Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 9 газет

04 ақпан 2025 ж.

№ 8 газет

01 ақпан 2025 ж.

№ 7 газет

28 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
2425262728 
» » Ақын рухы өлмейді

Ақын рухы өлмейді

«Осы өзіміздің Қараөзек бойында туып өскен ұлы жүз ошақтының қызы Ұлбике деген ақын болған. Оның шешесі де ақын болған деседі. Өзі хор қызындай сұлу, ақылды, әр сөзін жырмен өрнектеген ақын болыпты. Бірақ сол Ұлбикенің он жастан асқанша тілі шықпай, анасы байғұс пұшайман болып жүрсе керек. Он жастан асқанда тілі шығып, тақпақтап сөйлейтін болыпты».

Біздің заманымызда ақынның өмірін зерттеген филология ғы­лымының докторы Сәрсенбі Дәуітұлы (Ұлбике ақынның айтыстарын араб әріпінен кириллицаға түсірген) өз зерттеулерінде: «Ақын қыз он екіге дейін сөйлемей тек он екі жасқа келгенде өлеңмен сөйледі» деуі де осы бір деректі растай түседі. Ұлбике өзімен айтысқан Мәделі ақынға:
Әудемжармен әуелі үкімді аштым,
Он екімде өлеңмен тілімді аштым.
Он үшімде өзіңдей бозбаламен,

Жұмбақ айтып өлеңмен жаға­ластым, – деуі де тілінің кеш шық­­қанын, ба­ла жастан жырды жанына се­рік еткенін айғақтай түседі. Жас­­­тайынан ақындығымен та­нылған Ұл­­бике Жангелдіқызы әнші, дәу­лескер күйші, мықты домбырашы бол­ған. Тағ­дырлы ақын туа бітті талантымен халықты тамсандырып, айтысуға келген талай ақынды шаң қаптырған, ұтымды сөзімен, ұтқыр жауаптарымен елді таңқалдырған. Оның бойындағы бұла таланты буырқанып, қызыл тілге құйылған. Мұны көрген халық «ақынның көмейіне өлең ұялаған» деп бағалаған екен. Оны Кү­деріқожамен, Таспақожамен, Май­­­лықожамен, Сері­әлі­қожамен, Мә­­де­лімен, Жан­келмен айтыс­тарынан анық байқауға болады. Қазақ­­с­­танның еңбек сіңірген қай­раткері Мейрамбек Төлепбергеннің «Ұлы даланың ақ періштесі» атты ма­қаласында былай дейді: «...Ұлбике ақынның атақ-даңқы өзі небәрі 24 жыл өмір сүрген ХІХ ғасырда Сырдария мен Қаратаудан асып, Сарыарқа мен Ақжайыққа дейін кеңінен жайылғанына анық көз жеткізуге болады. Бұла талан­ты буырқанып, қызыл тілге құйыл­ған, қызғалдақтай құлпырған бой­жет­кеннің бақыты да, соры да өнер жолында болған екен. Ел ау­зын­да сақталып қалған әңгімелер мен мұрағаттық қолжазбалар оның ақын­дығын жете танытса, қайым айтыс өнеріндегі тапқырлығы мен шешендігі тәнті етеді. Көзге ұрып көрініп тұрса да, ақынның жанашыр іздеушісінің болмауынан оның мұра­сы арнайы зерттелмей, қағыс қал­ғанын мойындауға тура келеді. Әйт­песе, Ұлбике ақын жөнінде ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың өзінде-ақ жеріне жеткізіп айтқан шоқтығы биік ғалымдар аз болмаған екен. Соған қарамастан, бізде осы кезге дейін айтыскер ақын қыздардың, өнер қай­рат­керлерінің шығармашылық өмір­­баянының жазылмауы қазақ әде­биеті ғылымындағы ең үлкен олқылықтардың бірі болып келгенін жасыруға болмайды».

