Бала қауіпсіздігі – басты назарда
Балалар қауіпсіздігі – аса маңызды мәселе. Бұл тақырыпқа Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында арнайы тоқталып, мәселені шешу жолдарын тапсырды.
Әсіресе, жаз айларында орталық алаң мен саябақтарда серуендеп жүрген жасөспірімдерді жиі кезіктіресіз. Заң жүзінде кәмелетке толмаған балалардың түнгі уақытта бей-берекет жүріп-тұруына болмайды. Бұл – ең алдымен жеке бастың қауіпсіздігі.
Осындай мәселенің алдын алу мен жасөспірімдерге қажетті ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында ауданда «Заң – Бала – Қауіпсіздік» жедел профилактикалық іс-шарасы өтті. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің нұсқауына, департамент бастығының бұйрығына сәйкес жүргізілген жұмыс қыркүйек айының 12-15 күндеріне жалғасты. Іс-шараның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында қылмыстың жасалуына жол бермеу және кәмелетке толмағандардың жүріс тұрыстарына бақылау жасау. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандарға түнгі уақытта ойын-сауық орындарына бармау және алкогольдік немесе темекі бұйымдарды сатуына және қолдануына болмайтыны туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Және кәмелет жасқа толмаған балаларға белгіленген уақыттан кейін заңды өкілдерінің қарауынсыз көшеде және ойын-сауық орындарында бей-берекет жүрмеуі ескертілді. Бірнеше күнге созылған іс-шара барысында қылмысқа бейім, тәртібі қиын балаларды полиция органдарының есебіне алу жұмыстары да атқарылды.
Профилактикалық іс-шара барысында сала мамандары түнгі рейдтік жұмыстар жүргізді. Сондай-ақ аудан мектептері мен Сырдария аграрлы-техникалық колледжіне арнайы бас сұғып, түсіндірме жұмыстарын өткізді. Жедел профилактикалық іс шара барысында аудандық білім бөлімі, жастар ресурстық орталығының мамандарымен бірлескен түрде Сырдария АПб мамандары түнгі рейд жұмыстарын жүргізді. Іс-шара барысында арнайы топ жастар көп шоғырланатын компьютерлік клуб, дүкен, кафе, саябақтарды аралап, жасөспірімдердің заңды өкілдерінсіз жүрмеуінің алдын алды. Арнайы мамандардан құрылған топ ата-аналар мен балаларға, кәсіп иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тиісті ақпарат берді.
– Бала қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Жасөспірім шағында бала кез келген әдетке тез икемделгіш болады. Сол кезде оларға дұрыс бағыт-бағдар беру маңызды. Бұл жерде ең алдымен үйдегі ата-анаға жүктелер жауапкершілік зор. Одан кейін тәртіп сақшыларының, білім беру ұйымдарының қатысуымен түрлі іс-шаралар өткізіледі. Арнайы жедел профилактикалық іс-шара барысында түнгі уақытта балалар мен ата-аналарға түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар сала мамандары аудан орталығындағы білім ордаларына арнайы барып, жоғары сынып оқушыларымен және студенттермен арнайы кездесу ұйымдастырды, – дейді Сырдария АПб-нің ЖПҚб-нің Ювеналды полиция тобының учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Гүлістан Жұмабек.
Айта кетейік, жедел профилактикалық іс-шараның соңғы күнінде Сырдария аграрлы-техникалық колледжі студенттерімен кездесу ұйымдастырылды. Сала мамандары білім алушыларға құқық бұзушылықты болдырмау, жол ережелерін сақтау, бопсалау, зорлық-зомбылық, әлімжеттік пен суицидтің алдын алу және басқа мәселелер бойынша бағыт-бағдар берді.
А.МҰХАНБЕТҚАЛИ