Еңбек майталмандары – марапат төрінде
Елімізде қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Еңбек күні мерекесі аталып өтіледі. «Еңбек еткенге бақыт басын иеді», «Еңбек – ырыстың қазығы» дейді халық даналығы.
Мемлекет басшысы әр Жолдауында еңбек адамына қолдау көрсету жайын сөз етеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Еңбек күні қарсаңында облыс орталығында ауқымды іс-шара өтіп, онда ауданымыздың еңбеккерлері де марапатталды.
Атаулы мереке қарсаңында ұйымдастырылған «Адал азамат – Адал еңбек» атты салтанатты іс-шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұзақ жыл бойы адал жұмыс істеген мамандарға құрмет көрсетті. Мерекелік жиынға Парламент депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев және еңбек адамдары қатысты.
– Бұл мереке – адал еңбегімен, маңдай терімен ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан сіздерге деген құрметтің көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда, халыққа арнаған Жолдауларында кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы, еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуы тиіс екендігін әрдайым айтып келеді. Биылғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Алдағы уақытта техникалық және кәсіптік білім берудің маңызы арта түсері сөзсіз. Өйткені, экономиканы өркендетуге білікті мамандар қажет. Аймақтың еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың ұзақ мерзімді болжамын анықтау үшін мамандықтар атласы әзірленуде, – деді аймақ басшысы.
Мерекелік басқосуда еселі еңбек етіп, ел алғысына бөленген азаматтарға облыс әкімінің Алғыс хаты мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Біліктілігімен, өз ісіне жоғары жауапкершілігімен сый-құрметке бөленген 10 азаматқа 400 мың теңгелік сертификат және 10 азаматқа шипажайға жолдама берілді.
Марапат төрінен көрініп, ұзақ жылғы еңбегінің мерейін көргендер қатарында «Сырдария орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің» орманшысы Кәдір Рахымжанов пен «Сырдария аудандық ауруханасы» ШЖҚ КМК-ның Ақжарма дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелі дәрігері Айгүл Тәуекелова бар. Еңбек күні қарсаңында облыс әкімінің қолынан алғыс алған жерлестеріміздің абыройы артып, мерейі артты. Аудан экономикасының алға жылжуына өз үлесін қосып жүрген Кәдір Әлібекұлы 35 жылдан бері орман шаруашылығы саласында адал еңбек етіп жүр. Ал ақ халатты абзал жан Айгүл Кемалбайқызы 30 жылдан бері адам жанына араша болып келеді. Атаулы күн қарсаңында орман шаруашылығы саласының білікті маманы қаржылай сыйлыққа, денсаулық сақтау саласының абыройлы маманы шипажайға жолдамаға ие болды.
Іс-шарада Қызылорда облысының құрметті азаматы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Қорғанбек Қайруллаев, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов облыс тұрғындарын мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, Қазақстанның Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев сөз сөйлеп, жерлестерін қажырлы еңбек етуге, үздіксіз дамуға шақырды. Өз кезегінде ел алғысына бөленген еңбек адамдары облыс басшылығының қолдауына ризашылықтарын білдірді.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