Қазақ ауыз әдебиетінің бай мұрасының басын біріктіріп, зерт­теген, жинақтаған Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің айтуынша Ұлбикенің әкесі Жангелді – дәулетті, өлең-сөзге аса жүйрік, ақын кісі болыпты. Қыздың шешесі Жаңыл да ойлы, сөзге шешен, ақындар айтысында алдына жан салмаған талантты жан болған екен. Қазанғап Байболұлының «Төле бидің тарихы» (1941ж) атты дастанында Жангелді ақын мен Жаңыл ақынның жыр айтып, өлеңмен сөз қағыстыруы осы деректі дәлелдей түседі. Ақындық өнер терең тамыр жайған, әсем де сұлу әлемімен үйлескен отбасында жырмен сусындап өскен Ұлбике де тұлымшағы желбіреген бала кезден көзге түсуінің өзі кездейсоқ емес екенін анық аңғаруға болады. Сол заманда Сыр өңірінде аты белгілі болған Базар жырау, Марабай, Нысанбай, Тұрмағанбет, Ешнияз секілді ақын-жыраулар мен көмейі бүлкілдеп, жырға толы кеудесінен жыр пырақтары ұшқан өнер дүлдүлдеріне толы болатын. Ән мен жырдың бесігінде тербеліп өскен Ұлбике қыздың алғаш кіммен өнер сайысына түскені, кіммен сөз қағыстырғаны белгісіз. Бірақ ақынның өмірбаяндық деректері мен айтыстарын жазып, асыл қазынаға үлес қосқан Мәшһүр Жүсіп Көпеев пен Әбубәкір Диваевтың қолжазбаларында ақынның қолына домбыра алып, өнер додасында жүрексінбей, бірден жарқырап көрінуі анық айтылған. Ұлбике ақынның:
Бес жасымда ше­шеме болдым шы­­рақ,
Се­­гі­зім­де әкеме қойдым құлақ.
То­­­­­ғыз жасқа келгенде үрдей болып,

Өлең айттым Наурызда үй жағалап, – деуі­нің өзі ерте ашыл­ған талантын, жыр­мен өрілген ғұ­мы­ры­ның бас­тауында қаншама сыр жатқанын аңғартса керек. Жыр алыбы Жамбыл: «Өлең кірген түсіне, жөргегінде мен болам» деп жырласа, ақын­дық өнерді бойына сіңіріп өскен Ұлбике ақын:

Мон­шағымның әр тасы бір өлең-ді, Бесігімде үйренгем бар өлеңді, – деп тол­ғанады. Ұлбике ақын жұлдыздай жар­қырап, талантымен дү­йім жұрт­ты тамсандырғаны соншалықты оның Күдеріқожамен айтысы 1870 жылы орыс ғалымы В.Радлов құрастырған «Түркі тайпалары халық әдебиетінің үлгілері» деген тарихи кітапқа енген. Сөйтіп, құнды дерек, қымбат мұра ретінде бізге жеткен. Ұлбике Жангелдіқызы жайлы аса көрнекті халық жазушысы Қалтай Мұхамеджанов та жүрген жерінде: «Ақынның өзі айтысқан небір мықты ақындардан басым түсіп, айтыс өнерін халыққа танытқан нағыз сөз шебері» – деп атаса, Шерхан Мұртазаның: «Үлкен дүниеге көркем туындыға сұранып тұрған тұңғиық әлем және терең тағылым» деуінің өзі Ұлбике ақынға берілген зор баға деп білеміз. Сондай-ақ Шерхан ағамыз:

«Он екі жасына дейін тілі шықпаған бүлдіршіннің алғашқы үні өлең сөзбен ашылғаны – аса биік Құдіреттің ісі...» дейді. Тереңөзек (кейбір деректерде Қараөзекте деп те айтылады) табанында туып, көне Тараздан топырақ бұйырған дара тұлғалы ақынның тағдыры аянышты аяқталады. Осы Сыр бойында дүние есігін ашып, тал бойына біткен бұла таланты енді ашыла бастаған шақта Есмырза би бастап, бүкіл әулетімен Әулиеата жеріне көшіп барады. Бұл жайлы Ұлбике:
Төменнен жеті көшіп, өрге келдік,

