің қолдауымен, Баянсұлудың еңбегімен ауыл тұрғындарын толғандырған ең өзекті мәселе аяқ су мәселесі шешім тауып, ауылға 17 шақырым жерге аяқ су келді. Одан кейін ауылдық клуб салынды, ең бірінші болып әлеуметтік дүкен іске қосылды, жолдар да жөндеуден өтті. Баян өзі нағыз өткір, жалындап тұратын, өз ойлағанын қандай қиындыққа да қарамай орындап шығатын, орындататын жан. Кезінде бірге жұмыс жасадық, қатты құрметтеймін. Қазіргі кезде ауылдарды көркейтуге, көгалдандыруға бірқатар жағдай жасалып келе жатыр. Тіпті кей ауылдарымыз көгілдір отынның игілігін көріп, кәсіпкерлік саласы дамып, шағын қаладағыдай жақсы жағдай жасалған. Бұл құптарлық әрі қуантарлық жаңалық. Ауылымыз өркендеп, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – дейді Қоғалыкөл ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Рахима Досжанова.
2009 жылдан бастап Баян Сүюбаева білім саласына қайта бет бұрып, аудандық білім бөлімінің тізгінін ұстайды. Кейіннен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқарып, білім мен руханият, мәдениет саласын жаңғыртуға елеулі үлесін қосқан. 2016 жылдан бастап аудандық білім бөлімінің басшысы қызметіне келіп, 2019 жылы құрметті зейнет демалысына шыққан. Мәдениет саласын басқарған жылдары кең көлемді іс-шаралар ұйымдастырумен қатар қазіргі таңда республикалық деңгейде белгілі «Сырдария» квартетінің құрылуына, концертке шығуына барынша жағдай жасауы аудан өнерпаздарына үлкен қолдау болды. Қарап отырсақ, ауданның бас ұстазы атанған ардақты жан бір-бірімен бағыттас қай салада еңбек етсе де ауданның дамуы, өркендеуіне өзіндік үлесін қосып, саналы ғұмырын ұлт тәрбиесі ісіне арнаған. Баян Орынбекқызы қазіргі күні де кейінгі буынға үлгі-өнегесін көрсетіп, бағыт-бағдар беріп жүреді. Қазіргі таңда облыстық білім саласы ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары қызметін атқарып келе жатқанын да айтып өтуге болады. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен ардақты жан қызмет пен отбасын қатар алып, ұрпақ тәрбиелеп өсірген. Бүгінгі таңда немерелерінің қызығына тоймаған ардақты жанның саналы ғұмырын үлгі етуге әбден лайық.
– Әрбір елдің болашағы оның білім ордасы – мектебінде шыңдалады. Ал келешек білімді ұрпақтың қолында болса, ұрпақты тәрбиелеуші ұстазға артылар жүк одан да ауыр. Баян Орынбекқызы ұстаз атын бәрінен биік қойып, ауданның бас ұстазына айналған ардақты жан. Мәдениет саласының, руханияттың дамуына да елеулі үлесін қосқаны аудан жұртшылығына белгілі. Баян Орынбекқызы басшылық жасаған жылдары білім саласында оң өзгерістер орын алып, сол жылдары ҰБТ бойынша аудан көрсеткіші соңғы орыннан алдыңға орынға шыққан еді. Мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайып, оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасалды. Аудан оқушыларынан құралған олимпиадалық команда «Ең үздік олимпиадалық команда» аталымымен марапатталды. Баян Орынбекқызы адал еңбегінің жемісін көріп келеді. Елеулі еңбек лайықты бағаланып Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері атанғанын да айтып өту орынды, – дейді әріптесі туралы пікір білдірген білім саласының ардагері Гүлбар Әбілқызы.
Иә, өзі ғана емес, саналы ғұмырын ел-халықтың игілігі жолында өткізетін, шынайы, әділ азаматтар бар. Кейбір нәзік жандылар ер-азаматтың қолынан келмейтін жұмысты атқарып жатады. Осындай ауданның жан-жақты дамуына өзіндік үлесін қосып, зор мәртебе, асқақ абыроймен құрметті зейнет демалысына шыққан ауданның бас ұстазы бүгінде 65 жасты еңсеріп отыр. «Адамның есімі – жарты ғұмыры» дейді дана қазақ. Расында Баян Орынбекқызы саналы ғұмырын баянды бақытқа арнап, бақытын адал еңбектен тапқан жан. Ендеше құрметті ардагер, білім саласының майталман маманына ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілейміз!
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