Жеті әулие тоғысқан жер­ге кел­дік, – деп тол­ғайды. Ұл­­бике Жангел­діқызы арнайы оқып, білім аламаса да жастайынан өз­дігімен ізденіп, оқу, білімді игерген, сауатты, ой-өрісі кең адам болған. Білім деңгейінің биіктігі сондай, онымен айтысуға өзге ақындар үлкен дайындықпен келеді екен. Күдеріқожа мен Таспақожа, Ер Көшектің балалары ағалы-інілі ақындар. Сол Күдеріқожамен Ұлбике ақын үш рет айтысып, бірде жеңіліп, бірде жеңіп, таразы басы кейде тең түсіп отырған. Бірде Ұлбике Шет (Жезқазған) қаласындағы базарға мал айдап барған әкесімен ере барып, базарлап қайтса керек. Ұлбикенің сапардан оралғанын естіп, Күдеріқожа базарлық сұрай барыпты. Күдері:
Ұлбике, үздік шықтың қазағымнан,
Күн күліп, ай жасқанар ажарыңнан.
Дәметіп базарлықты келіп тұрмын,
Не әкелдің Шеттің
барып базарынан?
Ұлбике:
Қожеке-ай, қуанасың жүзім көріп,
Көзіңе көзім түссе қалмайды ерік,
Әкелдім базарлыққа саған арнап,
Әдемі құндыз жаға қызыл бөрік...
Күдері:
Ұлбике-ай, сөйлейсің-ау сөзді кері,
Жігіттің қайда қалмас ащы тері?!
Үлкені үш баламның жалаң
бас жүр,

Бөркіңді кигізейін, әкел, бері, – дегенде Ұлбикенің шешесі тыңдап отырса керек, «Ал, бере ғой, бөркіңді, жеңілдің», – деп реніш білдіріпті. Осы жолы Ұлбике жеңілгенін мойындап, Күдерінің иығына шапан жауып, құндыз бөрік кигізіпті.
Зерттеуші ғалымдар Күдері мен Ұлбикеге дейін ешқандай айтыс болмағанын айтады. Демек,

Ұлбике Жангелдіқызы қазақтың қайым ай­тысының ұшар басындағы алғашқы қарлығаш десек, артық емес. Ұлбикенің зердесінің мықтылығы, алғырлығы мен тапқырлығы алдында ақындар бас иген көрінеді. Онымен айтысуға барғанда зор дайындықпен барған деседі. Ер Көшек баласы Күдеріге: «Балам, Ұлбикемен айтысамын десең, Бұқараға барып, үш жыл оқып кел, әйтпесе, онымен сөз қағыстырып әуре болма» деген көрінеді. Сонда Күдері әкесіне: «Ұлбикені тоқтататын бір ауыз сөз тауып бер» деп өтініш айтқан көрінеді. Сонда әкесі: «Жиырма тоғыз ғаріпті бір-ақ ауыз өлеңге сыйдырып айт. Екі ғаріпті қалдырып кет, соның қалғанын Ұлбике ақын білсе, одан ары қарай айтысу бекер. Оның өкпесінде өлең жазылған» депті.
Кезекті айтыс кезінде Күдері әкесі айтқандай «шын» мен «жиымды» сөзден аяқсыз қалдырып, өлеңмен айтқанда, аңғарымпаз ақын қыз:
Қожеке, өлең айттың, кітап аштың,
Жау қуды ма, асығып, неге састың!
«Шын» мен «жиымды» қалдырып,
қара басып,
Құранды аяғыңа қалай бастың? –
деп сол жолы Күдеріні жеңген екен.

Қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов «Сырдария» кітап­ханасы сериясымен жарыққа шыққан «Ер қанаты» атты кітабында Ұлбике Жангелдіқызы жайлы айтады. Оның Күдерімен айтысынан үзінді келтіре отырып, «Бес ғасыр жырлайды», «Айтыс» кітаптарына белгілі се­бептермен кірмей қалған айтысынан үзінді келтіреді.
Ұлбике:
Бәйтерек қурай-қурай көсеу болар,
Арғымақ ари-ари мешеу болар.
Қожеке, ақын болсаң сөз сұрайын,
Жұлдызың аспандағы
нешеу болар?
Күдері:
Арзанды қымбат пенен
сатқан білер,
Ащыны тұщыменен татқан білер,
Мен сендей жұлдыз санап
көргенім жоқ,
Өзіңдей шалқасынан
жатқан білер.
Ұлбике:
Арғымақ ари-ари мешеу болар,
Бәйтерек қурай-қурай
көсеу болар.
Қожеке, ақын болсаң сөз сұрайын,
Құйрығы ту байталдың
нешеу болар?
Күдері:
Ендеше сүмбіле еді, сүмбіле еді,
Туғанын сүмбіленің кім біледі.
Мен сендей құйрық санап
көргенім жоқ,
Өзіңдей арқан ескен күң біледі.

Менің қолымда Қадыр Мырза Әлидің 10 томдық шығармалар жинағы бар. Бұл кітапқа 2 бөлімді, 5 көріністі «Мың бір мұң» трагедиясы да кіріпті. Бұл драмалық шығарма негізінен Ұлбике ақынға, оның өміріне, шығармашылығына арналған. Оны тебіренбей, көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Ақын өмірінің ең азапты, аянышқа толы сәттері де сол тұрмысқа шыққаннан кейін басталады. Жастайынан атастырылып қойған ақын қыз ұзатылғаннан кейін, өнерден, өлеңнен еш хабары жоқ нойыс Бойтанның талабымен домбыра шертуді, айтысуды қойып кетеді. Бұл жайлы Ұлбике ақын: «Тұнжыраған тіршілік, өліп барам тұншығып» деп аһ ұрады.
Таспақожамен айтысында Ұлбике ақын Бойтанның адымын аштырмай, әр басқан қадамы аңдулы екенін білдіреді.
Әркім аттар шамалап арығынан,
Тамшы тамар тостақтың
жарығынан.
Екі аяқты еркекте мін болмайды,
Қызда аңғарар жігітті парығынан.
Жастай өскен жерімде
бағыланмын,
Ұзап кетсем елімді сағынамын.
Қабыланның қолына түсіп қалдым,
Жазғанына жазмыштың
не қыламын?!
Көшкен елдің жақыны, ұзағы бар,
Таулы-тасты шөл дала құзары бар.
Қайда барсам, жолымды
кес-кестейтін,

Құрып қойған Бойтанның тұзағы бар, – деуінен көп нәрсені аңғаруға болады. Десе де, қатар құрбы, жыр сүйер қауым, оны үйіне іздеп келетін болған. Қолқалап айтысуын, домбыра тартуын өтінеді екен. Осындай кештерден кейін ақын қыз үнемі таяққа жығылып, басы жарылып, азапты күндерді басынан өткеретін болған. Мына өлең жолдары оның осындай аянышты күндерін ойға түсіреді.
Ішімде менің мың бір мұң,
Бойжетіп және үлгердім.
Кеудем бір толы күй еді,
Бүгінде қуыс үңгірмін.
Ішімде менің мың бір мұң.
Ішімде менің мың бір мұң,
Ұмыттым күлкі сыңғырын,
Ұстаймын кімнің қолынан,
Кетеді кімде шылбырым.
Ішімде менің мың бір мұң.
Ішімде менің мың бір мұң,
Түсіме менің кім кірді.
Өңімде мені кім қорлап,
Тұншығып жаным, шыңғырды,
Ішімде менің мың бір мұң.

Иә, ақын жанын түсінбеген, түсінгісі келмеген Бойтанның түптің түбінде ақын өмірін қиярын кім білген?! Қазақтың белгілі ақын қызы Күләш Ахметова «Қайсар дарынның жауһар мұрасы» деген мақаласында: «Қаршадай қайсар ақынның қатал заманда жүрегі дауалап, топқа түсіп, бетіне жан қаратпай жарып шыққаны, төпеген тіл мен өртенген өсекке төтеп беріп, өнер үшін, азаттық үшін дара күрескені, ақырында, жауыздың қолынан небәрі 24 жасында мерт болып, өлім құшуы ерлікпен пара пар емес пе» деп жазады.

Тағы бірде Ұлбикенің ауылына көрші ауылда қыз ұзату тойы өтетін болады. Бойтан әдетінше серілік құрып, қыдырыстап кетеді. Ұлбикенің қайындары мен қайынсіңлілері одан тойға баруын, айтысқа түсуін, өлең айтуын өтініп, бәйге алып, ауыл мәртебесін көтеруді сұрайды. Ұлбике болса, күйеуіне серт бергенін, уәдені бұзбайтынын, оның рұқсатынсыз тойға бармайтынын, өнер сайысына түсе алмайтынын айтады. Жастар оның бұл уәжіне келіспей: «Егер атаң рұқсат етсе барасың ба» дейді. Сонымен жастар рұқсат алып, Ұлбикемен бірге тойға барады. Ақындардың ешбіріне дес бермей, жүлдені де алып, құрмет-қошеметке бөленген Ұлбике тойдан көтеріңкі көңіл күймен келгенде, алдынан қаһарына мінген Бойтан шығып, қақ маңдайдан ұрады. Сол алған жарақатынан қансырап, үш күн жатып, Ұлбике ақын жан тапсырады. Бұл кезде ол небәрі 24 жаста еді. Ұлбикенің төркіні ошақтылар сіргелілерден құн даулайды. Екі жақтың ақсақалдары өзара кеңесіп, құн дауын шешуді діни ғұлама би, оқымысты Күдеріқожаға тапсырады. Ол халыққа қарап: «Құнды бидің билік жолымен немесе Пайғамбардың шариғат жолымен шешейін бе» деген сұрақ тастайды. Сонда халық шариғат жолымен шешуді таңдапты. Сөйтіп Ұлбикенің денесін сойып, өкпесін ашып көргенде, жыпырлаған жазуды көреді. Мұны көрген би Ұлбикенің құнына Бойтанды өмірлік құл етуге, 150 жылқы, 18 «жақсы» төлеу жайлы үкім шығарады. «Жақсы» деген қалы кілем жабылған түйе бастаған қазақтың тоғыз ең асыл мүлкі. Бұл үкімге екі жақ та риза болып тарасыпты.

«Бұл қазақтың билік тарихында үш ердің құны болып саналады. Сол кездегі заңдарда (Қасым ханның Қасқа жолы, әз-Тәукенің Жеті жарғысында) әйелдің әулиесіне бір ердің құнын кесу белгіленген. Ал үш ердің құны тек қана үш жүздің ханына, не бас қолбасшысына ғана бұйырған. Күдеріқожа қазақтың билік тарихында шариғат ұйғарымын пайдалана отырып, мұсылман конституциясы – Құранға жүгініп, әйелге Ұлбикедей қазақтың асыл аруына үш ердің құнын кескен тарихи, бірегей билік шығарған» деп жазады қазақтың қоғам қайраткері С.Шаухаманов.

Үстіміздегі жылы қайым айтыстың хас шебері Ұлбике Жангелдіқызының туғанына 200 жыл толады. Мәңгілік тыныстаған Әулиеата жерінде, Тараз қаласында Ұлбике атындағы көше бар. Ақынның аты ұлықталып, Қаратау қаласындағы мәдениет үйіне Ұлбике Жангелдіқызы есімі берілген. 2005 жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында осы мәдениет үйінің алдына ақынға арнап ескерткіш орнатылыпты. Бұл Ұлбике ақынның рухын қастерлеу, оның өнеріне бас ию деп түсіндік. «Дегенмен кіндік қаны тамған Сыр бойында қандай іс-шаралар атқарылды?» деген сұрақ мазалайтыны да рас. Жақында Сырдария ауданы әкімінің осыған бай­ланысты іс-шаралар жоспары бекі­­тіліп, жыл көлемінде ауқымды іс-шаралар өтетінін естідік. Осы іс-шара­лар аясында ақын есімін ұлықтап, есте қалдыру үшін көшеге немесе бір мәдени нысанға аты берілсе деген ұсынысымыз бар.

Сәуле ЕРІМБЕТ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Фото: qazaqadebieti.kz
04 ақпан 2025 ж. 42 0